Желіде оңтүстікқазақстандық мас полицейдің адам пышақтағаны туралы ВИДЕО пайда болды

Instagram әлеуметтік желісіндегі budnikz парақшасында спирттік ішімдік ішіп алып, түн жарымда жұрттың берекесін алған оңтүстікқазақстандық полицей туралы видеоролик жарияланды. Автордың жазуынша, оқиға ОҚО Шолақорған ауылында орын алған.

Видеоматериалдағы жазбаға сенсек, спирттік ішімдікке тойып алған полицей - ОҚО Созақ ауданы ІІБ басшысының орынбасары көрінеді. Ол жергілікті тұрғынның үйіне кіріп, отағасын және оның әпкесін пышақпен жаралапты. Ал, 102 жедел басқару пультіне хабарласып шақыртқан полиция қызметкерлері заң бұзушыны кісендеп алып кетудің орнына оны қорғаштаумен болған. Жазған арызын да өткізе алмаған соң жәбірленуші ақпаратты интернет арқылы бөлісіп отыр.

Жәбірленуші Елнұр Ибрагимов жергілікті полиция тарапынан қысым көріп отырғанын да жазған. Айтуынша, аудандық Ішкі істер басқармасы оның арыз жазбауын, ешқайда шағымданбауын талап етіп отырған көрінеді.