Қазіргі кезде коронавирус ауруы (COVID-19) мәселесі дүние жүзі бойынша бірінші орынды алуда. COVID-19 — бұл SARS-CoV-2 жаңа вирусымен туындыған инфекциялық ауру. Ауру респираторлық аурудың жөтел, қызба симптомдарымен, ал ауыр жағдайларда тыныс алу қиындауымен сипатталады. Аурудың жаңа анықталған белгілеріне дәмнің және/немесе иістің жоғалуы жатады. COVID-19–ң адамнан адамға жұғуы әуе-тамшы жолдарымен беріледі — вирус COVID-19 бар адамнан сөйлегенде, дем алғанда, жөтелгенде. Инфекция вирус орналасқан бетке немесе затқа жанасқан кезде, кейін көз, мұрын немесе ауызды түрткен кезде пайда болуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар арасындағы осы індеттің алдын алу, кез келген адамның басты мақсаты болып табылады.
Қарапайым сақтану қағидаларын орындау арқылы бұл аурудың алдын алуға болады, ол үшін не істеу керек:
Бір қарағанда, өз қолыңды жуу мәселесі — әр адамның жеке басының ісі болып көрінеді. Екінші жағынан, БҰҰ және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшылары атап өткендей, жуылмаған қол мәселесі, оған әлемдік ауқымда қарайтын болса апаттық салдарға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан күнделікті қолды дұрыс жуу және мүмкіндігінше дұрыс жуу технологиясын сақтау инфекциялық аурулардың алдын алу үшін өте маңызды. Әлеуметтік қашықтықты сақтау ережесін сақтану, егер COVID-19-дың респираторлық симптомдары (мысалы, жөтел) бар кез келген адамнан кемінде 1 метр қашықтықты ұстану, ауруды алдын алудағы маңызды шешімдердің бірі болып табылады.
Бетпердені қалай дұрыс пайдалану керек. Бір реттік медициналық бетперделер бір рет пайдаланылады, және үш сағат сайын ауыстырылып тұруы кажет. Бетпердені ол ауызды, мұрынды және иекті жауып тұратындай етіп кию керек. Сонымен қатар ол мықтап жанасуы тиіс. Бетпердеде баулар бар болған жағдайда, оларды мықтап байлау керек. Егер бетперденің бір жағы түрлі-түсті болса, оның ақ түсін ішіне қаратып киеді. Бетпердеде арнайы қатпарлар бар болған жағдайда, оларды ашу керек, ал мұрын тұсына иілмелі пластина тігілген жағдайда, бетке анағұрлым толық жанасуын қамтамасыз ету үшін оны майыстырып, мұрынға мықтап жақындату керек. Бетпердені пайдаланған кезде оның сүзгі бетін қолмен ұстамауға тырысу керек. Бетпердені ұстаған жағдайда қолды жуу (тері антисептиктерімен өңдеу) қажет. Егер бетперде ылғалданса немесе ластанса, таза және құрғақ жаңа бетперде киіңіз. Бір реттік бетпердені қайтадан пайдаланбаңыз.
Көп реттік бетперделерді оларды өңдегеннен кейін ғана қайтадан пайдалануға болады. Үй жағдайларында көп реттік мата бетпердені шаруашылық сабынымен немесе жуу құралын пайдаланумен жуып, сосын бу генераторының немесе бу беру функциясы бар үтіктің көмегімен өңдеу керек. Өңдегеннен кейін бетперде ылғалды болып қалмауы тиіс, сондықтан соңында оны ыстық үтікпен бу беру функциясын қоспай үтіктеу қажет.
Маңызды мәселердің бірі ретінде салауатты өмір салтын ұстануды қарасақ, ол толық қанды ұйқы, таза ауада жиі болу, белсенді демалу, дәрумендерге бай тағамдарды күнделікті қолдану, яғни бұл барлық адамға таныс күнделікті өміріміз, ол ағзаның кез келген инфекциямен күресуіне едәуір көмектеседі.
Сонымен қатар, егер сізде дене қызуының тұрақты жоғарлауы, респираторлық аурулардың симптомдары пайда болған жағдайда, сіз коронавирус ауруы туралы ғана ойламай, басқада жедел респираторлық аурулардың, созылмалы өкпе және бронхтардың аурулары және «дәстүрлі» шартты патогенді микрофлорадан туындаған пневмониялар, маусымдық аллергиялар және де басқа да созылмалы аурулардың өршу белгілері болуы мүмкін екендігін ескеру қажет. Бұл кезде дұрыс шешім қабылдау үшін мұқият болып, тыныштық пен жан тепе-теңдігін сақтау керек. Әрине, бұл сұрақтарға жауап алу үшін өзіңіздің емханадағы жалпы тәжіребе дәрігеріне хабарласып, оның кеңесін алу (қашықтықтық болса да) дұрыс болады. Ауру белгілерін дұрыс айтып, дәрігерден толық дәлелді кеңес алуға тырысыңыз. Тіпті ауырып қалған күннің өзінде сабырлық сақтап қасындағы отбасы мүшелерінің ауырмауына жол бермеу керек.
Олай болса, әр адам ең алдымен өз денсаулығына өзі жауапты екенін естен шығармайық. «Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, сабырлық сақтап, гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау арқылы инфекциялық аурулардың таралуына жол бермейік. Салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу, дұрыс тамақтану, дәрігерге дер кезінде қаралу - денсаулықты сақтаудың қарапайым шарттары осылар екенін ұмытпайық.
Медицина ғылымдарының кандидаты, Қарағанды медицина университетінің қауымдастырылған профессор, жоғары санатты жалпы тәжірибе дәрігері Омарқұлов Бауыржан Кәденұлы