Шымкент пен Түркістан облысының басшылары өңірлердің экономикасын бірге дамытпақ

Шымкенттің облыс құрамынан бөлініп шығып, өз алдына «үшінші қала» статусына ие болғанына көп бола қойған жоқ. Бұдан былай шаһардың өз бюджеті болады. Ал, оның экономикасын дамытуға Түркістан облысы да атсалыспақ.

Бүгін Түркістан облысы мен Шымкент қаласы əкімдіктерінің арасында меморандум түзілді. Меморандумға Түркістан қаласында қол қойған өңір әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бірге өркендейтінін айтты.

«Республикалық статусқа ие Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Рахматоллаұлымен бірлескен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып отырмыз. Елбасы 1 қыркүйекте өткен ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Түркістан мен Шымкентті дамыту мəселесіне ерекше тоқталып өтті. Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері басшыларының кеңесінде де Түркістанның маңыздылығына мен берді. Шымкент - Түркістан облысына ең жақын қала. Сондықтан өңірдің дамуына ең бірінші кезекте Шымкент қаласының қосар үлесі зор. Біз бір-бірімізді қолдай отырып, облыс пен қаланы, сол арқылы республикамызды дамыта беруіміз керек», ― деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов Түркістанның Қазақстан үшін, жалпы түркі əлемі үшін маңызы зор екенін айтты.

«Шымкент қаласы мен Түркістан облысы арасында əкімшілік шекара бар шығар, бірақ, біз əрқашан біргеміз. Елді ешкім бөле алмайды. Жансейіт Қансейітұлы, Бас жоспар бекітілген соң Түркістан қаласындағы ең бірінші ғимаратты Шымкент қаласы əкімдігі салып берсін. Шымкент қаласы əрқашан Түркістанмен біргеміз. Елбасы тапсырғандай, Түркістан қаласы ертерек дамып, əлемдік деңгейдегі шаһарлардың қатарына қосыла берсін. Өзіңізге жəне сізбен бірге көшіп келген басшыларға, мемлекеттік қызметшілерге табыс тілеймін!» ― деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Меморандум аясында əлеуметтік-экономикалық жəне кәсіпкерлік саласында, инфрақұрылымды дамыту, ғылым мен мəдениет саласында жəне басқа да мəселелер бойынша əкімшілік-аумақтық құрылымдар арасында тығыз байланыс пен əріптестік орнату көзделіп отыр. Сонымен қатар өнеркәсіп, шағын жəне орта бизнес, денсаулық сақтау, мəдениет, құрылыс, цифрландыру, кәсіби аппарат жасақтау, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық жəне өзге де салалар бойынша əріптестік орнатылады.