Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының «Жастар орталығы» мекемесінде облыстық еврей этномәдени бірлестігі өздерінің тілдері, салт-дәстүрлері күні мерекесін атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында еврей ұлтының мәдениеті мен салт дәстүрі және шығармашылық жұмыстарымен таныстыру шараның басты мақсаты болып табылды. Мерекелік кеш кітап көрмесімен басталды. Онда еврей ұлтынан шыққан жазушылардың кітаптары қойылған. Концерттік бағдарламада әртүрлі тілде әндер шырқалып, кеш жандана түсті.
Сондай-ақ, іс-шара барысында еврей халқы өздерінің көнеден келе жатқан салт-дәстүрінің төртеуімен таныстырды.
Мезуза. Еврей халқының ертеден келе жатқан қасиетке толы құнды дүниелерінің бірі болып табылады. Еврейлердің үйі немесе өздері жиі басқосатын ғимараттардың босағасында көрініс беретін дәстүрлі наным-сенімге тән құралдар есік жақтауына орнатылады. Көлемі басбармақтың жуандығындай, ұзындығы 15-20 сантиметр болып келетін мезузаның ішіне үй иелерінің өздеріне ғана тиесілі ұлттық ерекшеліктері жазылған қорапты еврейлер қасиет санайды. Есіктен кірген әрбір келуші қорап сыртын алақанымен немесе саусақ ұшымен ақырын ғана сипап, табалдырықтан сәлем бере, үй иелеріне бейбітшілік пен береке тілеп аттайды.
Мезуза – қазіргі кезде еврей отбасылары тұратын үйдің дәретханасы мен жатын бөлмесінің ғана есігіне орнатылмайды. Өзге бөлмелердің барлығына-дерлік немесе үйге кірір негізгі есіктің жақтауына қойса да жеткілікті екен. Ал оны үй иелерінің ішіндегі ер азамат қана қолдан жасауы міндетті немесе Израильде арнайы мезуза жасайтын орындардан алдыруға да болады.
Цдака. Қазақша мағынасы да, мәні де – "садақа" сөзіне сай келеді. Кәдімгі өзіміз арнайы сауда орындарынан немесе мешіттерден көп көріп жүрген садақа жәшігі сияқты. Тек, оның көлемі мен түр-түсі әртүрлі болып келеді. Еврейлер отбасында, өздері жиі барып тұратын орындарда мезудадан кейін болуы тиіс міндетті құндылықтардың бірі болып табылады.
«Цдак» - бұл «қайырымдылық», «мейірімділік» деген мағынаға сай келеді. Яғни, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуда кез-келген уақытта, кез-келген жерде мол мүмкіндіктер қарастырылған. Әрбір жұма кешінде қобдиша ашылып, онда жиналған тиын-тебен салу арқылы жиналған қаражат көмекке зәру жандарға үлестіріледі. Бір ерекшелігі мұндай қобдишалар еврей отбасыларында ғана емес, қаладағы кеңселер мен дүкендерде де жиі орнатылады.
Шабад. Бұл еврей халқының арасында сенбілік мереке ретінде кең тараған. Бұл күн олардың ұғымында тек қана демалыс қана емес, рухани тұрғыдан тазару, жаңару, тынығу, күнәдан арылу күні болып келеді. Еврей салты бойынша жаңа күн қазіргі уақыт өлшемі 24:00-ден кейін емес, апта жұмасында күн ұясына батқан соң басталады деп есептеледі. Яғни, осы күнге әрбір еврей отбасы ерекше құрметпен дайындалады. Үстел үстіне ақ дастархан жайылып, қос балауыз шам қойылып, кешкі ас мәзіріне арналған ас-суды әдеттегіден ерекше ықылас, пейілмен әзірлейді. Еврейлер арасына «Шабад» кешінде кіріп келген қонаққа Жаратушының жіберген сыйы ретінде қарау көзқарасы ерте замандардан жалғасып келеді. Егер ақ дастархан үстіне қойылған тағамдармен қатар, жанып тұрған екі балауыз шамды көрсеңіз, онда осы халық өкілдерінің «Шабад» мерекесі деп топшыласаңыз қателеспейсіз.
Шафар. Еврей халқының ең көнеден келе жатқан ерекше аспаптарының бірі. Тауешкінің мейлінше үлкен боп өскен мүйізінен жасалады. Мүйіздің түбін тегістей кесіп, ұшын бармақтың басындай етіп тесу арқылы және отқа ептеп қана қыздырып, ішін тазалайды. Бұл жердегі басты мақсат – ішкі демді қара күшке салып емес, керісінше, жеңіл деммен дыбыс шығару болып табылады. Ал аспапты негізінен жыл немесе ғасыр жаңарған сәттерде, яки ерекше атап өтуге лайық кездерге ғана пайдаланады. Мысалы, жыл сайынғы жаңа жыл келіп, айтулы даталар ауысқан сәтте осы шафар аспабымен дыбыс ышғару арқылы жұртшылыққа естіртеді. Сондай-ақ, өзге де ұлттық және мемлекеттік деңгейдегі шаралар мен түрлі лауазымды тұлғаларды қарсы алу сәттерінде шафарды қолданады.