Қызылордалық 100 оқушыға медицина университетінде оқу гранты берілді — Гүлшара Әбдіқалықова

Қызылорда облысында дәрігер мамандары жетіспейді. Бұл мәселе коронавирус инфекциясы өршіген кезеңде қатты байқалған. Өңірді мамандармен қамтамасыз ету жөнінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бүгін Елордадағы орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте баяндады.

фото: pixabay.com

«Қазіргі таңда елімізде 2423 дәрігер, 9500-ден астам орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Бізге былтыр қосымша 170 дәрігер қажет болған болса, биыл 130 маман керек. Аймағымызға биыл 90 маман оқу бітіріп келді. Осы орайда жол картасын жасап, жүйелі жұмыс істеп жатырмыз», — деді аймақ басшысы.

Бүгінде сырбойылық 94 жас резидентурада оқып жатыр. Оның 30-ы осы жылы облысқа келіп еңбек етуде. Сонымен қатар, медициналық колледжді бітірген, мектепті үздік аяқтаған 100 оқушыға Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде грантпен оқу мүмкіндігі берілді. Оқуды тәмамдаған соң олар да өңірге келіп қызмет етеді деген сенімін жеткізді облыс әкімі.

«Дәрігерлерді еңбекақымен қамтамасыз ету жағы да қарастырылған. Мәселен, Байқоңыр қаласында салынған көпбейінді ауруханаға шақырылған 12 дәрігердің барлығының пәтер мәселесі шешілген. Сондай-ақ, өте қажетті 20 дәрігерге 500 айлықтық есеп көрсеткіші бойынша (1 300 000 теңгеден жоғары) төлем берілуде. Аймақтың медицина саласына жас мамандарды тарту бойынша «Дипломмен ауылға» сынды бірқатар бағдарламалар арқылы жұмыстар атқарылып жатыр», — деді  Гүлшара Наушақызы.