Маңғыстау облысы су тасқынынан зардап шеккен мақтааралдықтарға гуманитарлық көмек көрсетуде

Маңғыстау облысы Мақтаарал ауданына 77,5 тонна жүк жіберді. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте мәлім болды.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп, қолдау білдіру мақсатында Маңғыстау облысында гуманитарлық көмек жинау пункттері ұйымдастырылды.

Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нұртас Сали хабарлағандай, пункттерде жүк жинау жұмыстары 4 – 9 мамыр аралығында қалалар мен аудандардағы жастар ресурстық орталықтарының базасында және ірі азық-түлік дүкендері мен базарлардың алдында жүргізілді.

Гуманитарлық жүктің ішінде ұзақ сақталатын азық-түліктер, киім-кешектер мен төсек-жабдықтар, дәрі-дәрмектер және гигиеналық құралдар қамтылды.

Алғашқы гуманитарлық көмек 7 мамыр күні Мақтаарал ауданынан ең шалғай өңір Жаңаөзен қаласынан жөнелтілді. Жалпылай есептегенде 7,5 тоннаға жуық гуманитарлық жүк жіберілді.

Екінші гуманитарлық көмек 9 мамыр күні Ақтау қаласынан және Бейнеу, Мұнайлы, Қарақия аудандарынан жіберілді. 2 фура және 14 газель автокөліктерімен жалпылай есептегенде 70 тоннаға жуық гуманитарлық жүк мақтааралдықтарға жөнелтілді.

«Жалпылай алғанда, осы аралықта 77,5 тоннаға жуық гуманитарлық жүк Маңғыстау жұртшылығы атынан Түркістандықтарға жеткізілді», — деді Нұртас Сали.

Бүгінгі күні Түркістан облысында арнайы жүк жинау қоймалары ұйымдастырылып, тұрғындарға тарату жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, өңірдегі жастар ресурстық орталығының басшысы Абылай Фазылбек мәлімдегендей, Маңғыстауда еріктілер корпусы су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының тұрғындарына 5 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинаған болатын.

Түркістан облысында орын алған төтенше жағдайдың алғашқы күнінде Маңғыстау облысындағы барлық жастар ресурстық орталықтары базасында гуманитарлық жүк жинау штабы құрылған еді. Нәтижесінде өңірдегі волонтерлар корпусының көмегімен 5 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды. Оның 2 тоннасы облыстық штабта, 3 тонна аудандық штабта жиналды.

«Сонымен бірге өңіріміздің ірі сауда орындарының алдынан жүк көлік жүргізушілерінің бастамасымен, кәсіпкерлердің көмегімен жинау пунктері жұмыс жасады. Нәтижесінде ел азаматтары мен қала тұрғындарының көмегімен 77,5 тонна гуманитарлық жүк жиналды. Аталған гуманитарлық жүкті сұрыптау жұмысына облыстық волонтерлар корпусының волонтерлары жұмылдырылды», — деді Абылай Фазылбек.

Оның айтуынша, еріктілер корпусының бастамасымен облыс тұрғындарын игі іске жұмылдыру мақсатында әлеуметтік желіде ақпараттық жұмыс жүргізілді. Инфографикалар жасақталып, онлайн төлем жасау жолдары түсіндірілді.

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», осындай төтенше уақыт кезінде ауызбіршілік танытып, қолдау білдірген барша облыс тұрғындарына, жүк көлік жүргізушілеріне, кәсіпкерлерге, жастар мен волонтерларға өз алғысымызды білдіреміз», — дейді МО жастар ресурстық орталығының басшысы.