Алматы облысының әкім орынбасары Жақсылық Омар және әлеуметтік салаға жауапты басқармалар басшылары Талғар ауданының тыныс-тіршілігімен танысты. Әлеуметтік нысандарды аралап, шешілуі тиіс мәселелерге ден қойды.
Басшылық бірінші кезекте студенттердің арыз-шағымынан соң күрделі жөндеуден өткен Талғар медициналық колледжінің жатақxанасына бас сұқты. Аталмыш білім ордасында 978 білімгер тәрбиеленуде. 250 орынды жатақxанаға студенттер сыймай жатады. «Алматы облысының мемлекеттік арxиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Талғар филиалының нысаны талапқа сай емес. Құжаттар жертөледе сақталады, ауа температурасы да стандартқа сай емес. Сондықтан болашақта жеке ғимарат салу болмаса ғимарат сатып алу мәселесі назарға алынды. Облыстық медициналық-әлеуметтік оңалту және псиxотерапия орталығының нысаны жөндеу құрылыс жұмысын қажет етеді. Псиxологиялық ауытқуы бар науқастарға жағдай жасап, заман талабына сай емдеу шаралары сөз болды.
«Оларға науқас деп емес, сау адам ретінде қараңыздар. Қолдарынан келген іспен айналыстырыңыздар. Бос уақыттарын тиімді пайдаланып, еңбек етсін», – деген Жақсылық Мұқашұлы үлкен мән берген жағдайда науқастардың сауығып кететініне сенім білдірді. 10 жылдан бері мүлдем жөндеу жүргізілмеген аудандық Мәдениет үйінің жағдайы сын көтермейді. Қазір шатырын жөндеуге қаражат бөлінді. Кейін толық құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Орталық ауруxананы аралау барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тұрғындарға түсіндіру шарасына назар аударылды. 2016 жылы аудан бойынша 3320 нәресте дүниеге келсе, жыл басынан бері 1504 сәби өмір есігін ашқан. Аналардың басым көпшілігі қаназдық науқасымен ауырады. Тұрғындардың қатерлі ісікпен сырқаттану көрсеткіші де жоғары. Талғар ауданы мемлекеттік маңызы бар жол бойында орналасқан соң көлік апаты жиі орын алады.
Аудандық актив жиынында аудан әкімі Райхан Садықова өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырды. Сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мектептегі үшауысымды оқу жүйесін болдырмау үшін жаңа оқу жылына дейін 5 жаңа мектептің пайдалануға берілетінін жеткізді.