Туризм – бұл әлемдік экономикадағы мығым салалардың бірі. Көптеген елдер туризмді негізгі табыс көздеріне айналдырғалы қашан. Қазақстандағы басым бағыттардың бірі деп аталмыш саланы айқындап, оның дамуына ықпал ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, Шығыс Қазақстанның Глубокое ауданында ауыл туризмін дамыту жолға қойылды.
Ынта білдіріп, ісін бастаған кәсіпкерлер бар. Табиғи нысандарға деген сұраныс пен қызығушылықтың өсуі елдердің ішкі туризмнің дамуының алғышарты саналады. Соның нәтижесінде агротуризм саяхаттаудың аса танымал түрі ретінде қалыптасады. Недегенмен, туризмнің бұл санаты ауылдық өңірдің туристік тиімділігін арттырып қана қоймай, сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға үлес қосады.
Черемшанка ауылының тұрғыны Елена Вологодская ауыл туризмін дамыту аясында туған жерінде демалыс базасын салған кәсіпкер. Мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы атанды. «Осыдан біраз жыл бұрын Ресейде «ауыл туризмі» жақсы жолға қойылғаны, одан түсетіне пайда көзі де едәуір екені жайлы ақпаратты құлағымыз шалды. Содан табиғаты әсем Глубокое ауданында неге осы саланы қолға алмасқа деп ойладым. Кейін ойымды жүзеге асыру үшін амалдарды қарастыруға тура келді. Бізде тау бар, орман бар, су дейсіз бе, барлығы маңайымызда... Ойымыз көпке ұнады және қолдауды бірден сездік. Жергілікті билік те жобаның жүзеге асуына ықпалдастық танытты» дейді кәсіпкер. Қарапайым тұрғынның бұл бастамасын комиссия тарапы ұтымды деп тапты. Шынымен, ішкі туризмнің дамуына ауыл іргесінде орналасқан демалыс базасы айтарлықтай сеп болары сөзсіз.
Енді Шығыс Қазақстанда ауыл туризмін дамыту үшін шетелдік тәжірибе енгізіледі. Бұл ең әуелі туристерді орналастырудың арнайы жүйесін ұсынады. Басты артықшылығы, жергілікті жұрттың тұрмыс-салты мен күнделікті өмір дағдысына сай туристерді қабылдау. Яғни, жайлылық стандарттарына қойылатын минималды талаптар. Бүгінде Катонқарағай ауданында осы типтес алты қонақ үй бар. Берел ауылының тұрғындары туристерді көптен бері құшақ жая қарсы алып, ақысыз негізде өз баспаналарын ұсынып келеді. Берел ауылы халқының 63%-ы экономикалық тұрғыда белсенді екенін атап өткен жөн. Жуырда ауылдың 27 тұрғыны "Бастау бизнес" бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуды бастайды. Жобаларын қорғап, үздіктері 3-тен 5 млн теңгеге дейін өтеусіз грант алуға мүмкіндіктері бар. Бұл қаражат туристерді қабылдауға арналған, туроператорлардың талаптарына сәйкес үйлерді қалпына келтіруге жұмсалмақ. Айта кету керек, келесі жылдан бастап бес ірі туроператор Берелге туристерді жіберуге дайын. Жоба тек қонақ үйлердің ашылуын ғана емес, сонымен қатар қызмет түрлерін ұйымдастыруды – трансфер, атпен арнайы маршруттар, кәдесый бұйымдарын сататын дүкендер ашуды да көздейді. Ол үшін Бизнестің жол картасы аясында жергілікті тұрғындарға арнайы гранттар бөлінетін болады.