Еліміздегі саяси тұрақтылық, достық пен ауызбіршіліктің маңыздылығы мәселесі ҚР Президентінің дәстүрлі Жолдауларынан түскен емес. Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері еңбектегі жақсы көрсеткіштерімен қарсы алды.
Сөзіміз дәлелді болу үшін аудан бойынша 2018 жылдың 6 айында мемлекеттік бюджет жоспары 100,4 пайызға орындалғанын айта кетсек дейміз. Сондай-ақ, есепті мерзім ішінде бюджетке жоспардан тыс 92,7 млн. теңге артығымен түсірілді. Яғни болжамдық жоспар 23638,6 млн. теңге мөлшерінде бекітілген болса, есепті мерзім ішінде нақты түскені 23731,4 млн. теңге болып отыр. Оның ішінде, республикалық бюджет бойынша есепті мерзімде жоспар 107 пайызға орындалып, бюджетке жоспардан тыс 853 млн. теңге артығымен түсті. Тарата айтсақ, бекітілген жоспар 12133 млн. теңге болса, нақты түсім 12986 млн. теңгені құрап отыр.
Осы жерде Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауындағы мына жолдар мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жеңілдіктерден көп хабар берері анық.
«Дағдарыс заманы. Әйтсе де, әлемнің санаулы ғана елдері әлеуметтік салаға жұмсайтын шығындарын осылай арттыра алды.
Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 процентке өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты.
Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табыстарын көбейтеді.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 процентке артты.
Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 процентке дейін өсті.
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады» делінген Жолдауда.
Жалпы алғанда, Жолдауда белгіленген 10 бағыт ел өмірін көркейту, оның әрбір тұрғынының әл-ауқатын көтеруге қызмет етудің негізгі бағдарламасы іспетті. Бұл бағдарлама Жолдаудағы әр бағыттың атауынан көрініп тұр. Айталық, «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс», «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту», «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі», «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» мен «Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу» деген тақырыпты атаулар «Қаржы секторын «қайта жаңғырту», «Адами капитал – жаңғыру негізі», «Тиімді мемлекеттік басқару», «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі», сондай-ақ «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін» деген тақырыптармен тұжырымдалады.
Біздің қызметкерлер үшін Жолдаудың, әсіресе, сегізінші басым бағытын орындау маңызды болып табылады. Өйткені, «Тиімді мемлекеттік басқару» дегеніміз кәсіби және тиімді мемлекеттік аппаратты оңтайландыру және мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру. Цифрлық технологиялар бизнесті қайта реттеуге, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет пен мемлекеттік қолдаудың сапасын арттыруға, азаматтардың қажеттілігін барынша есепке алуға мүмкіндік береді. Ендеше, мемлекеттік кірістер жүйесінің басым міндеттері экономиканы технологиялық жаңғыртумен ерекшелене түспек.
Салық органдарына келместен, есептелген салықтар туралы мәліметті ғаламтор арқылы алуға болатынын, берешек сома болған жағдайда кез келген екінші деңгейлі банктер арқылы төлеуге болатынын хабарлаймыз.
Қайрат Құдияров,
Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы