Шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі күре тамырына айналуы маңызды. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен отандық өнімнің артуы – кез-келген елдің тасын өрге домалататын фактор. Президен тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ.
Ұлан ауданындағы Донское ауылында жеміс-жидек өсіретін жылыжай құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа кәсіпорынның арқасында ішкі және сыртқы нарыққа бағытталған жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті өнім алу көзделген. Сонымен қатар жергілікті жұрт үшін жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Донскоедағы жылыжай құрылысы – аудандағы ірі жобалардың бірі. Жылына мың тоннаға жуық өнім өндіруге қауқарлы болатын кәсіпорынның аумағы 1500 гектарды құрамақ. Құрылыс былтырғы жылдың аяғында басталды. Голландиялық гидропоника технологиясы арқылы құрастырылады. Бұл істі қолға алған кәсіпкер Жанар Қамбарованың сөзінше «жылыжай іске қосылған уақытта жергілікті Донское ауылымен қатар, көрші елді-мекен тұрғындарын да жұмыспен қамту көзделген. Іргедегі Саратовка ауылындағы ауылшаруашылық колледжінің студенттерін іс-тәжірибеден өтуге тартып, кейіннен жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі» дейді кәсіпкер. Басымдылық қызанақ, қияр сияқты көкөністерді өсіруге бағытталмақ. Дегенмен жылыжай жұмысы жолға қойылған соң, Ұлан ауданының топырағында жақсы өсетін құлпынай, таңқурай, қарақат жидектерін өсіру жоспарланып отыр.
Жобаның басты ерекшелігі – жыл он екі ай үздіксіз өнім беру. «Жыл көлемінде өнім беру – болашақ жылыжайдың басты ерекшелігі деп айтуға болады. Көптеген жылыжайлар сияқты тек жаз маусымында ғана өнім бермейміз, қыстың суық кезінде де нарықты өніммен қамтамасыз етпекпіз. Құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспары бар. Үш жылдың ішінде ірі жоба жұмысын бастауға дайын болады» дейді кәсіпкер.
Жылыжайдан шыққан жеміс-жидектер әу баста облыс нарығына ұсынылмақ. Кәсіпкерлер кейін өнімді шетел асырып, экспортқа шығаруды да меже еткен.