суббота, 20 апреля 2024 г.
icon
447.4
icon
477.55
icon
4.76
Алматы:
icon
16oC
Астана:
icon
18oC
1xadv
×

Жайық жастары спорт «короліне» бетбұруда

Әскерге жарамсыз болып танылған жігіттердің арасында көзі көрмейтіндер аз емес. Ал офтальмологтар садақ ату көздің қырағылығын арттыратынын айтады. Сол себепті бұл спортқа ден қойып жатқан батысқазақстандықтар саны жыл санап артып келеді, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

«Қазақ халқына садақ ату өнері жат емес. Ата-бабамыз адырнасын аңыратып, садақпен жауға қарсы тұрған, аң атқан, яғни бір сөзбен айтқанда, көшпенділердің иығынан садағы түспеген. Ал  қазіргі уақытта садақ ату – мергендік спортының бір түрі саналады. Бүгінде әлемнің 140 елінде садақ ату спорты жолға қойылған. Бізде садақ ату бұрыннан бар деп кеуде соққанымызбен, спорттың бұл түрі еліміздің жеті өңірінде ғана жолға қойылған. Садақшылары мықты саналатын Оңтүстік Кореяда садақ ату мектеп бағдарламасы бойынша оқытылады екен. Бұрындары жастар жағы садақ ату спортына аса бір құмарта қоймайды дегенімізбен, соңғы жылдары спорттың «королі» саналатын бұл түріне бет бұра бастағандарға қарап қуанасың»,— дейді БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Әскербек Нұрмұханов.

Осы спорт түрінен Орал қаласында төрт бөлімше: облыстық  жоғары спорт шеберлігі мектебінде, олимпиада резервтерін даярлау орталығында, №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында жұмыс істейді. Осы бөлімшелерде 200-ден астам өрендер мен жастар садақ атумен шұғылданады. Аталмыш үйірмеде қазіргі таңда алты жаттықтырушы жас садақшылармен жұмыстанады.

Аталмыш спорт түрінен БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Виталий Шкоковтың айтуынша, қазіргі уақытта еліміз бойынша оңтүстікқазақстандықтар, талдықорғандықтар садақ ату спортымен дендеп шұғылдануда. Батысқазақстандық садақшылар да осал емес. Садақ ату – бұл жазғы олимпиадалық спорт түрі. 2000, 2004, 2008, 2012 жылдардағы олимпиада ойындарына батысқазақстандық спортшы қыздар осы спорт түрінен қатысты. Жалпы ел чемпионаттарынан батысқазақстандықтар жүлдесіз қайтқан емес. 

Жалпы өңірдегі 20 садақшының еліміздің құрама командасының сапына енуі көп жайтты аңғартса керек. Сонымен қатар Ақ Жайық өңірінен түлеп ұшқан халықаралық, республикалық дәрежедегі спорт шеберлері көптеп саналады.

Бастысы спорттың бұл түрімен айналысу тегін жүргізіледі, өйткені оған бюджеттен қаржы бөлінеді. Негізі садақ ату шыдамдылығы мол, көп қозғала бермейтін салмақты ұл-қыздарға лайықты. Жаттықтырушылардың сөзіне қарағанда, спортшылар күніне 3-4 сағат тізе бүкпей, бір орында нысанадан көз алмай тұрады. Сол себепті садақшы болғысы келетін ұл-қыздарға шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты қол аса қажет. Өйткені садақ ату – көп күшті қажет ететін, соңғы жебеге дейін жалғасатын жарыс. Бұл спортқа балалар 10-11 жастан бастап қабылданады. Спортпен айналысатындарға жас жағынан ешқандай шектеу қойылмайды. Бүгінде Оралда садақ атушылар арасынан 10-нан 40 жасқа дейінгі аралықтағы жандарды жиі кездестіресіз. Осыдан-ақ бұл спорт түрінің бұқаралық сипат алып келе жатқанын көруге болады.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0