Оңтүстік Қазақстан облыстық Дін істері басқармасы жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКК-нің мамандары облыс аумағындағы білім беру орталықтарын аралап, жастар арасында теріс діни ағымдардың залалы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осындай шаралардың бірі Шымкенттегі №103 жалпы орта мектебінде өтті деп хабарлайды аталған орталықтың баспасөз қызметі.
Оқушылармен және мектеп мұғалімдерімен кездескен орталықтың маманы Ғазиз Аппазов тақырыбында баяндама оқып, сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, оқушыларды өз дінімізді дұрыс ұстанып, және деструктивті ағымдардан сақтану керектігі туралы үгіт насихат жүргізілді. Сәләфизм және уахабизм бағытының шырмауығына білімсіздіктің салдарынан түсіп қалмаудың алдын алу қажет екені жайында мәліметтер айтылды.
Сонымен қатар, кездесу барысында елдің жарқын болашағы үшін оқу орындарынан аянбай тәлім тәрбиеге көңіл аудару маңыздылығы жайында ескертілді. Кездесуде Елбасының жолдауы ескерілді. «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүннитерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген», - делінген Мемлекет басшысының халыққа арнаған жолдауында.
Кездесу соңында оқушыларға сұрақ қою мүмкіншілігі берілді, қойылған сұрақтарға қанағаттанарлық жауап берілді.
Айта кетейік, мұндай кездесулер соңғы бірнеше айдан бері Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан білім ордаларында жаппай өткізіліп жатыр. Басты мақсат – жастарды дәстүрлі емес діни ағымдардың шырмауынан сақтап қалу. Биыл жазда Ақтөбе мен Алматыда орын алған лаңкестік оқиғалары да діл осындай жиындар өткізуге итермеледі. Мәселен, бүгінгі таңда ҚР Дін істері министрлігі тарапынан құрылған ақпараттық топтар еліміздің барлық аудан-қалаларын аралауда. Жұмыс тобының қатарында теолог-ғалымдар, имам-молдалар және мемқызметкерлер бар.