Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев Ақтау қаласының 32 «а» шағын ауданында орналасқан жаңа 120 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін табыстады, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Жалдамалы үйдің иелері болып Ұлы Отан соғысының ардагерлері, облыстық орталықтың тұрғындары, тұрғын үй алуға кезекте тұрған әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар мен білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері аталды. 24 пәтердің кілті ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді. Бүгінгі таңда Ақтау қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 5 мыңнан астам адам тұр, оның ішінде 2 мыңнан астамын әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар құрайды.
Қызыл лентаны Ұлы Отан соғысының ардагері Жаңбырбай Әлиев пен Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев қиды.
«Дағдарысқа қарамастан, облыстағы тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүріп жатыр. 2016 жылдың 1-жартыжылдығында құрылыс жұмыстарының көлемі 61,6 млрд. теңгені құрады. Жалпы ауданы 400,9 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді, ол өткен жылмен салыстырғанда 46,8%-ға артық. 3 бес қабатты 120 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына 1 812 млн. теңге бөлінді. Қалған екі үй осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Жыл басынан бері Ақтау қаласында 466 үлескердің қатысуымен 6 үлескерлік құрылыс нысаны болды. Қазіргі уақытта 4 тұрғын үй қалып, оның ішінде мемлекеттің қолдауымен 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды», — деді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
«Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың аясында жергілікті бюджет есебінен 4-нші сыныпты жайлы 3 бес қабатты 120 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Бір пәтердің жалпы көлемі – 53-55 шаршы метр. Жалдамалы тұрғын үйдің 1 шаршы метрі – 78 теңге 33 тиынды құрайды. Жалпы сомасы жалдамалы тұрғын үйдің ақысы ретінде «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ мен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» қаржы институттарының қатысуынсыз тікелей бюджетке түседі.