Қоғамды рухани тәрбиелеудегі исламның ролі

Қоғамның қандай саласы болмасын тәрбие өзінің маңыздылығын жоймайды. Қарапайым адамның жеке бас тәрбиесінен бастап қоғам алдындағы, Құдай алдындағы тәжірибесіне дейін барлық деңгейде, барлық салада тәрбие түсінігі болады және адамның әлеуметтік дәрежесіне қарай да одан ерекше тәрбие түрі талап етіледі. Мысалы, Пайғамбарымыздың мына қасиетіне қарайтын болсақ, «Көрші аш бола тұра өзі тоқ болып түнеген мұсылман емес» дей отырып, тәрбиенің көршілердің арасында да жоғары деңгейде көрініс табатындығын меңзейді.

Әрбір мансапқа ие адамның әділ, шыншыл, ісіне берік, іскер болуын бұйырады. Бұлардың барлығы бір Алланың әміріне және сауапты амалдар қатарына жатады. Өйткені, Құран Кәрімде былай делінген: «Олар жер жүзінде бұзықтыққа тырысады, Алла бұзақыларды жақсы көрмейді». Бұл аяттың мағынасына қарағанда тәрбиенің мақсаты қоғамдағы тыныштықы орнату, тыныштықты бұзатын қылықтардың барлығы дұрыс тәрбиенің қатарына жатпайтындығы анық байқалады. Сол себепті, бір адам екінші бір адамды әдейілеп өлтірсе, барлық адамдарды өлтіргендей болады делінген. Сондықтан, адам өлтіргендей төмен дәрежеге түскен адамды істеген ісінің жазасы ретінде өлтіру керек деп бұйырылады.

Сонымен қатар, жанұя мемлекеттік тірегі болғандықтан отбасындағы үйлені, ажырасу, мирас, әке-шешеге құрмет ету сияқты мәселелердің барлығында адамның тәлім-тәрбиесінің маңыздылығын қолға алады. Әке-шешеге құрмет ету жайында Құранда былай делінеді: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауды әмір етті. Ал, егер екеуінің бірі немесе екеуі де қастарыңда қартаятын болса – оларға «түһ» деме, сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, екеуіне сыпайы сөйле». Бұл исламның негізгі өзегі болып табылатын Құран мен пайғамбар сөздерінде қарастырылған тәрбие түсінігі, мұсылманшылық дүниетанымындағы тәрбиеге қаншалықты көңіл бөлгендігіне нақты мысал бола алады.

Шығыс қоғамында дінді моральдық құндылықтармен астастырудың нәтижесінде адам тек материалдық емес, сонымен қатар, рухани болмысқа ие болып табылады. Рухани құндылықсыз ішкі үйлесімділікке қол жеткізу және оны сақтап қалу қиын болмақ. Адамның жан дүниесін, руханиятын және табиғи қабілетін дамыту және оны бақылауға шығыс түсінігінде ерекше мән беріледі. Адамнң және қоғамның іс-әрекеттеріне баса назар аударған шығыс дүниетанымында жүйелі өмір сүру түсінігі басымдық танытады. Адамға оның тәрбиесі, адамгершілігіне, имандылығына қарай құрмет көрсету, бағалау біздің шығыстық қоғамның тұрақты қағидасы.

Сондықтан да, шығыстық түсініктегі тәрбие ұғымының ел болашағына бағыт-бағдар берудегі маңыздылығы өте жоғары. Әсіресе, мұсылмандық түсінікте жас ұрпаққа ана құрсағында жатқаннан бастап тәрбие беруге баса назар аударылады. Ислам дінінде бұл тәрбие жүйесі өте сапалы жәрежеде құрылған және өзіндік түсініктерімен ерекшелінеді. Тәрбиесіз берілген білімнің қоғамға оң ықпал етпейтінін әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы және қоғамға опат әкеледі» деп тұжырымдаса, Шәкәрім Құдайбердіұлы «тәрбиесіз адамға берілген білім оққа айналады, яғни адамзат үшін қатер тудырады» деген байлам жасаған. Шынайы ислам діні білімге, ақылға, жақсы ниетке, қоғамдық-әлеуметтік әділеттілікке, сонымен қатар, адамдардың құқығ мен құрметіне ерекше көңіл бөлген.

Қорыта айтқанда, осы айтылған мәселелер қазіргі қоғамдағы рухани тәрбие қалыптастыруда ерекше роль атқарып, азаматтардың тұлғалығыншыңдайтын негізгі құндылықтар болып саналады. Осы құндылықтар негізінде қалыптасқан ерекшеліктер азаматтардың өмірлік бағдарын анықтайтындығы белгілі.

И.Абулхайыров,

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ

дінтанушы-маманы