Дін – біріктіруші фактор

Діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Адамның пайда болуынан бері өмір сүріп келе жатқан діннің өзіндік мәні зор. Дінге көзқарас әр дәуірде, әр қоғамда әрқилы болып келген. Сондықтан дін дегеніміз не, оның тарихы бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан әр азамат үшін мәдени қажеттілік. Дін мен қоғам бір-бірінен ажырамайтын ерекше құбылыстар. Дін – қоғамдық құбылыс, ал қоғам – мемлекеттің негізі. Қазір өркениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Өркениетті қоғамның әрбір адамы өз болмысымен, дінімен, елдік санасымен бірге адамзатқа ортақ мәселелер туралы келелі ойлар айта білуі қажет. Олай болса бүгінгі қоғамда дін, діннің қоғамдағы негізгі қызметі қоғамды бейбіт, қатар өмір сүруге тәрбиелеп, діни келісім бірлік пен тұрақтылық кепілі ретінде әлемді ұйыстырушы ретінде қасиетіне ие болуы қажет.

Ерте заманнан адамзатпен бірге жасап келе жатқан дін адамның таным-сенімін қалыптастыратын күшке айналды. Діни ұстанымдар негізінде қалыптасқан сенім адамның қоршаған орта, басқа адамдар, қоғаммен қарым-қатынасына әсер етті.

Жалпы дін адамдар дүниетанымы мен эстетикалық талғамын қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, айналаға мейіріммен қарауға, бейбіт өмірді қамтамасыз етуге, татулық пен тыныштыққа қызмет етіп қана қоймай, адамның жан дүниесін иман нұрымен нұрландырып, көркем мінез бен сабырды серік етуге жетелейтін бірден-бір ілім. Қоғамның ең басты байлығы – адам болғандықтан, адамға тура жол көрсетіп, ақ пен қараны ажыратуда діннің алар орны ерекше. Дін адам баласын бақыттылыққа бастауы қызметімен қатар, оның нәзік те терең қатпарлы тұстарын дұрыс түсіне алмасақ, қоғамды біріктірумен қатар оны бөлшектеуге де қызмет етуі мүмкін.

Алла Тағаланың теңдессіз сыйы Отанымыздың мәңгі тәуелсіздігін баянды ете түсу үшін біле-білген адамға өз Отанының дамуы үшін әрбір азаматқа жүктелер сенім мен талап зор. Ол үшін өкілеттілігі әртүрлі кез келген саладағы барша отандастарымызға үлкен жауапкершілікті жүктейді. Еліміздің мерейін үстем ету үшін әлемде болып жатқан дамушылықтың соңында қалмауымыз керек. Ол үшін әрбір азамат ұстанған дініне, тіліне, дәстүріне қарамастан ынтымақты түрде діни тұрақтылықты сақтап еңбек етуі керек. Сырт елдерде діни түрақсыздықтың кесірінен болып жатқан келеңсіздіктерге қарап, ел дамуының бірден бір кепілі ол діни тұрақтылық екенін түсінуге болады. Шынында мемлекет дінсіз бомайды, дін мемлекетсіз болмайды.   

Себебі қандайда бір мемлекет құраушы ұлттың және сол мемлекетте тұрып жатқан басқада ұлттың ұлттық бет бейнесі ұстанған дінінен, тілінен салт-дәстүрінен көрніс табатыны шындық. Соның ішінде діни тұрақтылықтың болуы өте қажет. Бұл жағынан біздің еліміз жақсы жағдайда деуге болады. Себебі Елбасының және  дінге деген Үкімет саясатының жақсылығынан деуге болады. Сол үшін осы елдегі әр ұлт өз дінін тұрақты ұстану үшін елдің дінге деген жанашырлығын сезініп ұстанған діні арқылы болса да еліміздің дамуына, тұрақтылығына үлес қосуы керек. Шынында әрқандай дін сол елдің тұрақтылығына, даму өркениетіне қарсы емес.

Еліміз халқының басым көпшілігі ислам дінін және  христан дінін ұстанатынын  білеміз. Кім қандай дінді ұстансын әркім өз дінінің құндылығын сақтап, дінаралық татулықты нығайтып, бір-біріне құрметпен қарап, діннің рөлін қоғамда көрсете білуі керек. Алла Тағала адамдарға дін жіберудегі мақсаты адамдардың бақытты өмір сүруі үшін. Олай болса кез келген дін сол елдің дамуына, тұрақтылығына жұмыс жасауы керек.

Еліміздің ертеңі болып есептелінетін жастарды діни бірлік пен қоғамның тұрақтылығына қызмет ететін азамат ретінде қалыптастыру үшін жасөспірімдерді кереғар ағымдардың ықпалынан сақтандыру қажет. Сонымен қатар оларға дұрыс бағытты да көрсетіп бере алуымыз керек. Біз осы орайда бірнеше ұсыныстарды алға тартсақ:

- Дін әрқашанда біздің халқымыздың және барша адамзаттың әлеуметтік-рухани санасы үшін үлкен рөл ойнады. Сондықтан дінді білмей өз тарихымыз жайлы толық хабардар бола алмаймыз. Мысалы, Шығыс халықтарының тарихы Еуропадан ерекше болғаны бәрімізге белгілі. Сондықтан тарихқа жаңа көзқараспен қарауға байланысты көптеген кезеңдер өзгеше мәнге ие болады:

- Қазіргі кезеңдік мәселелер мен қайшылықтық ахуалдар біздің көршілес елдеріміз бен әлемде діни ілімдерге байланысты болып отыр. Сондықтан діндер ерекшеліктерін білу діни ахуалға немқұрайды қарамауға және оған сақтықпен қарауға үйретеді.

- Оның үстіне мәдениет, өнер және ғылымның барлық салалары діни сезімдермен тікелей байланысты. Өз сеніміңнің негіздерін білмей жатып, өз ұлтыңның ойшылдарын, жазушыларын, өнер және мемлекет қайраткерлерін түсіну мүмкін емес. Өйткені, діни бейнелер барлық елдердің шығармашыл адамдарының ой-болмысын қамтиды.

- Үстіміздегі III мың жылдықта әлемнің барлық халықтарында дінге деген қызығушылық белең алуда. Бұл ахуал әсіресе біздің елімізде ерекше байқалады.

- Қазақстанда көп конфессиялы жағдай қалыптасқан – әрбір діни бірлестіктердің уағыздаушылары өз сенімдеріне қазақстандық жастарды көптеп тартуға күш салуда. Олардың көпшілігі өздерінің діни парыздарын орындауда, бірақ кейбір бірлестіктер жетекшілері діни топтарды өз қара ниетті мақсаттарына құрал есебінде пайдалануға ұмтылуы мүмкін. Сондықтан мұндай «орға» түсіп қалмас үшін діндер жайлы, әсіресе соңғы кездердегі жаңа бірлестіктер туралы білу қоғамдық қажеттілік деп санаймыз.

- Кез келген халықтың діни сеніміне және дәстүрлі ұстанымдарына сыйласымдықпен қарау – мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетеді. Дәстүрлі әдет-ғұрыптарға немқұрайды қарау білімділікке жатпайды. Кейбір діни ұстанымдары мінез-құлықтық тәртіпке айналған елдерде оны дөрекі түрде елемеу немесе бұзу соттық іске әкеліп тіреуі әбден мүмкін.

Жастарымызды дәстүрлі діни бағытта тәрбиелеудің бір жолы бұл мектептер мен орта, жоғары оқу орындарына міндетті түрде дәстүрлі дініміздің тарихынан, дін мәдениеті мен әдет-ғұрыптарынан білім беретін пән, арнайы курстар енгізілуі. Яғни, мектептер мен жоғары оқу орындарында сабақ беретін білімді мамандар дайындауды қолға алу. Бұл әлі шешімін таппай келе жатқан мәселелер. Қазіргі кезде дәстүрлі дініміз жөнінде жастарға білім, тәрбие беріп жатқан арнайы діни оқу орындары жүйесінде дін мен дәстүрдің тарихи-әлеуметтік, рухани мәдени тамырластығын өз еліміздің тарихына ет тарата оқыту қажет. Есесіне жастарымыз, мектеп оқушылары әртүрлі діни секталардан білім алып, солардың жетегінде кетуде. Себебі адамдардың дін жөнінде білімі болмаса, көзқарасы қалыптаспаса басқа не болуы мүмкін? Бұған қоса оларға ақ-қарасын айырып беретін ата-аналары мен оқытушыларының да дін жөніндегі түсініктері шамалы.

Ислам дінінің негізін адамзатқа әуелден-ақ (алмисақтан) таныстырған Алла Құранда: «сендер құлшылық етпейсіңдер, біз құлшылық еткен дінге біз құлшылық етпейміз сендер құлшылық еткен дінге  сендердің діндерің өздеріңе біздің дініміз өзімізге» - де деген. Бұл аяттан түсінетініміз әр дін және сол дін өкілдері бір біріне құрметпен қарап қоғамның тыныштығын сақтау керектігін аңғарамыз. Бұл жайлы Елбасымыздың бір сөзінде «Халық Алласына, тәңіріне сеніп ертеңгі күнін ар жақтағы ана дүниеге баратын күнін ойлап, дүниеде мынау бүгінгі күннің күйбеңімен жүре бермей, Мұхаммет (с.ғ.с)-ның хадистеріне сәйкес өмір сүрсе деймін» деген болатын.

Сол себепті біздер бүкіл халық болып, діни тұрақтылықты сақтауға үлес қосайық. Аллаға шүкір біз бүгінгі күнде ынтымағымыз жарасқан діни татулығы бар тұрақты дамып келе жатқан тәуелсіз елміз. Алланың осы берген сыйын ары қарай мәңгілік етуі үшін аянбайық. Ол үшін діни тұрақтылық ел дамуының кепілі екенін ұмытпауымыз қажет.

Ел бірлігі – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, мәңгілік елдігіміздің кепілі. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мемлекет те сол сияқты. Ендеше, кім-кімнің де дінге қатысты байсалды ұстанымда болуына ықпал еткеніміз абзал. Жұртын жанындай сүйген Ақтамберді жыраудың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар» бүтіндікке шақыруының да мәнісі осы болса керек. Ақылгөй жырау:

Балаларыма өсиет:

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айрылма,

Бірлікте бар қасиет, – дейді.

Қазақстанда ұлтаралық және дінаралық келісімнің тұрақты моделі қалыптасқанмен, ол мемлекет, азаматтық қоғам, оның ішінде діни бірлестіктер тарапынан үздіксіз қолдау көрсетіп отыруды қажет етеді. Осы арада Қазақстанда дінаралық қатынас орнатудың негізгі ұстанымдарын атап өту керек. Елдің Конституциясы мен заңдары ар-ождан бостандығы мен діни сенімді қорғауға кепілдік береді. Конституция діни, этникалық және басқа тұрғыдағы кемістушіліктерге тыйым салады. Қазақстан Республикасы «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы Заңы» діни бірлестіктердің еркін іс-әрекет жасауы үшін барлық құқықтық негіз қалады. Ел маңызды халықаралық келісімге және адам құқығына қатысты шарттарға оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі халықаралық келісіміне қосылады. Мемілекет конфессиялардың өз қызметтерін жүзеге асыруы үшін тең және қолайлы жағдай жасады.

Қазақстанда уақыт тезінен өткен этносаралық және дінаралық келісім моделі қалыптасты. Біздің еліміздегі түрлі конфессиялар өзара әрекеттестігіне тәжірибе жол ретінде халықаралық аренадағы БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ секілді халықаралық ұйымдар үлгі тұтады.

Н.Тұрсынбай,

ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ