среда, 15 января 2025 г.
icon
530.24
icon
543.97
icon
5.16
Алматы:
icon
2oC
Астана:
icon
-10oC
×

Бақытжан Сағынтаев зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Алматы қаласының әкімі жазушы Софы Сматаев, академик Серік Қирабаев, актер Тұңғышбай Жаманқұлов, ақын Иран-ғайып Оразбаевпен кездесті. Олар заманауи әдебиеттің қазіргі жағдайы, қазақстандық жазушылардың әдеби мұраларын ғылыми тұрғыда зерттеу, театр өнерін дамыту мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар, кездесуде әдебиеттің, театр мен киноның өскелең жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі және шығармашылықтың қаланың мәдени және рухани өміріндегі ерекше орны туралы сөз болды.

Еске салсақ, бұрындары Жазушылар одағында Бақытжан Сағынтаев қолдау шаралары туралы айтқан еді. Оның тапсырмасы бойынша Жазушылар үйі жөнделеді, қалыптасқан және жас жазушылар үшін арнайы гранттар бекітілетін болады.

Қала әкімінің бастамасы бойынша әдеби байқау, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында үздік сценарий конкурсы ұйымдастырылады. Жеңімпаздар өздерінің шығармашылық идеяларын қала театрларының сахналарында көрсете алады. Бұлардан өзге, аудандарда жастар демалысының орталығына айналатын жаңа форматтағы кітапханалар ашылады.

Сондай-ақ Алматыда ІІ халықаралық жазушылар форумы басталды. Үш күнге созылатын алқалы жиында әлемнің 18 елінен келген 81 жазушы, аудармашы, пулицистер мен әдеби сыншылар бар.

Алматы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан халықаралық форумның негізгі тақырыбы – жазушылардың жылдар бойы көтеріп келе жатқан мәселесі. Осы уақытқа дейін қазақстандық әдебиетшілердің ішінде саусақпен санарлықтары ғана өз шығармаларын өзге тілге тәржімалап, шет елдік оқырмандарға ұсынып келді. Десе де, олардың арасында да алаяқтарға алданып қалғандары бар.         

«Біз АҚШ-та Әбдіжамал Нұрпейісовтің кітабын аударғаннан кейін ондағы оқырмандар осындай керемет жазу бар екеніне таң қалды. Олар тек жазушымен ғана танысқан жоқ, бүкіл қазақ жұртымен, әдеп-ғұрпымен, өмір сүру салтымен танысты. Тіпті, ол шығарма Нобель сыйлығына да үміткер атанды. Демек, біз аударма арқылы тасада қалып жатқан таланттарды танытып,  халықаралық ынтымақтастықты нығайта аламыз», –  деді жазушы Владимир Картцев.

«Аудармамен жұмыс істеу үшін 4 мәселе қарау керек. Бірінші, біз кімді аударамыз, екінші қай тілге аударамыз, үшінші кім аударады, содан аударған кітаптарды насихаттау. Сондықтан ең бірінші осы мәселенің басын шешіп алу керек», – деді қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин.

Үш күнге созылатын халықаралық форум барысында қатысушылар көркем шығармаларды аудару мәселесімен қатар әдебиет әлеміндегі байланысты да сөз етеді.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0