Қызылордалық оқушы түрік фильмінде басты рөлді сомдады

Қызылорда қаласында 264 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Ержігіт Сармырзаев түрік фильмінде басты рөлдердің бірін ойнап шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің ресми сайты

Халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы Финике қаласында түсірілген балалар фильміне түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.

«Шетелдік киноға түсе жүріп Ержігіт мәнерлеп оқудан ұйымдастырылған халықаралық байқауға қатысты. Түркияның атақты шайыры Неджип Фазыл Кысакюректің «Annacigim» шығармасын түрік тілінде орындап бас жүлде иеленді», ‒ делінген ресми хабарламада.

Түркиядағы байқауға алты мемлекеттің өнерпаздары қатысты. Ал үйіне оралғаннан кейін Ержігіт Сармырзаевты ата-анасымен бірге мектеп ұжымы салтанатты түрде күтіп алды.

Мектеп басшылығы бала тәрбиесінде, өнер жолында қолдау көрсетіп жүргені үшін Ержігіттің анасын арнайы алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат көрсетті.