«Мирас» колледжінің студенттеріне «Бала тәрбиесі және діни бүліктер» кітабы таратылды

ОҚО Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің өкілдері Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан экономика-технологиялық «Мирас» колледжінің студенттерімен кездесіп, семинар-дәріс өтті. Бұл туралы аталған орталықтың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Кездесудің басты мақсаты – жастардың теріс діни ағымдардың жетегінде кетуден сақтап, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу.

Жиынға қатысқан аталған орталықтың дінтанушы маманы А.Бектұрғанов «Жастардың діни экстремизм мәселесіне бой ұрушылығының, кереғар діни ағымдарға еліктеушіліктерінің алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, тақырыпқа сай мысалдар келтірді. Ол исламның қайнар көзі – ата-бабамыздың ұстанған салт-дәстүрінде екенін айта келе, салафизм ағымының қауіп-қатері жайында, оның дәстүрлі дінімізге жат екенін түсіндірді.

«Бейбітшілік пен конфессияаралық келісім салаларында Қазақстан аясында болсын, тіпті дүниежүзілік ауқымда болсын, қол жеткізген белгілі табыстарымызға қарамастан, әлі шешілмеген, жедел шешуді қажет ететін мәселелер баршылық. Әсіресе қазір дүние жүзіне діни төзімсіздік, діни экстремизм және терроризм шынайы қауіп төндіріп тұр. Оларды XXI ғасырдың анағұрлым өткір мәселелеріне жатқызуға болады. Конфессияаралық келісім мен диалогты жетілдірудің жаңа жолдарын іздеу қажет. Дін, әуелі, әлемдік және дәстүрлі діндер адамның діни және рухани негіздерін дамытудың күшті факторы болып табылады. Діннің негізгі мақсаты адамдағы барлық адамгершілік қасиеттерді сақтау және оларды дамыту, адамның өзінің «бет-бейнесін» сақтап қалуына көмектесу болып табылады», — деді А.Бектұрғанов жастармен болған кездесуде.

Кездесу барысында діни радикализмнің қаупі жайында видеоролик көрсетіліп, «Бала тәрбиесі және діни бүліктер» деп аталатын орталықтан шыққан кітапша барлық студентке таратылды.