Ислам атын жамылып, теріс діни ағымдардың қатарында жүргендер әдетте кез-келген ұлттың салт-дәстүрін, тарихын жоққа шығарып, бидғатқа балайтыны белгілі. Бұл топ айтарлықтай қауіпті көрінбейтін шығар. Алайда, олардан төнетін қауіп содырлардан еш кем емес дейді белгілі исламтанушы ғалым Мұхитдин Исаұлы.
– Бидғатшылықтың қаупі сырттай қарағанда, содырлық әрекеттермен салыстырғанда қауіпсіз тәрізді көрінгенмен, салыстырмалы жағынан келгенде оның содырлық әрекеттерге баратын жастарды дайындауға және психологиялық ауытқуына ерекше рөл атқаратын жақтары бар. Яғни, бидғатшылық қаупі содырлық қауіптің түпкі тамырлары деп айтуға келеді. Бидғатшылықтың түбінде халық пен қоғамды өзіне жау ету жатыр, - дейді ғалым.
Ол сондай-ақ, бидғаттың қайдан пайда болғанын да түсіндіріп өтті.
– Жалпы, исламда бидғат жаман-жақсы болып екіге бөлінеді. Бидғат деген сөз асылы дінде болмай, кейіннен адамдардың не болмаса белгілі бір халықтың дінде жоқ нәрселерді дін етіп көрсетіп, соны діни амалдай санауы. Мысалы, сахабалар Мысырды алғанда ол жерде сол баяғы пирамида тәрізді жәдігерлік ескерткіштер көп еді. Бірақ, оларды қиратпаған. Сұлтан Фатих да Аясопияны мешітке айналдырғанда қабырғалардағы христиандардың киелі санаған суреттерге тиіспеген. Ауғанстан тәрізді елдерде де Орта Азияда көне будда тәрізді діндерге арналған жәдігерлер әлі күнге дейін сақталған еді. Міне, дінде осылай бола тұра ислам атын жамылған содырларда осыған қарама-қайшы әрекеттердің болуы, олардың исламға қарама-қайшы топтар екені анық білінеді, - дейді М.Исаұлы.
Осы ретте айта кету керек, қазақтың барлық салт-дәстүрі мен наным-сенімін ширкке балап жүрген бидғатшылар елімізде жетіп артылады. Дегенмен, соңғы жылы мұндай теріс діни ағым ұстанушыларымен күрес те ел аумағында қызу жүруде. Мәселен, ОҚО Дін істері басқармасы жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ өкілдері облыс аумағындағы барлық оқу орындарын аралап, жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, дәстүрлі емес исламды ұстанушылармен де кездесулер болып, орталық басшысы Мәди Беспаев бастаған ғалымдар тобы оларға теріс діни ағымдардан келетін залал туралы мәліметтер берді. Әдетте, қазақ дәстүрін жоққа шығаратын да осы салафизм идеологиясын қолдаушы топ екенін айта кеткен жөн.