Бүгін еріктілер демеушілер есебінен алынған «Боброва» аппаратын емдеу мекемелеріне жеткізді. Бұған дейін де 10 аппарат демеушілер тарапынан алынып, емдеу мекемелеріне табысталған.
«Егер оттегін адамға тікелей жіберсе, кеудесін күйдіріп жібереді. Сондықтан адам ағзасына қажетті оттегі мөлшерін өткізіп отыратын «Боброва» аппараты қажет. Бұл құрылғы оттегі жолдарын ылғалдандырып, қабылдауға дайындайды. Таяуда меценат көмекке берген 2 млн теңгенің 1 млн 600 мың теңгесіне осы аппараттың 10 данасына тапсырыс бергенбіз. Қалған 400 мың теңгесін оттегіге жұмсадық. Бүгін құрылғы келді. Оны емдеу мекемелеріне өткіздік», – деді еріктілер тобының жетекшісі Ләззат Бақтыбаева.
Айта кетейік, бүгін құрылғыларды жеткізіп беруде Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан бөлінген 3 автокөлік пайдаланылды.
Еріктінің мәліметінше, қазіргі таңда облыстағы емдеу мекемелеріне 300 «Боброва» аппараты және 250 концентратор қажет. Алдыңғысының құны 160 мың теңге болса, кейінгісі 500 мың мен 1 млн теңгенің аралығында бағаланған. Бұған қоса, «Сыр медиа» ЖШС 6 дана, Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы 4 дана «Боброва» аппаратын алдыруға демеуші болмақ.