Ләйләнің әңгімесі тек тікелей эфирде ғана әдемі — блогер

Жуырда ғана танымал әнші Алтынай Жорабаева тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы мен оның «Тікелей эфир» атты бағдарламасын жеке отбасылық өміріме қол сұқты деп айыптаған болатын. Енді шымкенттік заңгер әрі блогер Айгүл Орынбек те Ләйләнің екіжүзділігі туралы айтып отыр.

Фото: youtube.com

Өзінің Facebook-парақшасында А.Орынбек Ләйлә Сұлтанқызы жүргізген «Әйел бақыты» бағдарламасына қатысқан шағын еске алған.

«Алтынай Жорабаева дұрыс айтады. Шоу-рейтинг үшін бұлар адам өлтіруге дейін барады. Астанаға құлдықтағы қыздармен "əйел бақытына" барғанымызда, қыздарды вокзал түбіндегі бір бөлмелі сасық пəтерге жайғастырған болатын. Түсірілімнен кейін мен сот процесіне кеттім. Кешке қыздардың жағдайын білу үшін Айданаға хабарластым. Қыздар өздерінің аш отырғанын айтты. Дереу жейтін тағамдарын алып пəтерлеріне бардым. Подъезге кіргеннен сасық иіс мүңкіп тұр. Сегіз қыз екі жігітті тар бөлмеде масаға таланып аш отыр екен», — деп бастады сөзін ол.

Бағдарламаға шақырған ұйымдастырушыларға хабарласпақ болғанда, Айгүлдің қоңырауына ешкім жауап қатпапты. Тек сол күні Facebook әлеуметтік желісіне осы жайт туралы жазған кезінде ғана жан-жақтан қоңыраулар түсіп, жазбаны өшіріп тастауды өтіне бастапты.

«Жазбамды өшірмедім. Себебі, қыздардан продюсердің қоқан-лоқы жасағанын естіп, одан сайын қатты ашуым келді. Қыздарды шақырғанда "қонақ үй мен жол ақыны өзіміз көтереміз" деген екен. Қыздардың бəрі ол кезде жұмыссыз, бір екеуінің жол ақысын өзім көтерген болатынмын. Қыздар келген соң "сасық пəтерге жатпаймыз, бағдарламға түспейміз" деп шу шығарған. Сонда продюсер "билеттеріңді өткізіп жібереміз, жаяу қайтасыңдар" деп қорқытқан екен қыздарды. Бағдарламалары біткен соң қыздардың қарны тоқ па, аш па жұмыстары болмаған. Сасық пəтерге əкеліп тастап, поезд уақытын күтуді бұйырған», — дейді Айгүл Орынбек.

Ол сондай-ақ, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының эфирде басқа, шынайы өмірде мүлдем басқа адам екенін де айтып салды.

«Лəйлəнің əңгімесі тек тікелей эфирде əдемі екенін. Ал, шынайы өмірде адамның аузына бір тамшы су тамызуға жарымайды екен. Əйтпесе түнгі бірге дейін кафеде қыздармен поезд күтіп отырдық, келіп кешірім сұрап, қазақ қызы ретінде қыздардың жанынан табылуы керек еді. Адамдардың басындағы қайғы біреулерге рейтинг шоу болуы мүмкін, ал мен үшін қазақты қазақ қорлап жатса үлкен қасірет», — деп сөзін түйді шымкенттік заңгер.

Еске салайық, Ресейде құлдықта болған оңтүстікқазақстандық қыздар туралы бағдарлама жаз айларының бірінде эфирге шыққан болатын.