Мемлекет басшысы сапар барысында Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешенінде болып, облыс орталығындағы шыны зауытының құрылыс алаңын аралады, сол жағалаудағы мемлекеттік-жеке әріптестік шеңберінде салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысымен танысты.
Елбасының жұмыс сапары «Байқоңыр» кешенінен басталды. Осында ол кешеннің әлеуетін пайдалану жағдайымен танысты.
Мемлекет басшысы Қорқыт ата кешенінде болып мұражайдың жаңғыртылған жәдігерлерімен танысты. Түрік әлемінің рухани тәлімгерінің құрметіне арналған аталған кешен 1980 жылдары салынған болатын. Ал 2014 жылы ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша ол қайта жаңғыртылып, қосымша зиярат ету орталығы салынды. Кешен халықаралық «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан. Бұл әсіресе халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде туристер санының артуына ықпал жасады.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қызылорда қаласының сол жағалауындағы құрылыстың жобасымен танысты. 1500 гектар аумақты құрайтын жерде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша рухани жаңғыру орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда 1925 жылы этносты «Қазақтар» деп атау туралы тарихи шешім қабылданған болатын. Бұған қосымша жаңа қаланың бірінші шағын ауданында 18 көппәтерлік үй, 320 орындық балабақша, жастар ресурстық орталығы, «Болашақ» университетінің ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, осы жерде салынатын неке қию сарайы, 300 төсектік аурухана мен бір ауысымда 100 келушіге арналған емхананың жобасы жасалуда. Аймақта тұрғын үй құрылысы көлемі артып, соңғы 4,5 жыл ішінде 2 млн шаршы метр тұрғын үй, осы мерзімде тек облыс орталығында 12 жаңа шағын аудан бой көтерді.
ҚР 2015-2019 жылдарға арналған индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде аймақта жылдық қуаты 197 мың тонна өнім шығаратын шыны зауытының құрылысы жүргізуде. Қазіргі таңда зауытқа АҚШ-тан, Финляндиядан, ҚХР-дан жабдықтардың 96 пайызы жеткізілді. Металл бөлшектерін құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Зауыттан шыққан өнімдер Ресей, Өзбекстан және Түркия елдеріне экспортталатын болады. Қытайлық әріптестермен бірігіп, күн батареяларына, смартфондарға және планшеттерге қажетті шыны шығаратын зауыттың екінші кезеңін салу жоспарланып отыр.
Облыс орталығындағы «Арай» спорт сауықтыру кешенінде Елбасының белсенді жастармен, оның ішінде бокстан әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевпен, жас кәсіпкер Айдос Сайлығараевпен, «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушісі, қазір Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің студенті Наргиз Қашаповамен кездесу болып өтті. Бүгінде қызылордалық 500 жуық түлегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдынғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында сұранысқа ие техникалық және аграрлық мамандықтар бойынша Ресей Федерациясы үкіметінің гранты бойынша білім алуда. 2018 жылы алғашқы 82 түлек аймаққа оралатын болады. Оларды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.