Дәстүрлі дін ұстанушылар қатарының артқандығын байқаладым — теолог

Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы билігі пен құзыретті құрылымдары өңірдегі деструктивті топтармен жүйелі жұмыс жүргізіп, олардың санасына оң сілкініс кіргізіп, көзқарасын мемлекеттік бағытқа бұру мақсатында түрлі іс-шаралар жүргізуде. Солардың бірі - білімі жоғары әрі тәжірибелі дін мамандарын облысқа шақыру. Соған сәйкес елімізге танымал теолог, ҚМДБ жанындағы республикалық ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі Арман Қуанышбаев  Ақ Жайық өңірге кеткен болатын. Бұл сапары кезінде онымен кездесіп, дін саласындағы бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер бойынша әңгімеге тартқан едік.

Фото: inform.kz

Арман Баймаханұлы, осы сапарыңыздың мақсатына тоқталып өтсеңіз. Республикалық ақпараттық түсіндірме тобы, оның мақсат-міндеттері турасында хабардар етсеңіз...

Республикалық ақпараттық түсіндірме тобы осыдан үш жыл бұрын ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің бастамасымен құрылды. Оның басты мақсаты – еліміздегі дәстүрлі дінімізді дұрыс насихаттау. Топ құрамында отыздан аса адам бар. Олардың көпшілігі Мысыр, Иемен сынды мемлекеттерде жоғары діни білім алып келгендер. Топ мүшелері еліміздің облыстарын аралап, халықпен кездесіп, олардың көкейіндегі діни бағыттағы сұрақтарына толыққанды жауап береді. Өңірлерде дәстүрлі дінімізге байланысты кереғар пікірі бар бауырларымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қазір қоғамымыздағы өзекті мәселенің бірі – кейбір жастарымыздың осы бағытқа қарай бетбұруы. Бұл құбылыс әсіресе еліміздің батыс өңірлерінде белең алуда. Дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері халық арасына әртүрлі күмәнді пікірлер таратып жүргені белгілі. Соған байланысты түрлі көзқарастар қалыптасады. Түсіндірме тобының  мүшелері көпшіліктің көкейіндегі түрлі сауалдарға дін тарапынан, білім-ғылым тұрғысынан жауап беріп, тұрғындарды діни тұрғыдан сауаттандыруға үлестерін қосып жүр. Біздің де Батыс Қазақстан облысына келу мақсатымыз осындай.

Сапарамыздың барысында өңірдегі діни ахуалмен танысамыз. Жергілікті дін істері басқарманың мамандарымен сұхбаттасып, имамадарға халықтың алдына қолдау көрсетеміз. Студенттермен, дін ұстанатын қызметкерлері бар кейбір мекеме ұжымдарымен кездесіп, дін мен дәстүр, бұл бағыттағы еліміздің саясаты турасында насихат айту да міндетімізге кіреді. Түзету мекемелеріне барып, онда отырған діндар азаматтармен жолығамыз. Егер олардың арасындағы диструктивті діни ағымдар өкілдері болса, олармен жекелей сөйлесіп, дәстүрлі дінімізді түсіндіріп, адасқан жерлерін көрсету де біздің парызымыз. Жалпы, теріс ағымға бетбұрған жанды қайтару оңай емес. Себебі, олар сол ағымның қағидаттарын ақыл-ойына тоқып, жүргеніне орнықтырып алады ғой. Тек жүйелі түрде жұмыс жүргізудің нәтижесінде жеңіске жетесің. Құдайға шүкір, осындай іс-шаралардың арқасында ханафи масқабына бетбұрған жандар жетерлік. Айта кетейін, біз бұл жұмыстарымыз жөнінде үкіметке есеп береміз.

Елбасымыздың «дәстүрлі емес діни ағымдармен күресеміз деп жүріп, өзіміздің асыл дінімізбен күресіп кетпейік» деген сөзі бар. Өз жұмысымызда бұл сөзді ұран қылып ұстап жүреміз. Бүгінгі қоғамда ислам дінін қатыгездікпен байланыстырып, адамдардың бойына қорқыныш, үрей сезімін ұялататындар бар. Исламды қаралаушылар «исламофобия» ұғымын орынды-орынсыз тықпалап, оны соқыр түсінікке негізделген дін ретінде көрсеткісі келеді. Соның кесірінен халық мешітке баруға, өзінің дәстүрлі дінін ұстануға қорқып қалғаны жасырын емес. Біз осы күрделі мәселенінің түйінін тартқату бағытында да жұмыс істеудеміз. Көпшілікке түсінікті болу үшін бір мысал келтірейін. Егер адам ауырғанда екпе алса, оның басқа мүшелерге зияны тимес үшін артынан дәрумен ішуі қажет. Дәл сол сияқты біз де барған жерімізде радикалды діни ағым, терроризм деген не екенін түсіндіріп қана қоймай, асыл дініміз, оның құндылықтары турасында да кең мағлұмат береміз. Өйткені, екі жаққа бірдей көңіл аудармасқа болмайды.

Ақ Жайық өңіріндегі діни ахуалды қалай бағамдап отырсыз?

— Осыдан үш-төрт жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қазір облыста кереғар бағытта азаматтар саны азайғандығы, дәстүрлі дін ұстанушылар қатарының артқандығы байқалады. Бұл енді жергілікті атқарушы билік, дін істері басқармасының, мешіттердің, қоғамдық ұйымдардың бірігіп атқарған қызметінің нәтижесі деп білеміз. Дінге қатты беріліп кеткен кейбір жандардың сотталғандығы да оң әсерін берді деп ойламын. Облыста діни ахуал тұрақты. Дегемен де атқарылатын жұмыс әлі де көп. Мәселен, спорт кешендеріне, қоғамдық ұйымдарға барып жұмыс жасау керек. Көптеген ата-ана баласының спорт үйірмесіне барып жүргенін мақтан тұтады. Не оқуын бітірген соң бір ұйымға, не мекемеге жұмысқа тұрды деп қуанады Ал ол жерде атмосфера қалай? Оны көпшілігі ойлай бермейді. Міне, осындай жерлерде кері бағыттағы азаматтар жұмыс жасап жатыр. Бірге жаттығу жасағасын, не бір ұжымда жұмыс істегесін араласпай тұрмайды ғой, сөйтіп олар жастарымыздың санасын улайды. Әрине, жоғарыда айтып өткен мекемелерде, басқа жерлерде де алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Алайда осы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізбесе болмайды.

Жаңа баланың, жастардың санасының улануын айттыңыз. Ата-ана, болмаса тума-туыс және өзгелер олардың «уланғанын» қалай біле алады?

— Біріншіден, ондай жанның мінез-құлқы өзгереді. Тұйықталады. Себебі, олар ата-ананың, өзін қоршаған жандардың намаз оқымағандары үшін кәпір деп санай бастайды. Екіншіден, қазақ дәстүрлеріне қарсы шыға бастайды. Яғни, әумин дегенде бет сипау, тойдағы беташар, келіннің сәлем салуы, дүниеден өткен адамға құран бағыштауға байланысты наразылықтарын танытады. Артынан мұндай жөн-жоралғыларға қатыспайтын болады. Сосын ет тағамдарын талғай бастайды. «Мына малды кім сойды, оны неге алып келдіңдер?» деп реніш білдіреді. Одан бөлек, оның бойында ұлтжандылық қасиет көмескіленеді. «Қазақ болу міндет емес қой, араб та, түрік те жақсы емес пе?!» деген сынды әңгіме айтып, үйде солардың киімдері пайда болады. Осындай белгілерден-ақ сананың уланғаны байқалады. Барлық нәрсені дінге апарып тірей береді. Міне, мұндай жайттарды байқаса ата-ана, не тума-туыс ойланулары керек. Әйтпесе ертең кеш болады. Олар дереу мешітке барғандары жөн. Имамдармен жолығып, жағдайын айтып, оларға баласын, не бауырын жүздестіріп, оның қандай жолға түскенін білгендері дұрыс. Жергілікті имамдар олардың қай бағытқа түскеннін бірден ажыратып береді. Егер дәстүрлі емес бағытқа түссе, имамдармен, дін істері басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп, сауықтыру шараларын жүргізу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар Батыс Қазақстан облысында жолға қойылып келе жатқандығы қуантады.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Серік ӘБЕНОВ,

Батыс Қазақстан облысы