Павлодар облысында тірек ауылдар мен аудандарды дамыту бағдарламасына енгізілген елді мекендердің ешқайсысы әзірге үлгі тұтуға жарамай тұр, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
Бүгін облыстық әкімдікте өткен аппаратық жиында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айбек Солтанғазиновтың баяндамасын тыңдаған аймақ басшысы Болат Бақауов осындай баға берді.
«Биылғы жылы бағдарлама бойынша шараларды қаржыландыру 1 млрд теңгеден 6,8 млрд теңгеге дейін өскен. 2016 жылдың бірінші жарты жылдығында 2,9 млрд теңге игерілген. Кешенді шаралар бес бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі - ұйымдастыру шаралары, екіншісі - экономикалық әлеуетті дамыту, үшіншісі - әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, төртіншісі - көлікпен қамтамасыз етуді дамыту және бесіншісі - мемлекеттік, коммерциялық қызмет көрсету орталығын дамыту және құру», — деді Айбек Солтанғазинов.
Ведомство ұсынған ақпаратқа сүйенсек, екінші бағыт бойынша Ертіс, Качир, Май, Шарбақты аудандарында 24 бірлік ауыл шаруашылығы және сауда жабдығы сатып алынған. Ақсу және Екібастұз қалаларының алты ауылдық аймағына 958 бас ірі қара алынған. Сондай-ақ, Шарбақты және Лебяжі аудандарында бақша дақылдарын өңдейтін цех ашылды Үшінші бағыт бойынша Качир, Май, Успен аудандарында әлеуметтік нысандар жөндеуден өткізіліп, Качир ауданының Тереңкөл ауылында үш сауда нүктесі ашылған. Жылдың соңына дейін Ақсу, Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында және төрт ауданда 5,8 млрд теңгеге Железин ауданының Башмачное-Озерное ауылдарында жолдарды жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Бесінші бағыт бойынша «Жасыбай - Мәшһүр Жүсіп мешіті», «Жасыбай- Баянауыл» туристік маршруттары құрылып, Екібастұз ауылдық аймағында ай сайын мобильді ХҚКО-ның қызметкерлері шығып тұрады. Баянауыл және Ертіс аудандарында жолаушылар мен жүк тасымалдауға екі көлік сатып алынған. Павлодар және Ақсу ауылдық аймағында техникалық бақылау станциясы ашылған.
«Облыста тым болмағанда бес тірек ауыл барлық тиісті өлшемдерге сай келуі керек. Бұл ретте, Евгеньевка ауылын үлгі етуге болады. Шағын ғана елді мекенде мәдениет үйі жөнделіп, жолдарға асфальт төселген және бұрынғы асхананың орнына балабақша ашылған. Тұрғын үйлер, көкөніс қоймасы және сүт-тауарлы ферма салынды. Ендігі сумен қамтамасыз ету мәселесі ғана қалды», — деп Болат Бақауов аудандар мен тірек ауылдарды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру бағдарламасы бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.