Біз этносаралық қарым-қатынас мәселесіне қатысты қолымызға қалам алып, ақпарат іздеп, материал дайындағанда ішкі пайым-парасатымызға еркіндік бермей, туындаған жағдайға сырт көзбен жан-жақтан терең үңілуіміз қажет-ақ. Бұл - менің 12 қарашада Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» тақырыбында өткен ІІ халықаралық медиа форумнан түйген пікірім.
Аталған ауқымды іс-шараға ұлтымыздың ұйытқысы саналатын оңтүстік өңірінен этножурналистика саласында еңбектеніп жүрген жеті азамат барып, қатыстық.
Ресей, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды сегіз елден арнайы келген халықаралық деңгейдегі белді сарапшылар форумда этносаралық түсініспеушілік салдарынан туындап отырған жағдайлардың себеп-салдары мен оқиғалардың мерзімді басылымдар мен телеарналарда және ақпарттық сайттарда жариялануы жайына кеңінен тоқталып, ұлтаралық алауыздық тудырмау үшін БАҚ өкілдерінің білім-білігін көтерудің жолдарын жан-жақты көрсетті.
Басылым журналистеріне арналған «Қоғамдық келісім мәнмәтініндегі медиамәдениет» панельді сессияға республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп модераторлық жасаса, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы А.Идигов пен «Білімді ел» газетінің бас редакторы Л.Түркістанова спикер ретінде өздерінің құнды ой-пікірлерімен бөлісті. Электронды БАҚ саласында еңбек ететін тілшілерге арналған «Журналист – медиатор: мүмкіндіктер мен перспективалар» тақырыбындағы сессияда кәсіби медиатор Г.Урозбаева мен «Астана» телеарнасының жүргізушісі Л.Пак аудиторияға этносарасындағы қарым-қатынасты жазып, көрсетудің қыр-сыры мен жемісті тәжірибелер жайында сөз қозғады.
Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған әлеуметтік желілер және ондағы блогерлер жайын қаузаған үшінші панельді сессия «Қоғамда бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға блогерлік сала мен әлеуметтік желілердің әсері» тақырыбында өрбіді. Жиында «Синьхуа» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілдігінің шеф-тілшісі Л.Чжоу мен «Cultura plus» арнасының бас редакторы Т.Аббасов этносаралық қарым-қатынастың өте нәзіктігі және түрлі әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратудың қоғамдық пікірге ықпалын әсерлі әрі әдемі айтты.
ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтың жетекшілігімен жүргізілген медиа-форумның кеңейтілген пленарлық сессиясында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты М.Әшімбаев, «Әл Арабия» телеарнасының жүргізушісі Б.Джассем сынды азаматтар сындарлы ойларын ортаға салды. Жұртшылықпен емен-жарқын пікір алмасып, қазақстандық бірліктің төзімділікке, адамды сүюге, қайырымдылыққа шақыратын жоғары адамгершілік мұраттарға негізделгенін айрықша айтты, өзгеше ұғындырды.
Іс-шара барысында республикалық «Шаңырақ» шығармашылық конкурсының қорытындысы бойынша этножурналистика саласында қалам тербеп жүрген жүзден жүйрік, мыңнан мықты тілшілер қатарында оңтүстікқазақстандық «Арыс толқындары» телеарнасының редакторы Ж.Өтегенова мен «Elnur TV» телеарнасының журналисі В.Садықбекова «Мемлекеттік тілдің рөлін арттыруға бағытталған үздік теле-радио бағдарламалар» номинациясы бойынша арнайы марапатталды.
Бейбітшілік пен келісімнің мәнін ұқтырған форумда халықаралық деңгейдегі беделді сарапшылардың пікрілерін тыңдап, ой түйген әрі елеулі еңбектерінің арқасында арнайы марапатты иеленген оңтүстікқазақстандық делегация тың серпінмен өңірімізге оралып, мазмұнды іс-шарадан алған әсерімізді әріптестермен қуана бөлістік. Астанаға барған жетеуміз форум жайлы кеңінен материал дайындап, оны оңтүстік жұртшылығына көрсетуді алдымызға мақсат етіп, таңдаған бағытымыздың дұрыс екендігіне көз жеткіздік. Этносаралық қарым-қатынас саласында БАҚ өкілдері ықпалының орасан екенін сезіндірген салмақты іс-шара бізге үлкен күш-жігер сыйлады.
Лейла Төребекова,
ОҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз хатшысы