Береке-бірлікке, тындырымды тірлікке бастайтын тағы бір шара Қазақстан халқы ассамблеясының жылына арналды.
Этномәдени орталықтар «Қоғамдық келісім» мекемесінің бастамасымен арнайы фестиваль ұйымдастырды. Сөйтіп, өңіріміздегі түрлі ұлт өкілдері өздерінің салт-дәстүрлері бойынша сахналық қойылым көрсетті.
Фестивалдің мақсаты: ұлттар достығын насихаттау. Қазақстандық патриотизмнің негізі халық бірлігінде екенін жеткізу. Әр ұлттың өзіндік болмысы мен ерекшелігін жастарға көрсету болатын. Облысымызда 20 этномәдени орталық болса, бүгінгі байқауға солардың төртеуі қатысып, өздерінің бақтарын сынады.
«Ынтымақ» этномәдени орталығы бүгінгі сайыста қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрін орындап берді. Қыз 13-ке толғанда оң жаққа отырғызу деп аталатын салт – қыздың балалық шағымен қоштасып, болашақ аналық шағына қарай өтуге тәрбиелейді.
Славян этномәдени орталығы «сватовства», яғни, құда түсу салтын көрсетті. Жігіт әке –шешесімен барып, қызға құда түсті. Қолына жүзік тақты.
Ал, өзбек мәдени орталығы келіннің сәлем салуын өзінің сән-салтанатымен көрсете білді. Татар – башқұрт орталығы беташар рәсімін паш етті. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды және әртүрлі номинациялар бойынша арнайы сыйлықтарға ие болды.
ІІІ орын иегері - Өзбек этномәдени бірлестігі
ІІ орын иегері – Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі
І орын иегері – Славян этномәдени бірлестігі
Бас жүлде иегері – «Ынтымақ» этномәдени бірлестігі
Қосымша 7 номинация бойынша сыйлықтар тапсырылды.