пятница, 29 марта 2024 г.
icon
448.15
icon
483.46
icon
4.86
Алматы:
icon
10oC
Астана:
icon
4oC
1xadv
×

Кәсіпкерлерге қолдау: Шымкенттік саудагерлерге сауда орындары 1 айға тегін беріледі

Осыдан бірер күн бұрын Шымкенттегі «Қырғы базар» алдында заңсыз саудамен айналысып отырған саудагерлердің дүңгіршіктері түгелдей бұзылып, өздері еріктерінен тыс көше бойын босатқан болатын. Бұл сәт түсірілген видео әлеуметтік желілерде тез тарап, қоғамның наразылығын тудырғаны жасырын емес. Десе де, жергілікті билік өкілдері бұл саудагерлерге базардың ішкі жағынан, яғни заңды сауда орталығынан тегін орын берілгенін айтып, халықты босқа даурықпауға шақырды.

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, аталған саудагерлердің бәріне жыл басынан бері ескерту жасалып, бұл аймақта сауда жасауға тыйым салынғаны туралы бірнеше рет айтылған екен. Тіпті, сот шешімінің көшірмесі қолдарына тапсырылған. Алайда, мұнан кейін де жабайы сауда тыйылмаған көрінеді. Сондықтан, осындай шараға баруға мәжбүр болдық дейді аудан әкімі.

Десе де, көше бойынан қуылған саудагерлердің бірде-бірінің құқығы аяққа тапталмаған, олардың әрбіріне дәл осы «Қырғы базардың» ішіндегі сауда қатарларынан орындар ұсынылыпты.

«Сот «Қырғы базар» маңындағы Төле би көшесінің жалғасын босату туралы шешім шығарды. Мұндағы 34 дүңгіршектің иесі – Б.Қонысбаев пен А.Сапарова. Дүңгіршектердің барлығы бұзылды. Ал сатушыларға базар әкімшілігі «Қырғы базардан» 150 бос орын ұсынды. Тауарды түріне қарай жеміс-жидек, күнделікті тұтынатын киім-кешек, аяқ киімдер қатарына жайғастырды. Айта кетейін, базар сыртындағы ретсіз сауда қатарында мектеп формасын сататын орын болған жоқ. Базар ішінен берілетін орындар үшін әкімдікпен жасалған меморандумға сәйкес 1 айға ақысыз және осы сатушылар салық төлеуден де уақытша босатылды», - дейді Ғабит Мәуленқұлов.

Аудан әкімі қаладағы әрбір кәсіпкерге жергілікті билік тарапынан көрсетілетін қолдаудың одан әрі де жалғаса беретінін айтты. Сондықтан, саудагерлер бекітілген заңды бұзбай, тек белгіленген жерлерде ғана кәсіппен айналысса дейді ол. Ол үшін қазір бүкіл қала аумағындағы базарларда жеткілікті деңгейде бос орындар бар.

«Ретсіз саудаға байланысты жұмыстардың соңғы 4-5 жылдан бері жүріп жатқанын айттық. Бұл – тек Әл Фараби ауданы бойынша емес, тұтас қала көлемінде қолға алынған шара. Бұл жауапты қызметке мен келмей тұрып-ақ қаладағы 8 базар басшысымен аудан әкімі аппараты меморандум түзген. Меморандум аудан көлемінде ретсіз сауда орындарын жою, қала көшелеріндегі санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында түзілді. Осыған орай әр базар иесі бос орындар ұсынып, мейлінше жеңілдіктер ұсынып отыр. Атап айтқанда, «Алаш» базары жеміс-жидек сатуға 12, басқа тауарларға 35 орын ұсынды. Меморандум аясында сатушыларға «Айна» базары – 45, «Бекжан» базары – 4000, «Әсел» базары – 160-тан астам, «Автонұр» базары – 50, «Самал» базары – 52 бос орын ұсынса, «Акбар» базарының басшысы Б.Акбаров таяу күндері 60 кәсіпкерге өз ісін дамытуға орын табылатынын және 180 адамды осы салада жұмыспен қамту мүмкіндігі барын айтқан. Қазір «Акбар» базарында құрылыс жүріп жатыр. Ал тағы да басқа жеңілдіктер қарастыруға базар басшылығы құқылы», - деп сөзін түйді Ғ.Мәуленқұлов.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0