Шымкент қаласы Eldorado дәмханасының қызметкерлері орысша жазылған мәзірді талап еткен қоғам белсендісі Асан Анарбайға «Даяршы мәзірді қазақша түсіндіргені үшін сізден 10% обслуживание алынады» деп жауап берген. Қоғам белсендісі дәмхана қызметкерінің бұл әрекетін анық қазақ тілін шеттету, қазақ тілді қоғамның құқығын таптау деп санап отыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
«Бүгін бала-шағамен ойнап болған соң, ойын-сауық орталығына жақын жерге тамақтануға бардық. Eldorado дәмханасы. Шымкент қаласы Бәйдібек би даңғылы 25 «А» үйде орналасқан. Ас мәзірін қазақша сұрап едім қабағын тыржитты. Даяшы жігіт «қазақшасы жоқ» деп кесіп айтты. Әкімшісін шақыртуын өтіндім. Бір уақытта келіп, сұрауымызды жеткізгенін, есігінің сыртына «Staff only» деген жазу ілінген бөлмеде отырғанын айтты. Тапсырыс бердік. Пицца-мицца, су-пу әкелінді. Әлден уақыт болды. Әлгі «құпия есікке» кіріп-шыққандардан әкімшіні сұраймын. Бірі іште отыр десе, бірі шығып кеткен дейді.
Қазақ тілді азматтың сауалына жауап беруден ашық бас тартқан дәмхана басшылығы не қызметкерлерімен байланысу үшін Асан Анарбай әлеуметтік желілердегі парақшаларына жүгінген. Ондағы байланыс нөмірлерінен де мардымды жауап ала алмаған. Ол жайла автор төмендегідей жазды:
«Телефонды ақтарып жібердік. eldoradopizza.kz сайтынан байланыс ақпаратын тауып (сайты, Instgram, TikTok парақтары да орысша), +7-707-001-17-17 нөміріне хабарластым. Сағат 18.50 кеткенде тұтқаны көтерген әйел адам сөзімді шарт кесіп «бізде қазақшасы жоқ» деді де 71 секундта тастай салды. Ал керек болса... Бұғып қалатын мен емес. Тағы қоңыраулаттым. Сондағы айтқаны нұр.кз жазатындай «жаға ұстатты». Заң күшіне енгелі бір жылдан асса да енді қазақшаланып жатыр деді.
«Жаға ұстатқаны» мынау: «Егер де менюдағы тағамның түрлері түсініксіз болса, даяшы қоспасын, барлығын қазақ тілінде түсіндіріп береді. Түсіндіргені үшін 10%-тік обслуживание алынады» дейді. Қазақша сапалы әрі толымды қызмет сұрап тұрған тұтынушыны мазақ қылғаны ма әлде... Әйтеуір түсіне алмадым. Компанияның келбеті саналатын оператордың екі сөзінің бірі орысша», — деп қайырды азамат.
Асан Анарбай Eldorado дәмханасына қарасты байланыс қызметкерінің ұлттық тілдің өзін шұбарлап, тілдік дискриминацияға бастамашы болып отырғандығын айыптайды. Оның қазақ тілінде сапалы қызмет алуының өзі мұңға айналғанына қапаланады.
«Ең қасіреттісі – «орысша мәзірді қазақшалап түсіндіргені 10%-дық қызмет ақыға кіреді» екен. Бұрын-соңды тілдік дискриминацияның мұндай ауыр түріне ұшырасып көрмегем. Қатты тиді. 102-ге тере бергенде әлгі «сыртқа шықпайтын әкімшінің есігінен» біреу шығып, үстелімізге келді. Кезекші полицейге қажет болса, кейінірек хабарласам дедім. Өзін осы кафенің қожайыны, аты Нұржан деп таныстырған ер адам сөзінің арасында қайта-қайта қазақ тілінің патриоты екенін айта берді», — деді тіл жанашыры.
Кейіннен өткір шындықты арқау еткен жазба авторы қазақ тілді қоғамды қорсынудың республикалық деңгейде «кең сипат» алғанын ашық айтады. Тіпті, қазақ киноөнерінің өзі қазіргі таңда айыр тілде түсірілетін болып жүргенін сынға алады. Кәсіптің басында жүргендер, халық игілігі үшін түрлі өнер туындысын жасап жатқандар, ел алғысы мен халық ықыласына бөленгенген қазақ тілін санасына сіңіріп, оның құдіретін түсінуге шақырады. Оны тіл майданының күрескері былайша суреттейді:
«Өткенде «Түнгі студияда» Нұрлан Қоянбаев «Бизнес по казахски»ді неге орысша аралас түсіргенін айтты. Сонда тек қазақша түсірсе көпшілікке өтпейтін еді дейді...» бла-бла-бла... Уәжінің түрі. Тоқетері, қазақша ас мәзірі сөз басында 3 күнде, сөз соңында 2 аптада дайын боладыға келді. Қазақы өңір деген жоқ. Қылмыс, заңсыздық мекен де, адам да талғамайды. Бұл жағдайды тәпіштеп жазып отырғаным – бар кәсіпкер, азамат, тұрғын «Қазақ тілінің» жылын сана-сезімімен түйсініп, әрекет етсе деген тілек», — деп жазды қоғам белсендісі бұған қатысты.