Терроризмді халық бірігіп күрескенде ғана жеңе аламыз

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің тапсырмасына орай қала әкімдігінің мәжіліс залында Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюповтың төрағалығымен терроризмге қарсы күрес жайлы жиын өтті, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Жиында құқық қорғау органдары саласының басшылары Шымкент қаласындағы жұртшылық көп шоғырланған орындардағы қауіпсіздік шаралары туралы баяндама жасады. Әрі, айтқан жерден аулақ, көпшілікті қандай да бір террористік іс-қимыл болған жағдайда дер кезінде полиция қызметіне хабарлауға шақырды.

«Терроризмге қарсы күрес тек құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ғана міндеті емес. Бұл дерт барша тұрғынның жұмыла күресуімен ғана жойылмақ. Сондықтан өз ортамызда біздің амандығымызға жауапты қызметкерлермен бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет», — деді Рашид Аюпов.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы аумағында 701 қоғамдық-әлеуметтік нысан бар. Осы аумақтардағы  тұрғындардың қауіпсіздік мәселесін тиісті құқық қорғау органдары өз қорғауына алған. Сонымен қатар экстремизм мен терроризмнің алдын алу туралы арнайы бағдарлама шеңберінде осы орындарда терроризмге қарсы күрес жайлы бейне түсірілімдер көрсетіліп, түсіндіру мәтіндері ілінген.

Жалпы, жергілікті имам-молдалардың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысындағы діни ахуал тұрақты. Облыс аумағында барлығы 3 мыңдай адам дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүрген көрінеді. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін мешіт молдаларымен бірге әкімдік жанындағы дін істері басқармалары түрлі іс-шаралар өткізіп отырады. Әсіресе жастардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, кездесулер және семинарлар өткізу жұмыстары жолға қойылған.

Айта кетейік, биыл Ақтөбе мен Алматы қалаларында орын алған лаңкестік оқиғаларынан кейін еліміздің барлық өңірлерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Дін мамандарынан тұратын ақпараттық топтар ауыл-қалаларды аралап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

В статье: