Павлодарда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 сарбаздан тұратын жасақ қалалық мәслихаттың депутаттарымен бірге 25 аула мен саябақты көріктендірумен айналысады, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
Бұл туралы 2016 жылы үшінші еңбек семестріне дайындық барысы туралы баяндаған қалалық «Жасыл ел» штабының командирі Рамиль Смаилов мәлім етті.
«Биылғы жылы сарбаздардың санын 35 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз. Павлодарда барлығы 30 «Жасыл ел» жасағы жұмыс істейді. Тоғыз бағыт бойынша 645 адам жұмысқа орналасады. Олар 1 маусым - 30 қыркүйек аралығында аулалар мен саябақтарды көріктендіріп, аумақтарды абаттандырады және құрылыс нысандарында жұмыс істейді. Сонымен қатар, әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс бойынша құрамында 235 адам бар тоғыз жасақ қалыптастырылады. Сарбаздардың еңбекақысы 35 000 теңге және республикадан қосымша 15000 теңге көлемінде қаржы түседі. Бұдан басқа, жоғары оқу орнынан жұмылдырылатын 110 студентке тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы қалалық бюджеттен жолақы өтемақысы ретінде 4800 теңгеден беріледі», — деді Рамиль Смаилов.
Штаб командирінің айтуынша, «Жасыл ел» штабының басты бағыттарының бірі оқушылар сарайы бассейінің жөндеуге және Қамзин көшесіндегі проваславтық шіркеудің құрылысына атсалысатын студенттік жастармен жұмыс істеу болып табылады. Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін сарбаздардың еңбекақысын көтеру немесе жұмыс уақытын қысқарту мәселесі қарастырылуда. Бұл ретте, құрылыс және экологиялық жасақтарда еңбек ететін жастардың жалақысын ТҮКШ бөлімі арқылы 50000 теңгеге дейін көтеру ұсынылған.
«Павлодарда мүмкіндігі шектеулі жастар үшін «Ашық жүрек» және EXPO Youthteam сервистік жобалары жүзеге асырылады. Бірінші жоба бойынша кеңсе және анықтама бөлімдеріне 15 адам жұмысқа орналастырылса, екінші жоба аясында EXPO-2017 бағыты бойынша қала қонақтарына саяхат ұйымдастырылады. Сонымен қатар, биылғы маусымда "Тәрбие" педагогикалық жасағы балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастырумен айналысады», — деді Рамиль Смаилов.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев қалалық штабтың командиріне көріктендіру шараларын жүргізу барысында тұрғындардың пікірін ескеруді тапсырды.
«Ең алдымен, атқарылатын жұмыстың көлемін анықтап, әрбір аулаларда жұмыс жоспарын іліп қою керек. Сондай-ақ, жастар арасында қауіпсіздік техникасын сақтау шараларын тиісті деңгейде түсіндіру керек», — деді Мейрам Бегентаев.