Павлодарда 122 педагог 2019 жылы физика, химия және информатика пәндерін шет тілдерінде өткізу үшін екінші жоғары білім алуға ниет білдірген, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
«Аймақта қаншама ұстаз екінші жоғары білім алуға дайын екенін анықтау мақсатында мұғалімдердің арасында сауалнама жүргізген болатынбыз. Көптеген жағдайда ағылшын тілінің оқытушылары жаратылыстану-математикалық циклдегі пәндерден сабақ бергісі келеді. Дегенмен бүгінде физика, химия, биология және информатика пәндерінің ұстаздары да шет тілін оқуға дайын», — деп облыстық білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітова мәлім етті.
Ведомство ұсынған ақпаратқса сүйенсек, 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда ағылшын тілінде жаратылыстану-математикалық циклдегі пәндерді енгізу үшін педагогикалық жоғары оқу орындардың студенттері жаңа ережелер бойынша білім алады. Мәселен, өткен жылы ПМПИ-ді көп тілде білім беретін 42 маман аяқтаса, биылғы жылы олардың саны 82-ге жеткен. Жас мамандардың барлығы бірдей өзі оқытатын пәнді ағылшын тілінде жүргізуге дайын емес, алайда олардың басым бөлігі «Академиялық мобильділік» бағдарламасы бойынша шет елде білім алған. Сондықтан белгілі бір деңгейде ағылшын тілін меңгерген. Егер де олар өз күштеріне сенімсіз болса, мектеп әкімшілігі алдымен арнайы курсты жүргізуді тапсырады да кейін негізгі пәндерге ауысады. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап орыс тілінде білім алатын мектептерде Қазақстан тарихы пәні бесінші-жетінші сыныптарда қазақ тілінде, ал қазақ тілінде білім алатын оқушылар Дүние жүзі тарихын орыс тілінде оқитын болады.
Айта кетерлігі, Павлодар облысының 65 орта мектебінде көптілді білім беру бағдарламасы енгізіліп, табысты жүзеге асырылып келеді. Білім беру үш тілде жүргізілетін мектептердің басым бөлігі Павлодарда шоғырланған. Олардың саны – 25. Екібастұздағы 19 мектеп, Ақсуда – 3, Ақтоғай ауданында – 2, Баянауыл ауданында – 3, Ертіс ауданында – 2, Качир ауданында – 1, Лебяжі ауданында – 2, Май ауданында – 2, Павлодар ауданында – 1, Успен – 1 және Шарбақты ауданында 2 мектепте де аталмыш бағдарлама жүзеге асырылуда.
Мектептердің барлығы білікті мамандармен қамтылған. Олардың саны – 373. Жалпы, 4079 оқушы орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде білім алуда. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде үш тілде оқытуды енгізу жөніндегі эксприменталдық жұмысты ұйымдастыру туралы» бұйрығы негізінде үш тілде оқытуды енгізу сынақ режимінде 2 мектепте жүргізілді. Кейін мектептер желісі кеңейтіле бастады.
Облыста көп тілде білім беруді тиімді енгізу үшін Назарбаев зияткерлік мектебі, қазақ-түрік лицейлері, «Жас дарын» мектебі сияқты ірі ошақтар ағылшын тілінде оқыту бойынша әдістемелік көмек көрсетуде. Сонымен қатар, аймақтың жоғары оқу орындарының ғалымдарымен тығыз байланыс орнатылған.