ОҚО-да діни-ақпараттық тобына арналған семинар тренинг өтті

Оңтүстік Казақстан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен  облыстық ақпараттық-түсіндіру топ  мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған семинар – тренинг  өткізілді, деп хабарлайды NewTimes.kz.

Бұл семинар-тренинг жұмысының негізгі мақсаты еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында және дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға негізделген.

Семинар-тренингті Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының басшысы Жалмұрзаев Батырбек Қаратайұлы ашып берді. Семинар-тренингті модератор ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директор міндетін атқарушы Бесбаев Мәди Әбзелбекұлы жүргізіп отырды.

Семинар-тренингте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Дінтану кафедрасының оқытушысы философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышхан «Жат ағымдардан сақтанудың жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, Түркия Республикасының «Мармара» университетінің докторанты, дінтану магистрі Алпысбаев Ерғалидың «Сәләфизм және оның қателіктері» тақырыбында баяндама жасады.

Аталған семинар-тренинг жұмысына облыстық, қала, аудандық ақпараттық түсіндіру топтарының мүшелері, ішкі саясат бөлімінің басшылары мен қызметкерлері, облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, дінтанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік өкілдігінің қызметкерлері, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Облыстық ақпараттық-түсіндіру топ мүшелерінің біліктілігін көтеруге арналған семинар-тренингке қатысқандарға арналған сертификаттар берілді.

Еске сала кетсек, елімізде соңғы кезде болған террорлық әрекеттерден кейін жарияланған террористік қауіптің сары деңгейі ұзартылған еді.

Террорлық қауіптің «сары» деңгейі қазір бүкіл Қазақстан аумағына тарап отыр. «Сары» деңгей террорлық қауіптің беті қайтты, бірақ біржола сейілген жоқты білдіреді. «Сары» деңгей кезінде құқық қорғау органдары күшейтілген тәртіпте жұмысын жалғастырады. Құжат тексереді, көлікті тоқтатып тексеру құқы беріледі.