Шымкентте халықаралық жастар форумы өтті

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен және қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дўстлик» қауымдастығының, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен қаладағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Дарынды жастар - ел тірегі» атты халықаралық жастар форумы өтті.

Қазақстандағы жастар жылы аясында өткен іс-шараға Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев бастаған өзбекстандық делегация өкілдері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысынан барлығы 800-ден астам жас буын өкілдері қатысты.

Форум қатысушыларына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дўстлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов құттықтау сөз арнады.

Форум жұмысы барысында жастар әзірлеген инновациялық жобалардың таныстырылымы өтіп, жас әрі табысты кәсіпкерлердің шеберлік дәрістері ұйымдастырылды.

Тиімді ойластырылған старт-жобалар ұсынып, көзге түскен жас буын өкілдері форум сертификатына ие болды. Сертификаттарды Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, қалалық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұраталі Қалмұратов пен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дўстлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов табыстады.