воскресенье, 24 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-2oC
Астана:
icon
-11oC
×

Харам астың зияны

Сөз басында шөкім ой...

Ислам – мұсылмандарға өмірдің барлық саласын түгел қамтып, басшылыққа алатын шариғат шеңберін айқын әрі жан-жақты нақтылап көрсетіп берді. Бүгінде Құран Кәрім мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сүннетінде қалыс қалған қандай да бір мәселе жоқ. Біз бүгін солардың ішінде мұсылмандықта нақтыланған ас-ауқат, тағам мәселелеріне қатысты жайларды сөз ететін боламыз.

Аспан мен жердің арасындағы ұшқан құс, жүгірген аң, сан түрлі жеміс-жидек, көкөніс, т.б. ағыл-тегіл, көл-көсір нығметтерді құлдарына берген Раббымыз солардың адалын пайдаланып, харамынан аулақ болуды Құран Кәрімде қатаң ескерткен: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!»(«Бақара» сүресі, 2/168); «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Мәида» сүресі, 5/88).

Ас-ауқат мәселесіне байланысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сондай бір заман болғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады», – деп ескертеді (Сахих Бұхари, әл-Буйуғ, 7).

Сүйікті Пайғамбарымыздың мүбарак аузынан осындай сөздердің шығуының нәтижесінде бүгінде бұл бағыттағы кереғар жағдайлардың анық байқалып жүргені жасырын емес.

Бүгінгі таңда егемен елімізде он миллионға жуық мұсылманның тұратыны көңіл қуантқанымен де сол бауырларымыздың барлығы бірдей ішкен асының халалы мен харамына көңіл аударып жүр ме?Сонымепн қатар, мешітке келушілердің қатарын жастарымыз көптеп толықтырып жүр деп қуанамыз, әйтсе де, кейбір бауырларымыздың ішімдікке әуестеніп, «күн суықта жесең пайдалы» деген қайдағы бір қисынсыз қағидаға сүйеніп,доңыз етіне құмартатынын да өкінішке орай байқап қалып жатамыз. Қала берді, «бойды қыздырған» шошқа етіне ішімдіктің уыты қосылып, зинақорлыққа жол беріп алатын, соның кесірінен түрлі күнә мен қылмысқа бой алдырып жатқан қаракөздеріміз қаншама десеңізші... Осы бір келеңсіздіктің барлығы айналып келгенде харам мен халалды айыра алмаудан, туралап айтқанда, айыруға тырыспағандықтан бастау алатындығы анық. Бір қарағанда адамның ішкен-жегенін сөз етудің өзі де артық сияқты көрінеді. Тек, түбіне үңілсек адал асты қолданудың өзі, ұлттық болмысымыздың тазалығына кепіл болатындығын аңғарамыз. Мәулана Руми: «Ілім де, хикмет те, Құдайға деген ғашықтық та, шынайы мейірімділік те ішіп-жемнің адал болуына байланысты. Асқазанға түскен бір түйір ас бойда қызғаныш пен арамзалықты оятса, надандық пен ғапылдыққа берілуге сеп болса, онда мұндай ас – харам» деген екен. Атақты ғалым, ізгі адам болудың және ізгі ұрпақ өсірудің халал аспен тығыз байланысты екеніне меңзейді. Демек, ішіп жеудің де маңыздылығы жоғары болғаны...

Атадан қалған ас емес...

Кімде-кім болмасын, харам асқа құмартудың соңының жақсылыққа апармасы анық. Біреулер өздерін өздері алдап, денсаулыққа пайдалы деп, харам астарды пайдалануға жол беріп жатады. Жалпы алғанда ішімдіктің зияны туралы ел ішінде аз айтылып жүрген жоқ.Дәрiгер Альфина Дебруч: «Iшкiлiктi көп пайдаланатын халықта өлiм көбейiп, бала өсiмi күрт төмендейдi. Себебi, дүниеге спирттiң әсерiмен әлсiреген ұрпақ келедi. Ұрпағын апаттан сақтап қаламын деген әрбiр саналы адам iшкiлiкке қарсы тұруы қажет!»,-деп дабыл қаққан екен.

Құран Кәрімнің «Мәйда» сүресінің 90 аятында «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәскелесу шайтан ісі. Жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық ғадауат тудырады. Сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?», - деп қатаң ескертеді. Ұлттық тәрбиеміз шариғатпен үндесіп жатқан ұлт едік, бүгінгі ұрпағымыз осылай болса, ертеңіміз не болмақ?

Имам Ғазали сәбиді хараммен қоректенетін әйел емізсе, болашақта баланың ұяты азайып, қиқар қылықтар мен нашар әдеттерге жақын болып өсетіндігін, сондықтан баланы харамнан алыс салиқалы, ізгі ниетті әйелге емізу керектігін ескерткен.

Сан тараулы тарихымызға үңілсек, үлгі-өнегесімен күллі мұсылмандардың ортақ мақтанышына айналған тұлғалардың көпшілігінің мейілінше харамнан сақтанғандығын, ешкімнің ақысын жемеген адал, момын, діндар, тақуа отбасылардан шыққандығын аңғарамыз. Келер ұрпақтың ары таза, рухани дүниесі бай болсын десек, бала-шағамызды, отбасымызды халал, таза аспен қамтамасыз етуіміз маңызды болып тұр.

Тақуа кісілердің бірі Әбу Бәкір Уаррақ бір әңгімесінде:«Таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін маңайымдағы кісілерге қарап, кімнің адал ас, кімнің арам ас жегенін ажырата алам», – деді.Жанындағылар: – «Ұстаз, оны қалай ажыратасыз?» – деп сұрағанда: – «Кімде кім таң ата бос сөз, бөстекі әңгімеге салынса, әркімдерді сырттай жамандап, былапыт сөз айта бастаса, демек, оның бұл әрекеті арам ас жегендігінен туындауда деп түсінем, ал егер кімде-кім таңертең тұрғаннан кейін әуелі Алла Тағаланы көп зікір етіп, тәухид кәлимасын айтып, өзіне кешірім-истиғфар тілесе, оның бұл әрекеті адал ас жегендігінен. Өйткені адал да, арам да адамның күнделікті іс-әрекетіне міндетті түрде әсер етеді» деп түсіндіріпті. Тақуа Әбу Бәкірдің бірнеше ғасыр бұрынғы тұжырымын бүгінгі күнмен салыстырсақ, денеңіздің түршігіп, шымырлап кететіні анық. Себебі айтпаса да түсінікті, кейінгі кездері ішімдіктің ылаңы қоғамды ластап бітті.

Мына қызықты қараңыз, Францияның генетиктері ХVІІІ ғасырда «Ұлт тәрбиесінің негізі ұлттық тағамында» деген ғылыми қорытынды жасапты. Француздар жаңалық көріп әлдеқандай қылып жүрген тұжырымды әл-Фараби бабамыз: «Егер ұлттың өзінің тарихи тағамы жоғалатын болса, ол ұлт ауруға ұшырайды», – деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп тастаған. Осы орайда от ауызды Ақтамберді жыраудың: «Биенің сүті сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?!», – деген отты жыры езуіңнен еріксіз су ағызады. Қазақ өмірі үшін адал астың қадірі ерекше екенін ойлы шумақтарымен ортаға салып кеткен бабаларымыздың көрегендігіне риза болмасқа шараң жоқ.

Арамға құмар болғанша...

Әңгімеміз ас жайында болғандықтан, соңғы кезде, көпшілік арасында белең алып тұрған салыға деген әуестікті де сөз ете кеткен артық болмас.

Шыны керек, шошқаның еті зиянды екенін ғылым дәлелдеп те қойды. Десек те «шошқаның етін жеп өлген ешкім жоқ қой. Қайта, қыста денсаулыққа пайдалы» деп, жоқ жерден жөнсіз «пәтуа» шығаратындарды да көз көріп жүр. Сөздерінен жаның түршігеді, міндетті түрде «міне, мынау шошқаның етін жеп өлді» деп біреудің мәйітін көрсетуге міндетті сияқтымыз.

Жақында namys.kz сайтынан Ұларбек Нұрғалымұлының мына әңгімесін оқып риза болғанымыз бар.

...Нұрланның туған жері Ақмола облысы, Қорғалжың өңірі. Әкесінен естіген бір әңгімесін тілге тиек етті.Елде азық-түлік аз кез. Бала кезім, еңбектегі адамдарға азық тасимын. Өзім тамақ апаратын адамдардың ішінде қой жаятын бір ақсақал бар, сол кісінің қылығы есімнен кетпейді. Азық дегенде тәтті-дәрмек, печенье деген секілділер ғой. Бір күні жарты пакет печенье апардым. Ақсақал ашып көрді де, тақтайдың үстіне төкті. Мен байқамаппын, неше түрлі аң-құстың суреті бейнеленген печеньелердің ішінде шошқаның бейнесі де бар екен. Ақсақал анадай жерде жатқан шырпыны алды әлгі бейнеленген печеньелерді бөлек іріктеді. Сөйтті де, дауысы шығар-шықпас кіжінді. Әлгі пакетіме қайтадан салды да далаға алып шықты. Мен таңмын. Не істер екен деп қарап тұмын. Ол кісі барды да әлгілерді итаяқтағы суға салды, сөйтіп әбден еріп, кейпі жоғалғаннан кейін күрекпен жерді қашап көмді де тастады. Күрегін қойып жатып маған қарады. Сөйтті де көмген жерін нұсқап: «ананы жедің бе, сол боласың» деп зірк етті. Үндемедім. Бала кезім ғой, ақсақалдың қылығында біртүрлі оғаштық, еріккендік бар секілді көрінді. «Олжай печеньеғой», -депқоям. Ендіойласам, олайемесекен...

Әңгімеге кейіпкер болған ақсақалдың сол заманның солақай саясатына іштей қарсылығы мен жеккөрушілігіне іштей риза болдым. Ал қазір, өз еркіміз өзімізге тиген заманда, ата-бабадан қалған адал асымызды былай ысырып, қорсылдақтың сасық етіне неге сонша құмартады екенбіз?

Доңыз деген жануар аурудың ордасы. Бүгінгі күні доңыз етінен адамға жұғатын көптеген кеселдер анықталып отыр. Мамандардың айтуынша, шошқа етінде кездесетін хистамин мен имидазол денені қышытып, есекжем, бөртпе (экзема), дерматит сияқты тері ауруларын тудырады. Олар, сондай-ақ, соқырішек, өтжолдарыауруларына да себеп. Шошқаетіндегі трихина құрттары да өте-мөтеқауіпті. Трихина құрттарыасқазан, ішекарқылықанғаараласады. Тіпті сал ауруынашалдықтыруы да кәдік. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, шошқа бойындағы несеп жүйесінің тек үш пайызы ғана сыртқа ағады екен. Қалғаны бойында қалады деген сөз. Ал ойлана беріңіз.

Шошқа етін жемеу туралы тиым тек Құранда ғана емес Тәурат пен Інжілде де айтылған. Құран Кәрімнің, Бақара сүресі, 173 аятында«Шынайы түрде сендерге өлексені, қанды, доңыз етін және Аллаһтан басқаның атымен бауыздалғанды арам қылды. Сонда кім мәжбүрленсе, қарсылық қылмаса шектен шықпаса оған кінә жоқ. Күдіксіз Аллаһ өте Жарылқаушы, ерекше - Мейірімді» десе, інжілде «Ал оларға лас пұттардан, бұзақылықтан, өлексе мен қаннан аулақ болу және өздеріне қаламағанды басқаларға қолданбау өсиет етілді» делінген (Інжіл, 15 тарау, 20 стих).

«Ал доңыз, оның тұяғының ашасы айрық болса да, ол күйсемейді, ол сендерге адал емес; оның етін жемеңдер және өлексесіне жоламаңдар» деген тиымды да кездестіруге болады (Второзаконие 14:8).

Шошқаның (қабан) етін пайдаланудың өзі адамды трихинеллез деп аталатын аса зардапты ауруға шалдықтырады. Трихиннел деп аталатын аурудың қоздырғыш құрты сыртқы әсер ету күштеріне өте шыдамды. Одан сақтанудың бір ғана жолы бар, ол — доңыз етін жемеу.

Шошқа етінен листериоз ауруы жұғады, бұл да өмірге өте қауіпті.

Ал доңыздан келетін ең қауіпті ауру – қатерлі ісік (рак). Бүкіл әлемнің ғалымдары осындай шешімге келіп отыр. Тыңғылықты зерттеулер мынаны көрсетті: шошқа клеткалары асқазан сөлінде ерімейді, адам ағзасында тұрып қалады да бөтен денеге айналады, ал ол қатерлі ісікке айналады.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ұлағатты қағиданы бойымызға сіңіріп өскен ұрпақ едік, зияны дәлелденген «пәлекетке» үйір болудың не пайдасы бар?

1929 жылдары Америка жұртшылығына өзінің неше түрлі қисынды-қисынсыз PR-акциялары арқылы танылған Эдвард Бернейс «Таңғы асқа қуырылған шошқа майын жеу керек» деген сыңайдағы түрлі акциялар ұйымдастырғаны бар. Осы бір далбаса пәлсапаны қолдағандар да болды, тек, «ғұмыры» ұзаққа бармады. Егер Бернейс сол бір бастамасын бүгінгі таңда көтерсе, тұтас елдің қаһарына ұшырары сөзсіз еді. Себебін айтып жатудың өзі артық, бүкіл әлемнің медицинасы зиянын мойындап отырғанда, таңғы асты кім қолданады? Тіпті еврейлердің шошқа етінен мүлде бас тартып отырғанын ескерсек, «қыста пайдалы дәмсымақтың» не құны қалды? Бұл дегеніңіз ағзағыңызды ауруға шалдықтырып, харамға былғанып, ақыретте жауабы қиын сауалға душар болу деген сөз емес пе.

Сөз соңында...

Бұл жазбамызда ақыл айтып, жақтым күйе, жаптым жала ету ойымызда жоқ. Тек ел ішінде кездесіп жатқан көңілге қаяу түсірер бірер оқиғалардың түйінін сөз еткеніміз еді. Жаппай елден түңіліп, бетті басқан да ештеңеміз жоқ, бар болғаны кейбір бауырларымыздың бүгінгі қателігі ертеңгі күніне қауіп болмаса дегендік болатын.

Пайғамбарымыз с.а.с. «Мұсылмандар бір-біріне жанашырлығымен және рақымшылығымен бір дене секілді. Егер дененің бір жері ауырса, онда бүкіл дене онымен бірге ыстығы көтеріліп, ұйқысы қашып, мазасызданады» деген. Тәуелсіз еліміздің ертеңгі тірегі болар жастарымыз зиянды әрекеттен аулақ болса игі еді деген ойымыз ғана.

«Жақсы адам кім?» деген сауалға пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген. Демек, әркім Алланың өзіне берген қабілеті мен қарымын елдің игілігі, халықтың бірлігі мен дамуы жолында жұмсағаны жөн. Бұл үшін ұрпақ тазалығы маңызды болса керек.

Харамнан сақтану адамды тақуалық мәртебеге жеткізеді. Харамды жасамаса көп сауапқа ие болуы мүмкін, харам жасалса, ауыр күнәға батып, жүректер қарайып, иман әлсірейді, адамның көңілі кірлеп, ғибадаттардан ешқандай рахат ала алмайды. Қиямет күніне барғанда да ауыр азап тартады.

Хз. Омар (р.а.) қайтыс болғанда хз Аббас (р.а) оны түсінде көру үшін қатты ынтық болып, жан-дүниесімен тіленіпті. Алайда оның тілегі алты айдан кейін ғана қабыл болып, түсіне Омар кіреді. Хз Аббас оның неге осынша уақыт зарықтырып, күттіргенін сұрағанда хз Омар «есебімді енді беріп біттім» деген екен. Пайғамбарымыз с.а.с. құрметті достарының бірі де бірегейі Омар есебін алты ай берсе, біздің күніміз не болмақ...

Ертеде Ыстамбұл шаһарында өмір сүрген Уфа хазіретіге сүт сатушы әйел келіп, «сіздің ұлыңыз менің сүт тасып жүрген шелегімді тесіп тастады» деп шағым айтады. Уфа баласы үшін кешірім өтініп, әйелге шелек алатын ақша беріп шығарып салады. Бірақ өзі, «балам неге бұлай істеді екен?», - деп көп ойланыпты. Ақыры жауабын таба алмаған соң, әйелімен ақылдасады. Сөйтсе әйелі: –Мен осы балама аяғым ауыр кезімде көрші әйел тамаққа шақырған болатын. Сол үйде қонақта отырып, дастархан үстіндегі апельсинге көзім түсіп, көңілім қалап жегім келді. Сол жерде үлкен әжелердің: «Аяғы ауыр келіншек жерік болған нәрсесінен ауыз тимесе, баласы әлжуаз болып туылады», - деген сөзі есіме түскені. Жеріктіктен және оған қоса үлкендердің айтылған сөзінен соң ойланып қалдым. Жегім келіп қызығып отырғаным тағы бар. Бірақ, үй иесінен сұрауға ыңғайсыздандым. Сосын оған бір шыны су алып келуін сұрадым. Осы сәтті пайдаланып, жағамда түйреулі тұрған түйрегішпен әлгі апельсинді тесіп, сорып, ішіп үлгеріп едім дейді. Құрсақта жатқан балама рұқсатсыз алған олқы әрекетіммен өрескел тәрбие көрсеткен екенмін ғой, - деді. - міне, бар бәле, бар кілтипанның көкесі де осындай ғой. Енді сенің қателік жасағаның белгілі болды. Сен, тез арада сол көршіден барып, кешірім сұра,-дейді Уфа хазреті. - қойыңызшы, арада қанша уақыт өткенде сол болмшы нәрсеге бола қалай кешірім сұраймын?- деп жұбайы наразылық білдірді.

- Жоқ, ол көрші әйелден міндетті түрде кешірім сұрауың керек. Алла Тағала алдында біреудің ақысының үлкенді-кішісі болмайды. Сен не болып жатқанын білесің бе? Біздің ұлымыз қазір небәрі алты жаста. Болашақта осы әрекетін көрсетпесіне кім кепіл? Баламызға ақырын түсіндіріп, өзгенің затына қол тигізбеуді үйретіп қояйық. Сен тездетіп көрші әйелге бар, - деді.

Осы бір ғибратты оқиға ана құрсағында жатқан шаранаға харам мен халалдың қаншалықты әсер етерін айшықтап тұрса керек.

Абдруахманов Бақдәулет,

Шымкент қалалық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің имамы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0