80-ге келгенін мойындамай, өз жасын қайта-қайта санаған әжей желі жұлдызына айналды

Tik-Tok-тағы жаңаөзендік блогердің әжесімен өзара әңгімесіне желі қолданушылары сүйсінді. Онда әжей немересіне өзінің 79 жаста екенін, нақты жасын қабылдай алмайтынын айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Tik-Tok/armaki_

Tik-Tok желісіндегі видео үш күнде 2,8 млн қаралым жинап үлгерген. Әжейдің сөзінше, ол 1942 жылы 11 қыркүйекте туған, өз есебі бойынша биыл 79 жаста.

«Жетпістің ішіне кіріп кеттік, 42-жылы туғанмын, тұра тұр, есепте, биыл 2023 жыл ма? 1942, ..52, ..62 , ..72, ..82, 92, ..2002, 2012, 2022. Мен биыл 79-да екенмін», — дейді қарт кісі.

Оны естіген немересі әжесіне биыл күзде 81-ге келетінін айтады.

«Бәлекет, 80 жас деген жаман жас, ер адамның жасы. Алпыста алқынады, жетпісте желпілдейді, сексенде сергелдең, тоқсанда өлсең де өлдің, өлмесең де өлдің», — дейді өз жасын қайта-қайта санаған әжей.

Видеоны көрген желі қолданушылары әжейдің қылығына сүйсініп, 100-ге келуін тілеген.

«Әженің өмірі ұзақ болсын! 79-дасың дей берші, 90-ға келгенше солай айтшы»; «100-ге келіп, жүзіңіз»; «Жаным-ау, қабылдай алмай жатыр», — деп пікір қалдырған видеоға желі қолданушылары.

В статье: