Қазақстандық ер адамдарға Ресейге бару қауіпті бола бастады

РФ аумағына заңсыз барған Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары депортация орнына әскери бөлімдерге жеткізіліп жатыр. Осыны дәлелдейтін мысалдарды ресейлік ақпарат құралдары хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

Фото: yandex.kz

Тәжікстан азаматы Ресейге заңсыз кіріп алғаны үшін ұсталған. Жалпы, мафия, яғни трансшекаралық қылмыстық топтар орталықазиялық еңбек мигранттарын РФ аумағына заңсыз түрде лек-лекпен жеткізуді 90-шы жылдардан бері жолға қойып алған.

Осы арқылы өзге елдерден келген еңбеккерлер барлық құқығынан айрылады. Олардың паспорттарын тартып алады. Ешқандай көмек, әлеуметтік қолдау көрсетілмейді. Денсаулығы сыр берсе, мертіксе, емдемейді, жарамсыздық парағы төленбейді. Тіпті жұмыс берушісі тиісті еңбекақысын төлемей, қарызды қордалап, ақыры көші-қон қызметіне ұстап беруі ықтимал: РФ ішкі істер министрлігінің Миграция жөніндегі бас басқармасының аумақтық бөліміне хабар салса, мұздай қаруланған жасақ келімсектердің қолын бұрап алып кетеді.

Бірақ бұған жаңа бір кесел жамалды. Сөз болып отырған тәжік азаматы қамауға алынғаннан кейін әдеттегідей өз еліне емес, Украинадағы соғысқа жолданған. Мәселенің мәнісін оның өзі ресейлік «Холод» басылымына айтып берді.

Тәжікстанның 30 жасар тұрғыны Далерджон (фамилиясын атамауды өтініпті) Ленинград облысындағы елу мыңдай ғана тұрғыны бар Кингисепп қаласында жұмыс істеп жүрген. 4 мамырда ол отырған көлікті МАИ қызметкерлері тоқтатып, құжатын тексереді. Оның барысында жігіттің Ресейде болуына рұқсаты жоқтығы әшкереленеді.

Келесі күні, 5 мамырда Кингисепп қалалық соты оны әкімшілік кодекстің 20.25-бабының 3-бөліміне сәйкес, яғни Ресей территориясынан өз бетінше шығудан жалтарғаны үшін кінәлі деп таныды. Сот аталған бап санкциясы бойынша оған 3 мың рубль айыппұл салып, оны өз республикасына депортациялауға үкім шығарды. Миграциялық қызмет оны Қазақстан арқылы Қырғызстанға не Өзбекстанға бағыт алатын пойыздың немесе ұшақтың келесі рейсіне отырғызып жіберуі шарт. Себебі Тәжікстанмен осы елдер шектеседі.

Алайда оның орнына РФ тарапы алдымен Далерджонды Санкт-Петербург пен Ленинград облысы бойынша шетелдіктерді уақытша ұстау орталығына 25 күнге қамап қояды. Содан кейін әлдебір құжатты тықпалап, қол қоюға мәжбүр еткен. Өзі сияқты басқалары да солай жасап жатқанын жеткізіпті.

«Оның нені білдіретінін түсіндірмеді. Қағазды берді де, осыған қолыңды қой деді. Мен онда не жазылғанын түсіне алмадым. Ізінше шетелдіктерді уақытша ұстау орталығына военкомат қызметкерлері сау ете қалды. Мен оларға соғысқа бармайтынымды қайталаумен болдым. Бірақ олар бәрібір мені сол жаққа жіберді», – деді Далерджон.

Журналистер анықтағанындай, 30 мамырда Далерджон басқа да шетелдіктермен бірге Ленинград облысының әскери бөлімдеріне жеткізілді. Оларды майданға жолдауға дайындап жатыр. Тәжік азаматы бұған қарсыласып, әлеуметтік желі арқылы жергілікті ақпарат құралдарына шағымданған. Ол РФ армиясына жалдану үшін контрактіге қол қоймағанын айтып, табандайды. Өзінің орнына қол қоя салуы мүмкін деп жорамалдады.

«Әскери бөлімде контрактіге біздің атымыздан қол қойылғанын, яғни болары болғанын хабарлады. Мен оларға соғысқым келмейтінін қақсаумен келемін. Үйге барғым келетінін айттым. Олар: «Үйіңе тек түрмеден соң барасың» деп жауап қатты. Отаныма қашып кетпеуім үшін паспортымды алып қойды», — деп шағымданады Тәжікстан азаматы.

Сол суық сөзді айтқан адамның аты-жөнін ол білмейді, тек әскери формада болғанын айтты.

Далерджонның мәліметінше, аталған әскери бөлімде Өзбекстан азаматы да бар, ол да қан-қасап соғысқа аттанғысы келмейді екен.

Әзірге Тәжікстанның да, Өзбекстанның да сыртқы істер министрліктері өз азаматтарын қорғап қалу үшін қимылдап, қарекет жасап жатқаны байқалмайды. Жалпы, Қазақстан тарапынан да осындай салғырт көзқарас сезіледі. Inbusiness.kz Ресейдің Томск мемлекеттік университетінің студенті, Қазақстанның 23 жасар азаматы Марғұлан Бекеновтың жоғалып кетіп, артынша заңсыз «Вагнер» жеке әскери компаниясының жаттығу лагерінен бір-ақ шыққанын жазған болатын. Марғұланның туыстары ол әскери контрактіге қысыммен қол қоюы мүмкін деген сенімде болды. Қазақстандық СІМ өкілі Айбек Смадияров Бекеновтың өзі «Вагнермен» ерікті түрде контракт бекіткен деп мәлімдеді және оны Қазақстанда қылмыстық қудалау күтіп тұрғанын ескертті.

Ресейде мигранттарды қорғаумен айналысатын заңгер Валентина Чупик «Дождь» телеарнасына сұхбатында орталықазиялық азаматтардың майдан даласына депортациялық орталықтан жіберіліп жатқанын мәлім етті. Ол Далерджонмен кездесіпті.

«Жас жігіт орыс тілін меңгермеген деуге болады. Ендеше бұл оның неге қол қойып жатқанын мүлдем білмеген деген сөз», — деді құқық қорғаушы.

Әскери бөлімдегі еріктілер әзірге оқу-жаттығудан өтуде, атыс полигонына барып, қарудан атуды үйреніп жатқан көрінеді. Далерджон жаттығуларға қатысудан бас тартқан. Бірақ бұл оны майдан даласына жіберуден құтқара алмасы даусыз: РФ парламенті биыл қабылдаған заңға сәйкес, контрактіге қол қойғандар «арнайы әскери операцияға» қатысудан жалтарса, кері қашса, дезертир деп танылып, он жылға дейін сотталады. Сотталып та жатыр.

Егер Ресеймен арада контрактіге қол қойғаннан кейін соғысудан бас тартса, қазақстандықтарды да осындай жаза күтеді. Ресей тарапы бүгінде Қазақстаннан да «еріктілерді» мол қаржымен қызықтырып, жаппай шақырып жатқаны құпия емес.

Сарапшылар Украинаның үлкен контршабуылы өрістеген соң Ресейге оны тойтару және тоқтату үшін окоптарды толтыратын көп «жанкешті» қажет болатынына назар аудартады. Себебі, Украина Қарулы күштерінің тактикасы украиналық жауынгерлерді мейлінше сақтап қалуға құрылған: окоптар мен траншеяларда қаптаған адам отырса, оған қарсы ұрандап, тура шабуылдамайды. Жаяу әскер қозғалысын дереу доғарып, артиллерияның соққы беруін, жау бекінісін ондағы жауынгерлерімен бірге талқандауын күтеді. Бұл кідіріс Ресейге уақыттан ұтуға мүмкіндік береді.

Олай болса, Марғұланға, Далерджонға ұқсас оқиғалар алда тек көбеюі мүмкін. Салдарынан 18-ден 60-қа дейінгі жастағы Орталық Азия республикалардың, соның ішінде Қазақстанның азаматтарына Ресейге бару қауіпті болып кетті.

«Важные истории» басылымының жазуынша, РФ қарулы күштерінің Бас штабы басшысының орынбасары, мобилизациялық басқарма бастығы, генерал-полковник Евгений Бурдинский ресейлік азаматтарды армияға шақыруда және мобилизанттарды қарумен қамтамасыз етуде қиындықтар басталғанын мойындады. РФ азаматтары Украинадағы әскери қимылдарға қатысудан жаппай бас тартып жатқан көрінеді. Оның баяндамасы алдымен РФ қорғаныс министрлігінің ресми сайтындағы «Военные комиссариаты России» журналында орналастырылды. Алайда ақпарат құралдары мұны жарыса таратып, сарапшылар шошына талдай бастаған соң билік оны дереу өшіріп тастады. Баяндаманың көшірмесі әрине, веб-архивте сақталып қалды.

Генерал Ресейдегі мобилизациялық процестің және жаңа бөлімшелерді қалыптастырудың егжей-тегжейін жариялады. Ол былтырғы қыркүйекте басталған ішінара жұмылдыру науқаны аясында жалпы саны 300 мыңнан астам азамат РФ армиясының сапына тұрғанын мәлімдеді. Олардан 280 жаңа бөлімше жасақталған.

Сонымен бірге РФ Бас штабы бастығының орынбасары Ресей армиясы проблемаға тап болғанын, өйткені қоғамның еркек бөлігі әскери борышын орындауға әзір еместігін қаперге салды. Оның байламынша, бұған блогерлер кінәлі: әлеуметтік желі, ғаламтор арқылы жұртшылыққа теріс ақпараттық қысым көрсетіп отыр. Бұдан бөлек, қару-жарақ пен техника, жауынгерлерді орналастыратын орындар жетпейді. Генерал соғысқа алынған ер-азаматтарды киіндіруге, жабдықтауға ресейлік өңірлер, мемлекеттік корпорациялар және жеке компаниялар көмектесіп жатқанын хабарлады. Әйтпесе бұған мемлекеттің қауқары жетпейді.

Бурдинский өз сөзінде Владимир Путиннің шешімімен, Қорғаныс министрлігі Украинадағы «арнайы әскери операцияға» күзетшілерді және күзет фирмаларының қызметкерлерін тартуға білек сыбана кіріскенін жариялады.

Соған қарағанда Ресейде көптеген нысандар, салтанатты тұрғын үйлер, алып сауда орталықтары күзетшісіз қалуы, оның соңы қылмыстардың, әсіресе тонаушылықтың, қарақшылықтың күрт өсуіне соқтыруы ғажап емес. Мысалы, диверсанттық топтардың шабуылына ұшыраған Белгород облысында жаппай мародерлік басталған. Осыны дәлелдейтін видеолар рунетті кернеп тұр.

Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, бүгінде военкоматтардың деректер базасына 31,6 миллион адамның мәліметтері енгізілді. Оның 2,9 миллионы дәл қазір әскерге алуға жарамды жаста. Олардың ұялы телефондарының нөмірі мен электронды поштасының адресі өзектілендірілуде. Бұл деректерді әскерилер оларды әскерге шақырылғаны туралы хабардар ету үшін пайдаланбақ. Журналистер Фарида Рустамова мен Максим Товкайло тестілік режимде жұмыс істеп тұрған қорғаныс министрлігінің аталған деректер базасы сондағы ер адамдардың шекарадан сыртқа шығуын бұғаттауға және оларды қалалардағы камералар арқылы іздеуге қабілетті екенін жазды.

Кремль қажет деп жатса, осы миллиондар да Украинаға жолданады. РФ Бас штабының биік лауазымды өкілі жаңа бөлімшелерді жабдықтауға қару жоқтығын мойындады. Бірақ онда Мәскеу Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегідей, «төрт адамға бір қару» тәсілін қолдануы да ғажап емес.

Генерал-полковник Евгений Бурдинский басқа да елең еткізерлік жаңалықтарды жеткізген. 2023 жылы РФ Бас штабы жаңа жалпы әскери және әуе армиясын, 1 армиялық корпусты, 5 дивизияны, 26 бригаданы, сондай-ақ Украинаның оккупацияланған бөліктерінде Азов әскери-теңіз жасақтарын құрмақ.

Осылардың қатарында шетелдік, соның ішінде орталықазиялық «еріктілер» де болуы мүмкін. Өз кезегінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды соғысқа жалданып қатыспауға шақырды. Өзге елде әскери контракт бекіткендер қазақстандық заңмен қудаланады.