воскресенье, 24 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-2oC
Астана:
icon
-11oC
×

Ауылдарда алдын алу шаралары бұған дейін жүргізілмеген – дінтанушы

ОҚО Дін істері басқармасы жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ директорының міндетін атқарушы Мәди Бесбаевтың айтуынша, дәл осы экстремизмді алдын алуға бағытталған кездесулер ауылды жерлерде бұрын жүргізілмеген екен. Ал, қазір тұрғындардың діни сауаты біршама ашылды дейді ол.

Айта кетейік, жыл басынан бері аталған орталық мамандары аудан-қалалар мен шалғай ауылдарда барлығы 3 мыңнан астам кездесу өткізген. Олардың басым бөлігі оқу ордаларында ұйымдастырылыпты.

– Ауыл тұрғындарын күнделікті хабарландырып тұрмасаң білмейді. Ауылдық жерге барғанымызда бізде мұндай кездесулер бұрын өткізілмеген деп қуанғандары да болды. Сондықтан, ақпараттандыру бірінші кезекте. Әлі есімде, осындай бір кезекті кездесуде бір ақ жаулықты әжеміз: «Балам, бізге неге өзге ағымға еріп кеткендер жайлы айтып жатырсың? Бізде ондай бәлелер жоқ» дейді. Сосын мен: «Апа, жоқ болғаны бізге жақсы. Мәселен, балаңыз мектеп бітіргеннен кейін оны ауылда ұстап отыра алмайсыз, қалаға оқуға жібересіз. Сол кезде осындай ағымдарға кездессе не болады? Мәселе осында» деп түсіндірдік. Өйткені, жас бала өзге ағымдардың жетегінде жұтылып кетуі мүмкін. Ал, бұл ағымда бірінші кететін кім? Жастар. Біздің қоғамда ең әлсіз әлеуметтік буын ол — жастар. Сенгіш, еліктегіш. Себебі, аға буын өкілдерімен салыстырғанда жастар алдауға тез түседі. Үлкендердің көзін жеткізу қиындау. Ал жастар еліктеушілікпен, соқыр сеніммен кетеді. Яғни діни иммунитеті әлсіз. Біздің мақсат – сол діни «иммунитетті» көтеру, халықтың көзін ашу. Кездесу өткізгенде жүз адамның оны келсе де мен үшін пайда. Біз кездесуге құр қол бармаймыз, кітаптар таратамыз. Айтпағым, жұртшылық арасында ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыру керек. Себебі, еліміз тек қана бейбітсүйгіш діндерді қолдайды, діни алауыздыққа жол бермейді. Ал бұл мәселенің бәрі діни сауатсыздықтан туындайды. Соның әсерінен көп жастарымыз кері ағымдарға соқыр сенімдермен кетіп жатыр. Бізде өмір сүріп жатқан барлық діндерге бейтарап немесе діни тағаттылық, толеранттылық танытып, құрметпен қарау біздің негізгі бағытымыз болып табылады, - дейді дінтанушы-ғалым.

Оның айтуынша, қазір облыста 11 конфессия өкілі өмір сүреді екен. Соның ішінде ең көбі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының қарамағында 786-ға жуық мешіт бар.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0