Атырау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейі биыл «Рухани жаңғыру» жобасының «Тәрбие және Білім» атты кіші бағдарламасы аясында оқушылар арасында тегін негізде ат спорты клубының үйірмесін ұйымдастыруды қолға алды. Осыған орай, Жаңаталап ауылында орналасқан «Құлагер» шаруа қожалығында жаңа клуб тұсауын кесті.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған «Білім-Инновация» лицейінің директоры Исмаил Эльма шәкірттерін қуаныштарымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. …Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген болатын.
Халқымыз сонау ерте заманнан өнердің сан алуан түрін бойына сіңіріп, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, бүгінгі күнге жеткізді. Ұлттық спортымыздың бір түрі – ат спорты. Ендеше, ұлттық жаңғырудың ендігі басым бағыттарында біздің ұлттық спорт ойындары тұруға тиісті болса керек. Өйткені, бұл ұлттық сана мен өр рухты қалыптастырудың кілті болып саналады. Енді мұнда 35 оқушы әр апта сайын арнайы бөлінген автобуспен келіп, ат спортымен айналыса алады», — деді ол.
Лицей директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Амандық Есқалиев компьютер мен ұялы телефондарына шұқшиып алған қазіргі балаларды осындай әдіспен ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын оятуға болады. Сондықтан, мұндай жобаның маңызы зор екені айтпаса да түсінікті.
Осы орайда еске сала кетсек, қазанның 18–19 күндері Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен, Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының және Атырау облысы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы аясында, сондай-ақ, Астана қаласының 20 жылдығын атап өту мақсатында Махамбет ауданы, Алмалы ауылында «Жайық жағасында – Каспий кубогі» атты халықаралық турнирі өтеді.