Мемлекет тұтастығына дәстүрлі емес діни ұйымдардың кері әсері

Қазақ халқының ежелден ұстанатын діні - ислам. Тарихи деректерге сүйенсек, ата-бабаларымыздың ислам дінін қабылдағанына шамамен 1200 жылдан аса уақыт өтті. Содан бері ислам діні қазақ жерінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, бүгінгі күнге дейін қазақтың бөлінбес еншісіндей болып келді. «Малым - жанымның, жаным - арымның садағасы» деген қазақ халқы небір қиыншылық, зобалаң замандарда да ислам дінін тастап, басқа дінге кеткен жоқ. Тіпті, кешегі қылышынан қан тамған кеңес дәуірінде де қазақ халқы толықтай діннен хабардар болмаса да, әйтеуір мұсылманбыз деп жүрген.

Қазақстан тәуелсіз ел болып жарияланған соң, дін бостандығы жаңа арнаға түсіп, Қазақстан Республикасы өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Конституциямызда: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет ретінде өз азаматтарының заң жүзінде діни сеніміне, таңдауына және ұстану құқығына кепілдік береді.

Мемлекеттің басты заңына сәйкес, діннің және діни бірлестіктердің әлеуметтік қызметтерін реттеудің, халықаралық тәжірибелеріне негізделген өзге де бірқатар нормативтік-құқықтық негіздер бар. Дегенменде, діннің мәртебесі, оның қоғам өміріндегі шынайы жағдайы мен рөлі, яғни діннің қоғамның әлеуметтік-саяси, рухани салаларына тигізер әсерінің мәртебесі, кеңістігі және шекаралары қазірге дейін дәл анықталмаған. Осындай белгісіздік, әсіресе, оның теріс салдары еліміздегі қазіргі діни жағдайда орын алған жаңа үрдістерге байланысты анық та, айқын аңғарылуда.

Қазіргі таңда ел ішінде іріткі салып, халықтың патриоттық сезімін құртып, мәңгүрт етуге тырысып жатқан дәстүрлі емес діни ұйымдардың көбі христиандық бағыттағы діни ұйымдар (протестанттық діни ұйымдар) болса, арасында арагідік шығыстық дәстүрлі емес діни ұйымдар да (иогтар, кришнаиттер т.б.) кездеседі.

Негізінен, өзге діндердің Қазақстан аумағына орналасуын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:

Бірінші кезең - III-XIV ғ.ғ. Бұл уақытта Орта Азияда және Қазақстанда мелькиттер, яковиттер, несториандар, армяндық Апостоль шіркеуі және католик шіркеулері алғаш орын тепкен.
Екінші кезең - ХVIII-ХХ ғ.ғ. басы. Қазақстанның орыс патшалығының қол астына қараған кезі. Бұл кезеңде Ресей империясының шекарасы ресми белгіленіп, картасы сызылып бекітілген соң, патша үкіметі бұрынғы уақытша ислам дінін тарату саясатынан бас тартып, 1862 жылдан бастап ресми түрде қазақ халқын шоқындыру, сол арқылы біртіндеп орыстандыру (христиандандыру) саясатын ашық жүргізе бастады (Мырзахметов М. "Қазақ қалай орыстандырылды").

Бұл саясат кеңес үкіметі тұсында да жалғасын тауып, Қазақстанға жер аударылғандар да өз діндерін қоса әкелді. Христиан дінінің тармақтары (католицизм, лютерандық, менониттер, баптистер, адвентистер т.б. келе бастауы - соның куәсі.

Үшінші кезең - еліміз тәуелсіздік алған жылдары. Осы кезеңде қоғамдағы идеологиялық тұрақсыздықты, сондай-ақ, берілген заңды құқықтық артықшылықтарды ұтымды пайдалануға тырысқан жат-жерлік дәстүрлі емес діни ұйымдар, бұрын соңды кездеспеген діни ағымдар мен секталар (пресветериандық және методистік, протестанттық кон-фессиялар: «Агапе», «Жаңа аспан» діни ұйымдары, «Бахаи» «Сайтан шіркеуі» «Саентология шіркеуі» сияқты т.б. діни бірлестіктер) көптеп орналаса бастады (Иванов Я.Ф., Трофимов В.А. "Христианство в Казахстане").

Кейінгі кезде еліміздегі өзге діни бірлестіктердің ішінде католик, протестанттық және дәстүрлі емес діни құрылымдар өз миссионерлік қызметтерін елімізде белсенді түрде жүргізуде. Христиан діні миссионерлікпен ғасырлар бойы айналысып келеді. Ал енді осы миссионерлікті жүргізудің үш сатылы мақсаты бар. Бұл - еш өзгермейді Біріншісі - христиан дінін жаю, Исаның дініне кірушілердің санын арттыру. Екіншісі - сол елдегі шіркеулер құрылысын салмас бұрын шіркеуді толтыратын маман адамдарды табу, ол үшін сол елдің зиялыларының шығармаларына, мәдениетіне христиандық элементтерді енгізу. Үшіншісі - дамыған батыстық өркениетті христиандықпен бір деп көрсету. Батыс өркениеті мен мәдениетін негізгі өлшем, эталон ретінде ұсыну, еліктіру шарт (Кенжетай Д. Шахановтың жан айқайы немесе «дін туралы заңымыз» қазақтар үшін жасалған ба? Иассауи жолы).

Миссионерлік – негізінен, діни ілімдерін таратуға арналған діни және саяси қызмет сонымен қатар шағын мәдениетті, этносты өзінің табиғи бейнесінен айырып, ассимилияцияға ұшыратудың таптырмас құралы. Миссионерлік ұйымдардың шоқындыру саясаты Африка және Азия халықтары арасында қарқындап, мақсатты түрде жүргізіліп отырды. Миссионерлік ұйымдарға бірқатар елдердің мемлекеттік құрылымдары қайырымдылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар, қаржылық топтар материалдық және моральдік тұрғыдан көмектесіп, ортақтаса жұмыс істейді. Миссионерлер баратын елдің дінін, тарихын, әдет-ғұрпы мен психологиясын зерттеп, біліп барады, жергілікті халық басым елді мекендерде тұрып, сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын өз қызметтерін табысты атқару үшін жетерліктей деңгейде зерттеп, үйренеді (Бұлұтай М. "Дін және ұлт"). Бұған байланысты әйгілі миссионер Чарльздің: «Мұсылмандарға жақындау үшін олардың дін тілін қолданыңдар. Құранның ішінен христиандыққа зияны жоқ аяттарды алып қолданыңдар. Әрі мұсылмандардың жұма құлшылығына параллель жұма уағыздарын ұйымдастырып, үй шіркеулерінің лидерлері имам секілді көрінуіне болады. Үй шіркеуіне кірерде: аяқ киім шешу, мұсылмандардың діни рәсімдеріне ұқсас рәсімдер ұйымдастыруға болады» деген сөзі жақсы мысал бола алады (Бұлұтай М. Қазактың ұлттығына нұқсан келтіретін диссертацияларға әрқашанда қарсы боламыз "Заң" газеті.). Шынында, миссионерлер діни уағыздарын қай ұлттың өкілі басым болса, сол тілде жүргізетіндігін көріп отырмыз. Сондай-ақ, рәсімдерінде айтылатын діни әндерін домбыра, қобыз, сыбызғы секілді ұлттық музыка аспаптарының сүйемелдеуімен орындайды. Миссионерлердің үгіт-насихат құралы да, материалдық техникалық базасы да тиісінше қамтамасыз етілген.

Қазіргі таңдағы маңызды болған мәселенің бірі, бұл - дәстүрлі емес діни қозғалыстардың қызметтерін ретке келтіру. Себебі, олардың әрекеттері қоғамда кереғар көзқарастар туғызып келеді. Қоғам мүшелерінің біршамасы өзінің тарихи, дәстүрлі діндерінен шығып, секталардың шылауында адасып жүр. Осының негізінде дәс-түрлі отбасылық және қоғамдық қарым-қатынастарда діни көзқарастарға байланысты түсініспеушіліктер орын алуда.

Осы күні қоғамда кейбір отбасы мүшелерінің түрлі дінге еріп, тоз-тозы шығып жатқанын көріп жүрміз. Адамды адастырушы діндерге кірген кейбір қандастарымыз, өз отбасының ойранын шығарып, ата-анасы, бауырларымен басқаша қатынас жасап, өз сенімін насихаттап және өз көзқарастарына өз жақындарын да мәжбүрлеуде. Өзімшілдікке бой алдырған кейбір бауырларымыз өз үйін, жеке мүлкін сатып, ортақ қауымдық меншіктеріне беріп, отбасылық өмірден (ата-ана, бала-шаға, туыстары) бас тартып, адамды көрсоқырлыққа итермелейтін діни-нанымдардың соңына еріп, өзгелердің қол шоқпарына айналғаны өкінішті. Бұл - дәстүрлі отбасылық өмірді өзгерту. Мұндай діни көзқарастары алуан түрлі жандардың ешқашан бір шаңырақтың астында береке-бірлікте өмір сүре алмайтындығын көріп отырмыз. Отбасы - кішігірім бір мемлекет. Демек, бұл - бүтін бір ұлттың шаңырағын шайқалту әрекеті деп білеміз.

Атақты тарихшы Л. Гумилев: «Бір халықты идеологиялық тұрғыда жаулап алу, қару қолданып, күш жұмсаудан арзан, әрі анағұрлым тиімді» - екенін айтқан. Осы күні алпауыт мемлекеттер әскери күшпен жаулап алудан гөрі ұлтты пассивтендіру әдісін де кең қолдануда. Қазір болып жатқан дәуір идеологиялық күрес дәуірі, саяси тактикалар дәуірі. Оның нақты айғақтары - біз жоғарыда атап өткен, миссионерлік. Тұтас бір халықтың ішіне іріткі салу, халқын фатализмге сүйреу.

Біз, келешек өскелең жас ұрпақты осы бір қатігез «мылтықсыз майданнан» аман сақтап қалуымыз керек. Ал ұлттық мәдениетімізге жат діни ағымдардың көбейіп кетуі, Қазақстан Республикасының дін туралы заңында көптеген жайттардың ескерілмеуінен туындап отыр. Діни ұйымдардың кө-беюі ұлттық ділімізге ғана емес, алдағы уақытта мемлекеттің ішкі бірлігі мен тұтастығына зиян (Аймағанбет Г. "Ұлы - баптист, қызы - евангелист", "Астана ақшамы").

Мемлекет өз азаматтарының конституциялық құқын ескере отырып, оларға дін бағытында жүйелі дінтанулық білім беруді іске асырса, оның жоғарыдағы мәселелерді болдырмауы үшін тиімділігі айқын. Әлем елдерінің дін жолындағы тәжірибелерін ескере отырып, біздің елімізде де зайырлылықтың қазақстандық үлгісін жасау - заман талабы. Дінтану бағдарламасында дәстүрлі әлемдік үш дін және дәстүрлі ұлттық діндер тарихы, сенім, құлшылық және мораль негіздері, діндердің тарихи даму барысы, діни өнер секілді тақырыптармен қатар қазіргі таңдағы дәстүрлі емес діни қозғалыстар туралы да толық мағлұмат берілуі керек. Сонымен бірге, діннің ұлт мәдениетіндегі орны мен қоғамдағы қызметі және рөлі тәрізді тақырыптарды қамтуы қажет. Қазақстан кеңістігінде дінтану мазмұнының басым көпшілігі ислам діні материалдарына, сонан кейін орыс православ конфессиясына берілуі дұрыс, өйткені, ел тұрғындарының басым көпшілігі - мұсылман сүниттер және орыс православ шіркеуі өкілдері, бұл демократия қағидасына нұқсан келтірмейді (Оразбай С. "Зайырлы тұрғыда оқу орындарында дінтанулық білім беру туралы", "Дін және құқық").

Сонымен қатар, мемлекетіміз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетуі тиіс. Бұл - әлемдегі дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде бар. Мысалы, өздерін зайырлы мемлекет ретінде жариялаған Англия іс жүзінде Англикан шіркеуін, Ресей православия шіркеуін, Американың өзі католик діні мен протестанттарға, Египет пен Түркия Ислам дініне қолдау көрсетіп отыр.
Сондай-ақ, белгілі бір идеология мемлекеттік сипат алып, қоғам мү-шелері тарапынан қолдау табуы үшін негізгі екі талапқа жауап беруі тиіс. Біріншіден, ол сол мемлекетте өмір сүріп отырған халықтың мақсат-мүддесімен, болмысына толық сәйкес келгені жөн. Бұл туралы Монтескье: «Заңдар, үкіметтің табиғаты мен қағидаларына, басқару формасына, елдің жағрафиялық факторы мен физикалық қасиеттеріне, жағдайы мен көлеміне, климатына, топырақ сапасына, халықтың тұрмыс тіршілігіне, санына, байлығы мен қабілетіне, әдет-ғұрпына сәйкес болу керек»,- деген. Екіншіден, идеологияның мемлекеттік сипат алуына қажетті тағы бір қасиет - оның сол мемлекет тарихымен сабақтас болып, ұзақ мерзімдер бойы сол қоғамда үйреншікті, жетекші идеологиялық деңгейде болуы тиіс.
Дін - мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық - дәстүрлі діндерінің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.

Б.Қожагелдиев

ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ