Атырауда рухани келісімді күшейтуге зор үлес қосқандар марапатталды.
Рухани келісім күнін Атырау облысында бірнеше ұлттың өкілдері Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында атап өтті. Қатысушыларға Атырау облысы Дін істері басқармасы арнайы көрме ұйымдастырды.
18 қазан –«Рухани келісім күніне» орай салтанатты шара өткен болатын. Онда қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, елдегі діни, рухани келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін бір топ сала мамандары марапатталды.
Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандардың қатарында Дін істері басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Ізғалиев, орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаев, «Жәрдем – Атырау» корпоративтік қорының директоры Ербол Жаулин, «Былина» орыс этномәдени ұйымының төрағасы Андрей Короблев және өзге де сала мамандары бар. Марапат иелерін құттықтаған аймақ басшысының орынбасары Әлібек Нәутиев өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған мерекенің мәнін ерекше атап өтті.
«Жаһандық геосаяси ахуал күрделеніп, саяси қақтығыстар мен экономикалық қиындықтар орын алып жатқан жағдайда ел азаматтары қазақстандық екенін мақтан тұтуы тиіс. Себебі, біздің елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық, әлеуметтік реформалар бұқараның әл-ауқатын арттыруға ғана емес, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев.
Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
«Рухани келісім күнінің өзге мерекелерден орны бөлек. Бұл Қазақстанның татулық пен сыйластықтың арқасында толағай жетістіктерге жетіп отырғанының айқын белгісі. Ортақ шаңырағымыз Қазақстанның халқын бір мақсат біріктіреді. Бұған бірінші кезекте түрлі ұлт өкілдері мен конфессиялардың қосқан үлесі зор», — дейді шара қатысушылардың бірі.
Рухани келісім күні Қазақстанда 1992 жылдан бастап атап өтіледі. 26 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Бірінші Бүкіләлімдік рухани келісім конгресі өткен болатын. Бұл күн «достық пен татулықтың жарқын бейнесі ретінде қабылданып, ұлтаралық дүрдараздыққа жол жоқ» деп белгіленген.