Алматы облысында бірер жылда шетелдік инвесторлардың қатысуымен 8 ірі бірлескен жобаны іске асыру жоспарланып отыр, деп хабарлады NewTimes.kz.
Олардың үшеуі Іле өзеніндегі «Кербұлақ» қарсы реттеуші суэлектр стансасы мен Шелек дәлізіндегі жел электр стансасының құрылысы, сондай-ақ Шелек өңірінің энергия әлеуетін дамыту жобасы. «Инвестиция тартуға қолайлы тағы бір орын «Талдықорған» индустриялық аймағы, дейді сарапшылар.
Жыл соңына дейін онда қажетті коммуникация жүргізіліп, теміржол тартылып, тасжол төселмек Өндірістік аймақ аумағында бүгінде соя зауыты, ет және нан комбинаты салынуда. Мұнда құрылыс жүргізуге 12 компания өтініш берген.
«Жеті жарым мыңдай адамға жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Индустриялық аймақтың көлемі - 600 гектар, бұл - өте үлкен аумақ. Онда 40-қа тарта өндіріс іске қосылуы тиіс. Кем дегенде 100-120 миллиард теңге инвестиция тартуды көздеп отырмыз», - деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Маржан Мұрат.
Сонымен қатар, Алматы облысында май өнімдерін өндіретін «ЭФКО» компаниясы «Талдықорған» индустриялық аймағы аумағында жылына 350 мың тоннаға дейін майбұршақ өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Оның болжам бойынша іске қосылу мерзімі – 2017 жыл. Бұл туралы сәуір айында өткен брифинг барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлімдеген болаты..
«56-қадам – «Экономиканың басым секторларына «зәкірлі» инвесторлар тарту» аясында жалпы инвестиция көлемі 34,7 млрд. теңгені құрайтын үш ірі жоба жүзеге асырылуда, шамамен 500 жұмыс орны құрылады», – деді сол кезде аймақ басшысы.
Оның бірі – ирандық «Империя Фуд» компаниясының ет комбинаты, қалған екі жобаны ресейлік компаниялар жүзеге асырады. Біріншіден, бұл Іле ауданында 60 гектар жерді алып жатқан «ЭКО-культура» агрохолдингінің өнеркәсіптік-жылыжай кешенінің құрылысы. Бірінші кезеңде 20 гектар алаңға қуаты жылына 15 мың тонна томат өңдейтін жылыжай кешені салынады. 260 жұмыс орны құрылады.
А.Баталовтың айтуынша, екінші жобаны май өнімдерін өндіретін «ЭФКО» компаниясы жүзеге асырады. Ол өткен жылдан бері майбұршақты Ақсу, Көксу, Ескелді, Алакөл және Сарқан аудандарының шаруа қожалықтарынан сатып алып, оны Алматы қаласында өңдеуде.
«Енді олар «Талдықорған» индустриялық аймағы аумағында жылына 350 мың тоннаға дейін майбұршақ өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Оның болжам бойынша іске қосылу мерзімі – 2017 жыл», – деді облыс әкімі.