четверг, 25 апреля 2024 г.
icon
444.32
icon
473.33
icon
4.76
Алматы:
icon
15oC
Астана:
icon
1oC
1xadv
×

Шымкенттегі қоқысты қайта өңдеу зауыты толықтай іске қосылуға дайын

Соңғы бірнеше жылда Шымкенттің аумағы еселеп өсті. Іргеде орналасқан елдімекендер қалаға қосылып, шаһардың «миллионер» статусын алуына жағдай жасалды. Тиісінше коммуналды қызмет көрсетумен айналысатын мекемелердің жұмысы да артып отыр. Яғни, Шымкенттен шығарылатын қоқыстың көлемі ұлғайған. Есептеулер бойынша қаладан күн сайын 680-750 тоннаға дейін қатты қалдық полигонға жеткізіледі екен.

Өркениеті дамыған елдерде қоқыстың өзін кәдеге жарататынын жақсы білеміз. Яғни, оны қайта өңдеп, өнім алып, өнімді сатумен де пайда табады. Дәл мұндай жобада Шымкентте де жүзеге асып жатқанын айта кету керек. «Бадам» индустриалды аймағында бұл бағытта әлеуетті жобаның құрылысы бітуге таяған.

Маңызы да зор, әрі пайдасы да мол бұл салаға қызығып отырған инвесторлар да бар. Соның бірі – «Бадам» индустриалды аймағында орналасқан «Полиэтилентерефталат (ПЭТ) қалдығының жасанды талшығы өндірісі» зауыты. Жылына 50 мың тонна жасанды талшық өндіретін зауыт биылғы күзде толық қуаттылығымен іске қосылмақ. Ал Шымкенттегі жағдай қалай? 

Бұл жоба «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде жүзеге асып отыр. Инвестициялық құны – 20 млн АҚШ доллары. Жасанды талшық – бұл өнеркәсіптің барлық салаларында қолданылатын әмбебап материал. ПЭТ-ті қайта өңдеу Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартуға әсер етеді. Аталған жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отыр.

Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, бір күнде қаладан 590-650 тонна аралығында қоқыс шығады. Оны полигонға шығару қызметі ТҮКШ-тің арнайы автотранспорт мекемесі, «Спец эко-сервис» ЖШС, «Бек Асыл Сервис» ЖШС-іне жүктелген. Жаз маусымында қоқыстың көлемі де едәуір көбейеді.

Шымкентте Ақтас-1 елдімекеніне жақын маңда 29 га жерді алып жатқан жалғыз қоқыс полигоны жұмыс істейді. Бұл жобаны ең алғаш «Технология – 21» ЖШС қолға алған-тын. Бірқатар қиындықтар кезігіп, зауыт жұмысы тоқтап та қалған еді.

Қазір бұл жұмыстарды «Green line» ЖШС атқаруда. Қоқыс сұрыптау зауыты аталған мекемеге 5 жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Кәсіпорын былтыр желтоқсан айында іске қосылып, жұмыс басталып кетті. Сұрыптау қуаттылығы 17 пайызға жуықтайды. Онда негізінен сұрыпталып жатқан – қағаз, картон, ПЭТ ыдыстар, пластмасса, темір, т.б. бұйымдар. 

Шымкент қалалық тұрғын-үй коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, зауыт жұмысы әлі де жаңғыра түсу керек. Заманауи құрылғылар жетіспейді.
«Green line» ЖШС өкілдері не дейді? Қазіргі мұндағы ең басты мақсат – жұмысты тоқтатпау. Күніне 500 тоннаға жуық қоқыс келеді. Қалдықтар сұрыпталып, сатылымға да шығып жатыр. Қоқыс зауытының басшысы Ғалым Сәдібековтың айтуынша, жарамайтын қоқыс полигонда көміледі. 

Қиындықтар да бар. Ол негізінен тариф мәселесіне қатысты. Қазір тек электр энергиясына ақы төленеді.

«Зауытты қосқалы бері әлі тарифті көтермедік. Алматы, Астана қалаларында тариф жоғары. Біз де бағаны көтеруге ұсыныс жасаймыз. Полигон жанынан қосымша жобалар қосу сынды бірқатар жобаларымыз бар. Болашақта дайын өнімдер де шығарамыз. Қазір «Даму» қорынан субсидия алуға құжаттарымызды дайындап жатырмыз. Мемлекеттен де қолдау керек», – дейді ЖШС директоры.

Сондай-ақ, зауыт басшылығы алда сұрыптаудан қалған қоқыстарды жағып жіберетін жобаны да іске асырмақ. Ол жүзеге асса, қалада ешбір қоқыс қалмайды. Әзірге жоспар 800 тоннаға дейін. Оның да құрылысы полигонның жанынан жүргізіледі.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0