«Құдаймын» деген азамат «Қытайға коронавирусты мен жібердім» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды

Youtube-та өзін «Құдаймын» деп таныстырған қырғызстандық азаматтың сөзі көпшілікті бейжай қалдырмады. Арыстанбек Әбділдаев есімді орта жастағы қырғыз азаматы «Қытайға коронавирус жіберген мен едім» деп  дүйім жұртты аузына қаратты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, NextTV телеарнасының дерегіне сілтеме жасап.

Скриншот с видео next tv

Әлгі «өз-өзіне статус берген» кісінің сөзіне иек артсақ, Қытай Қырғызстанға 4 млрд доллар қарызын кешірмегендіктен, қарғысқа ұшырап, қауіпті дертке шалдығыпты-мыс.

Видео: youtube.com / Арстан Алай Кут

Бұл адамның айтуынша, әлемді дүрліктірген дертті жеңудің бір ғана жолы бар көрінеді.

«Қытай қырғыз халқының ұлылығын мойындап, өз қателігін түземейінше, коронавирусты жеңе алмайды», — деп айтып салды қырғыз азаматы.

Айта кетейік, Арыстанбек Әбділдаев — 2011 жылғы президенттік сайлауға үміткер ретінде қатысқан саясаткер және бизнесмен екен.

Ол бұрын Батыс топан судың астында қалады, қыс болмайды деп сәуегейлік жасаған. Енді міне, «Құдаймын!» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды.

Естеріңізде болса, бұған дейін «коронавирусты емдеуге болатын дәрі ойлап таптым» деген түркістандық емші туралы жазған болатынбыз.

Осы орайда, «Бір қызым — бір қызымнан сорақы болды» деген аталы сөздің еріксіз еске түсіп кетпесі бар ма!?.