Дәстүрлі қазақ танымында «Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасқан» деген ұғым бар. Өзге тіршілік иелерінің бәрі де жұп-жұбымен жаратылған. Адам да бұдан тысқары емес. Ер мен әйел қосылып, бір бүтінге айналады. Көңіл жарастырып, отау көтереді. Жарасымды отбасы құрады. Ұрпақ өрбітеді.
Ер мен әйел бір-біріне мұқтаж етіп жаратылғандықтан, үйлену – Адам ата мен Хауа анамыздан жалғасып келе жатқан табиғи құбылыс.
Бойдақ кезде үйдің де, түздің де бар ісін бір өзі арқалап жүрген жастар үйленгеннен кейін жұмыстарын өзара бөлісіп, бір-біріне тірек болады. Шаңырақтың жауапкершіліктерін сезінген жұп ендігі жерде жинақылық пен жүйелілікке үйренеді. Үйленген жұптың әрқайсысының бойында жаңа қабілеттер ашылып, іскерлігі артады. Бір-бірінің кемшіліктерін толықтырады.
Жастардың үйленуімен екі жақ бір-бірімен танысып, құда-жекжат болады. «Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» деп жақыннан сыйласады. Келін түскен жерінің қызындай, күйеу бала қайын жұртына ұлдай болады. Өз әке-шешесінің қатарына ата мен ене қосылып, жанашырларының саны көбейе түседі. Туысқандары арқылы адамның өрісі кеңейіп, қолы ұзарады. Жақын адамдардың көбеюімен өмірдің жүгі сәл де болса жеңілдейді.
«Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деп жатамыз. Өйткені, шаңырақ құрғаннан кейін адамның еңбекке деген құлшынысы да артып, бас қосқан жастар енді үй болудың қамын ойлайды. Қаржы-қаражатын есептеп, орны-орнымен жұмсауға дағдыланады. Қолында бардың қадірін біледі. Ал, үнемшіл үйге береке жауады. Құранда былай делінген:
«Егер олар кедей болса, Алла оларды шексіз шарапатымен байытады»(«Нұр» сүресі, 32-аят.)
Шаңырақ құру жастарда байсалды да, байыпты мінез-құлықтың орнығуына жол ашады. Сабырлылық пен төзімділікке үйретеді. Ұшқалақтық пен жеңілтектіктен арылып, ақылы толысады.
Үйлену арқылы адам баласы өзін түрлі күнәлардан қорғайды. Бұл турасында пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Уа, жастар, араларыңда үйленуге шамасы жететіндер үйленсін. Себебі көз зинасынан да, іс-әрекетпен жасалатын зинадан да ең күшті сақтану жолы – үйлену. Бұған шамасы жетпегендер ораза ұстасын. Себебі ораза ол үшін – қорған» деп кеңес берген.
Өмірдің жаманды-жақсылы күндерден тұратыны мәлім. Бір жастыққа бас қойған ері мен әйелі қиын-қыстау күндерде бір-біріне демеу болады. Сондықтан болар, ерлі-зайыптыларды «өмірлік жолдас» дейді. Оның үстіне дүниеге әкелген перзенттері есейе келе өздерінің қолқанаттарына айналып, қартайғанда қарт әке мен белі бүгілген шешені кезінде өздерін өсіргендей мәпелемей ме? Бұл үшін, әрине, баланы сәби күнінен жақсылап тәрбиелемек керек. Дұрыс тәлім алған перзент әке мен шешенің мақтанышы, сүйенер тіреніші. Бала тәрбиесi – берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол, тәрбие саласының ең өзектiсi. Ата-ана – балаларына жақсы тәрбие беруде қоғам алдында жауапты. Баланың тәрбиесіне жіті қарап, оны мұсылмандық қасиеттерге баулу, діни сауатын ашу, Алла Тағаланың алдындағы міндетін үйрету, жат қылықтар мен бейәдептіктен сақтандыру барысында ерлі-зайыптылар еріксіз өздерін де тәрбиелейді. Себебі, баланың алғашқы ұстазы − әке мен ана. Сондықтан, баласын жақсылыққа шақырғанда ата-ана сол жақсылықты алдымен өзі жасап, жамандықтан тыйғанда, алдымен сол жамандықтан өзі тыйылып үлгі көрсетуі тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы туралы хадисінде былай дейді:
«Бәрің де жауапкерсіңдер және жауапкершіліктеріңдегі нәрселерден сұраласыңдар. Патша өз қол астындағылар үшін жауапты және солар үшін сұралады. Отағасы жанұясына жауапты, солар үшін сұралады. Әйел күйеуінің шаңырағына жауапты, сол үшін сұралады. Қызметші қожайының мал-мүлкіне жауапты, сол үшін сұралады. Бәрің де жауапкерсіңдер, бәрің де жауапкершіліктеріңдегі нәрселерден сұраласыңдар».
Еш кедергі жоқ бола тұра үйленбеу – адам табиғатына, Алла Тағаланың жаратылыс заңына қайшы іс. Себебі, Алла Тағала адам баласын әдейі ер мен әйел етіп жаратқан. Ер кісінің де, әйел затының да өзіне тән міндеттері бар. Сондай-ақ, ер кісі әйелге, әйел адам ер кісіге мұқтаж. Бұл − табиғи қажеттілік. Аятта айтылғандай: «Әйелдер сендерді (бүркейтін, күнәдан тыятын, шаттыққа бөлейтін және көрікті қылатын) киім (секілді), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілді)сіңдер»(«Бақара» сүресі, 187-аят). Демек, әйелі күйеуінің, күйеуі әйелінің қажетіне жарап, бір-бірінің кемшіліктерін толықтырып, көзімен де, көңілімен де басқаны іздемейтіндей бір-біріне пана болса, қосағымен қоса ағарады. Сондықтан хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Үйлену – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, менен емес (яғни үмбетім емес). Үйленіңдер, өйткені басқа үмбеттердің алдында мен сендердің көптіктеріңді мақтан тұтамын», – делінген.
Сахаба Әнәс (р.а.) бір оқиғаны былай еске алады: «Бірде үш кісі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) пәк жұбайларынан Расулалланың (с.ғ.с.) үйде қалай құлшылық ететіні жайлы сұрады. Сөйтіп, олар Алла елшісінің (с.ғ.с.) құлшылығынан хабардар болған соң, естігендерін өздерінше азырқанып: Пайғамбардың қасында біз кімбіз? Оның бұрынғы және болашақтағы күнәлары түгелдей кешірілген ғой – десті. Содан олардың біреуі: Мен бұдан былай түнімен көз шырымын алмастан намаз оқитын боламын – деді. Тағы біреуі: Бұдан былай өмір бойы үзбей ораза ұстаймын – деді. Енді біреуі болса: Мен де бұдан былай әйел атаулыға жоламаймын, ешқашан үйленбеймін – деді. Мұны естіген пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға барып: Анадай-мынадай істеймін деп айтқан сендерсіңдер ме? Алланың атымен ант етейін! Мен Хақ тағаланы бәріңнен де қатты құрмет тұтамын, әрі Одан бәріңнен де қатты қорқамын. Сөйте тұра, кей күндері ораза ұстап, кейде ұстамаймын. Түнде тұрып намаз оқимын әрі жатып тынығамын. Сондай-ақ, үйленіп отау құрамын. Кімде-кім менің жолымнан бас тартса, менің жағымда (маған ерушілерден) емес – деп үшеуіне де қатаң ескерту жасады», – деп ескертті» .
Көріп отырғанымыздай, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрбір мұсылманға үйленуді өсиет етеді. Сондықтан, шамасы жеткен адамның үйленуі – сүннет.
Алла Тағаланың разылығын мақсат тұтып үйленген жұптың отбасылық өмірі терең мәнге ие. Олардың әрбір іс-әрекеті құлшылық жасағандай сауапқа кенелтеді. Неке қиылған уақыттан бастап ер азаматқа отағасылық, жас келіннің мойнына әйелдік міндеттер жүктеледі. Егер олар осы міндеттерін кемшіліксіз атқаруға талпынса, осы әрекеттерінің өзі Жаратушы Иенің алдындағы құлшылығы болып табылады. Әрі ерлі-зайыптылардың өмір қиыншылықтарына қарамастан балалы-шағалы болуы, оларды мәпелеп өсіруі, дұрыс тәрбие беруі, нәпақасын адалдан тауып асырауы, осы жолда тер төгуі Алла Тағаланың алдында сауапқа кенелтер іс екені хақ.
Мұсылмандық құндылықтарды пір тұтатын, дәстүрге берік, өзара сыйластық пен түсiнiстiкке, имандылық пен ізгілікке негізделген отбасы – бақытты отбасыға жатады. Мұндай шаңырақ астында жасы үлкенге қай кезде де құрмет, ал жасы кішіге ізет танытылады. Келіні енесін анасындай сыйлап, енесі келінін өз қызындай көреді. Арақ ішу, ұрыс-керіс, ажырасу секілді келеңсіздіктер кездеспей, әркім өз міндетін атқарады. Жастардың тәрбиесі жіті қадағаланып, дастархан басында салиқалы әңгімелер айтылады. Балалар жастайынан еңбекқорлыққа, талаптылыққа, отансүйгіштікке, сауапқұмарлыққа тәрбиеленеді. Ұяттылық пен арлылықты, намысшылдық пен азаматтықты бойға сіңіріп өседі. Алла Тағала мен пайғамбарға (с.ғ.с.) деген ыстық махаббат сезілген, дінді құрметтеген, жауапкершiлiк сезiмi жоғары отбасыны үлкен тәрбие мектебi деуге болады.
Алау ƏДІЛБАЕВ,
исламтанушы, PhD доктор. ОҚО