Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыс орталығында эпидахуалды тұрақты бақылау мақсатында қала әкімі Н. Нәлібаев бірқатар нысандарды аралады.
Қаладағы емханаларды оттегімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындар «Квант» механикалық зауыты, «Шыңғыс ЛТД» ЖШС жұмысымымен танысты. «Квант» механикалық зауыты күніне 200 оттегі баллонын қала ауруханаларына жөнелтуде.Ал, «Шыңғыс ЛТД» ЖШС күніне шамамен 400 оттегі баллонын медициналық мекемелерге дейін жетікізіп беріп отыр. Тасымалдау қызметі аймағымыздағы кәсіпкерлердің және ерікті азаматтар мен қоғам белсенділерінің көмегімен жүзеге асуда. Бұл ретте елім деген жомарт жандардың қаржылай көмегін де атап өткен жөн.
«Қысылтаяң уақытта қол қусырып қарап отырмай, елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген барша белсенді азаматтарға үндеу жасадық. Белсенді жандар бізді қолдап, игі іске ұйыса кетті. Қиын кезде елге көмектесіп жатқан кәсіпкерлерге облыс басшысының, аймақ тұрғындарының атынан алғысымды білдіремін» - деді, қала әкімі.
«Шыңғыс ЛТД» ЖШС директоры аудандарға оттегі баллонын жеткізу үшін транспорт мәселесі жетіспей тұрғанын жеткізді. Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы ешқандай мәселесіз транспортты сол мезетте шешіп берді.
Қала әкімі індетпен тынымсыз күресіп, қиын уақытта үйіне қайтпай оқшаулау орталықтарында жатқан медицина саласының қызметкерлерімен кездесті.
Ел үшін үлкен жұмыс жасап жатқан дәрігерлермен тілдескен шаһар басшысы: «Біз үшін әрбір адамның амандығы - өмірі қымбат. Сіздердің ерен еңбектеріңіз шексіз. Барлық жағдайларыңызды жасаймыз. Менің орынбасарларым, бөлім басшылары мән-жайды қадағалап, қажеттіліктерді жеткізеді. Бұл мәселе аймақ басшысының қатаң бақылауында» - деді.
Қазіргі таңда дәрігерлерге қолайлы жағдай жасап, жайлы жатын орын ұсынған «Қызылорда» қонақ үйінде қалалық аурухана қызметкерлері үшін 120 орын бөлінген. Дәрігерлерді тасымалдау қызметіне әкімдік тарапынан арнайы автокөліктер қарастырылған. Елдегі ахуал тұрақталғанша бұл көліктер медицина қызметкерлеріне, денсаулық сақтау саласына қызмет істейтін болады.
Мұнан соң жұқпалы аурулар емханасының мамандары оқшауланған «Сырдария» тынығу лагеріне барды. Кездесу барысында лагердегі дәрігерлердің жай-күйін біле отырып, кадр тапшылығы болдырмау мақсатында үйде отырған дәрігерлермен медицина мамандығының соңғы курсында оқып жүрген ынталы студенттерді жұмысқа тартуды тапсырды. Қосымша штат ашуға қаржылай мүмкіндік болмаса, кәсіпкерлердің демеушілігімен жалақы мәселесін шешу жағын қарастыратындығын жеткізді.
Сонымен бірге, дәріханаларды аралап, тұрғындармен тілдесіп, халыққа қажетті фармацептикалық өнімдер қорының жақын күндері толықтай шешімі табатындығын жеткізді.
Жалпы бұл жағдай тек Қызылорда облысында емес барлық аймақтарда кездесуде. Қала әкімі дәрі-дәрмектің бағасы негізсіз қымбаттамауын, сондай-ақ халыққа жеткілікті болуы тікелей мемлекет басшысының бақылауында екенін жеткізе отырып, ұзын сонар кезекті болдырмау мақсатында дәріханаларға сөреде бар дәрілік заттардың және сатылымда жоқ дәрілік препараттардың тізімі мен жеткізілетін уақытын көрсете отырып ақпарат тақтайшасын орнатуды, еріктілер арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зейнеткерлер мен бала күтіміндегі ата-аналарға дәрі-дәрмек жеткізу жағын ұйымдастыруды сала басшыларына жүктеді.
Бұған дейін, облыс әкімі Г. Әбдіқалықова осы бағаттағы жұмыстарды облыс көлемінде тұрақты жүргізуді қала, аудан әкімдеріне қатаң тапсырған болатын.