Алматыда 208 көшені жарықтандыру жұмысы басталды

Олардың басым көпшілігінде сыртқы жарықтың заманауи жүйесі алғаш рет пайда болады.

Жылдың соңына дейін заманауи 4,8 мың LED-шамдарын орнату аяқталады. Алатау ауданында 14 көше, Бостандықта - 54, Жетісуда - 31 және Түрксіб ауданында 109 көшеге жарық беріледі.

Алматының Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы энергиямен жабдықтау және энерготиімділікті арттыру бөлімінің басшысы Санжар Алин бұл жұмыстың қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша орындалып жатқанын айтты. Қажетті қаржы бөлінген, көптеген көшелерге сыртқы жарықтар бірінші рет беріледі.

Еске салсақ, Қоғамдық кеңес мүшелері мен Полиция департаментінің басшылығы қатысқан ең алғашқы жиындардың бірінде мегаполис әкімі көшелер мен аулаларды жарықтандыру қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты факторының бірі екенін атаған болатын.

Көше жарығына қатысты 16 шілдеде өткен арнайы кеңесте Бақытжан Сағынтаев қалада аулалардың 52%-ы мен көшелердің 26%-ында жарықтың жоқ екенін айтқан еді.

Қала басшысының тапсырмасы бойынша Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы жұмыс ауқымын өзгертті, яғни мақсатты қаржының барлығы бұрын ешқандай жарығы болмаған қараңғы аулалар мен көшелерге жұмсалатын болды. Бұл ең алдымен Жаңа Алматының аудандарына қатысты. Қолға алынған жұмыс мегаполисті «Шетсіз қала» қағидасы бойынша дамытуға толық сай.

Қазіргі кезде Алматының Алатау, Әуезов, Жетісу, Медеу және Наурызбай аудандарын қоса есептегенде 121 көшеге сыртқы жарықтың 140 км жуық желілері тартылды.

Сонымен қатар, мыңға жуық көше мен 900 ауланы қамтитын сыртқы жарықтандыру құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталды. Жаңа шамдардың басты артықшылығы сол, шамдардың жарықтығы, қызмет ету мерзімінің ұзақтығы, энергия тұтынудың төмендігі және экологиялық қауіпсіздігі (LED-шамдардың құрамында зиянды әрі қауіпті заттардың болмауы және кәдеге жаратудың арнайы шарттарын талап етпейді).

Жарықдиодты шамдар газразрядты-натрийлі және сынапты шамдармен салыстырғанда электр энергияны 1,5 - 2,5 есе аз тұтынады. Қазіргі қолданыстағы шамдардың қызуы үшін белгілі бір уақыт қажет болса, LED шамдар бірден берілген режимге енеді. Ал олардың мықты құрылымы механикалық зақымданудан және қоршаған ортаның әсерінен қорғайды.

Алматыда орнатылған жаңа шамдар түстерді ерекше берумен де ерекшеленеді. Оның ең төменгі коэффициенті 70±10 Ra, ал натрийлерде бұл көрсеткіш үш есе (40-тан 59 Ra-ға дейін) төмен. Яғни, LED шамдар заттардың түсін, түрін нақты әрі дәл көрсетумен ерекшеленеді. Бұл көлік жүргізушілері үшін аса маңызды. Бүгінде Алматы көшелеріндегі энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдардың көрсеткіші 28% (қаланы жарықтандыратын 97 мыңнан астам шамдардың 27 мыңнан астамы LED шамдар).