Құран Кәрімде дүниедегі барлық жаратылысты еркек және әйел етіп жұп қылып жаратқандығын баяндалған (Хужурат 13, Зарият 49, Нахл 72, Шуғара 11). Тіпті өсімдіктерде де мұндай ерекшілік бар екендігі белгілі.
Адам баласы жанұя құрып, неке қию арқылы жануарлардан бөлінеді. Жануарларда да жыныстық қатынасқа деген қалау бар. Бірақ олар қалау сезімін тояттандыру жөнінде ешқандай да бір құрал-қағидаларға бағынышты емес. Өйтені олар хайуандар. Ал адам баласы болса құрал-қағидаларға бағынышты жаратылыс болып табылады.
Ислам дінінің жанұяға берген маңыздылығына ашықтамастан алдын асыл дініміздің құндылықтарын терең түсіну үшін Пайғамбарымыз келместен алдыңғы надандық дәуіріндегі отбасы жайлы қысқаша тоқталып өтуде пайда бар.
Әзіреті Пайғамбардың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келген дәуірінде қазіргі таңда некеден тыс кеңінен жайылған басқа да үйлену түрлері бар еді. Уақытымызды алмас үшін бұларды тек аттарын ғана жазып өтейік:
Ашыналық үйлену
Екі еркектің әйелдерін ауыстыру арқылы үйлену
Екі бауырдың бір әйелге үйленуі
Қысқа уақытқа арналған үйлену
Екі ер кісінің өз қыздарын немесе қарындастарын ауыс-түйіс арқылы үйленулері
Текті жерден бала сүйіп, тектілікке қол жеткізуі үшін әйелін сол ортадағы тектілігімен танылған адаммен бірге қалдырып, қашан жүкті болғанға дейін еш тиіспестен бірге қалдыратын.
Әйел кісі көп кісімен төсектес болып, жүкті болған кезде сол еркектерден бірін таңдап баланың әкесі деп жариялау арқылы үйлену. Ер кісі де бұған қарсы шыға алмайтын.
Өгей шешесімен үйлену.
Бұл айтылғандар Араб мемлекеттерінде болған жағдайлар. Ал басқа елдердегі жағдайлар өте нашар еді. Қысқа ғана тоқталып өтер болсақ:
Римдік философ Сенека өз сөзінде былай дейді: «Әйелдер өмір сүрген жастарынан да көп еркектермен тұрмыс құра алатын еді».
Платон: «Әйел ортақ зат секілді қолданылуы тиіс»-деп айтады.
Англияда ХVI-шы ғасырға дейін әйелдер Інжілді оқымақ түгілі қолдарын тигізе де алмайтын.
Ағылшын епископы Доур: «XVIII-ші ғасырға дейін әйел заты күйеуі отырған дастарханға отыра алмайтын. Бір нәрсе сұралмаса сөйлемейтін»- дейді.
Сөздің тоқ етеріне келер болсақ, әйел мен жанұя жайлы жағдайлар айтуға ауыз бармайтындай дәрежеде еді.
Міне Ислам діні, әйел баласы мен жанұя құндылықтарының жойылуына шақ қалған сәтте келген болатын.
Енді Ислам дінінің әйел баласы мен жанұя құндылықтырына қалай мән беретіндігіне тоқталайық:
Құран Кәрімде Алла тағала үйленіп, отбасы құруды әмір етеді (Нұр сүресі 32). Олай болса отбасы құру да Алланың әміріне мойынсұну, әрі құлшылық болып табылады. Мұнымен бірге Әзіреті Пайғамбардың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйленіп, отбасы құру жайында әмір еткен көптеген хадистері бар. Тіпті үйленіп отбасы құрудан қашқандар үшін «менің жолымнан айрылғандар» (Сахих Бухарий, Неке, 1)-деп кіналаған. Мұнымен бірге уйленіп отбасы құрудың бүкіл пайғамбарлардың сүннеті екендігін білдіріп (Тирмизий, Неке), «мұсылман кісі үйлену арқылы дінінің жартысын орындағанмен тең»-деп бұйырады.
Ислам діні, отбасы құрудан қашқандарды өмірден безгендер деп біледі. Жауапкершіліктен қашып, басы бос, өз нәпсісіне құл болып өмір сүру болып табылады.
Жанұя – қоғамның ажырамас негізі, өмір атты жолдың алғашқы мектебі. Бұл мектептің негізін қалаушы әрі алғашқы ұстаздары ата-ана болып табылады. Балаға өмірлік тәлім-тәрбие беруде әке-шеше егістік алқабындағы дән-дақыл еккен диқанға ұқсайды. Егер егінші еккен дақылының жемісі мен нәтижесінің оң болуын қаласа, қашан пісіп жетілгенше тер төгіп еңбек етуі заңды құбылыс. Осы секілді ата-ана, бақытты ұрпақ өсіру не өсірмеу өздеріне байланысты. Аллаһ Расулі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әке-шешенің балаларына берген тәлімінің қаншалықты маңызды екенін мына хадисінде айқындайды:«Әрбір нәресте Ислам жаратылысымен туылады. Егер ата-анасы яхуди, христиан немесе мәжуси болса солардың сенімімен тәрбиеленеді», - деу арқылы сенім мен тәрбие әке-шешенің наным-сеніміне қарай негізделетінін ескертеді.
Отбасы – әр түрлі жамандыққа қарсы қалқан іспетті. Бұл қорғанның қабырғасы бекем болуда ата-ананың рөлі өте маңызды. Әке-сырттан келетін қауіптің алдын алса, ана-іштен келетін қатердің тосқауылы болып, қандай жағдай болмасын кеңесіп, келісіп шешім қабылдайды. Құранда жанұяға ерекше мән беріп, бірнеше жерде ескертулер жасағанын мына аяттардан байқаймыз: «Өздеріңді және үй-іштеріңді тозақ отынан қорғаңдар», «Жанұяңа көркем сөзбен сөйле», «Отбасыңды намазға бұйыр» т.б. осы сияқты үндеулер, жүзеге асырылып орындалғанда ғана бақытты жанұя болуға қол жеткізетінін көрсетеді.
Жанұяның адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?
Балаға берілетін тәлім-тәрбие жүйесінің алға қойған мақсаты нақтылы болмаса, жас ұрпақтың санасы сергелдеңге ұшырап, күні ертең сан соғып, сандалып қалары анық. Сондықтан оқу-ағарту мәселесінде әуелі нені оқытып, оны қандай әдіс-тәсіл арқылы үйрету керектігін алдын-ала айқындап алған жөн. Ислам дінінде тәлім-тәрбие кең ауқымдылығымен ерекшеленеді. Баланы жастайынан имандылыққа баулу, үлкенді құрметтеу, қішіге қолғабыс болу, дұрыс және таза киіну, тамақты «Бисмилләмен» бастау және оң қолмен жеу, ысырапқа бармау, өтірік пен ұрлықтан аулақ жүру,бұзақылық жасамау секілді адамгершілік қасиеттермен баули келе жастайынан, жаратушы және рызық беруші Аллаһ Талаланың ұлылықтығын, Құран Кәрім сүрелері мен дұғаларын үйрету, намаз оқуды сүйікті ету және мешіттің мұсылмандардың ажырамас бір бөлігі екендігін бойына сіңдіре білу керек.
Шығыстың ойшыл ғалымы Әл-Фараби: «Маған жас жеткіншектеріңді көрсет, мен сендердің болашақтарыңды айтып берейін», - деген. Болашақ десек те, келешек десек те бұл сөздер «бала», «ұрпақ», «өркен» деген мағынаға барып тіреледі. Адамның өзге тіршілік иесінен айырмашылығының өзі дүниеге перзент әкелген соң, оның болашағын ойлап кім болар деп, сол жолда ата-аналық борышын ақтау. Әке-шешенің өзіне қоятын талабы, өз жанұясына құрметпен қарап, бала өміріне бей-жай қарамауы, ата-ананың әрбір қадамын жіті бақылауы, міне, тәрбиенің ең басты және ең бірінші әдісі. Осы тұста саңлақ сахаба Хазіреті Алидің (р.а.) ата-аналарға қатысты үндеуіне құлақ түрсек:«Балаларыңызды бүгіннің білімі мен мәдениетіне лайықтап емес, өздеріңіз болмайтын ертеңгі күннің жағдайына қарап тәрбиелеңіздер», - деген, ұлағатты сөзі талай нәрсені ұқтырса керек!
Қорыта келгенде, қазіргі таңдағы ата-аналар Ислам дініндегі мәні терең, Құран мен сүннеттен алынатын мазмұнды тәрбие негіздерімен танысып, әуелі өздерінің бойына сіңіріп, кейін өз перзенттеріне үйретсе ғана көрегенді ұрпақ өсіре алады. Осының барлығы орындалып, игі мақсаттабірлесіп жұмылғанда ғана тәрбие өз нәтижесін берері анық.
Ырысбаев Жандос,
Дінтанушы, ОҚО