воскресенье, 24 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-2oC
Астана:
icon
-6oC
×

Ұлт және дін аралық қатынас

Қасиеттi Құран кәрiмде: «Ей, адамзат! Сендердi бiз әуелде бiр еркек, бiр әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жаратып, (өрбiттiк). Өзара бiр-бiрлерiңдi танып, қарым-қатынас жасауларың үшiн көптеген ұлттар мен ұлыстарға көбейттiк. Шынында, Алланың құзырында ең құрметтiлерің тақуалыларың. Шексіз, Алла барлық нәрсенi бiлiп, бәрiнен хабар алып отырады» (Хужырат сүресi, 13 аят),- делінген.

Аятта үндеу бар. Ол барша адамзатқа арналған. Жер бетiндегi күллі адамзат – Адам ата мен Хауа анадан тарағанын ескертiп тұр. Сондай-ақ, Алла тағала бұл аятта адам баласы әр тілде сөйлейтін халықтарға, әр түрлі салт дәстүрлерді ұстанатын ұлттарға, ұлыстарға, әр түрлі діндерге амал қылатын үмбеттерге, қауымдарға, әр түрлі ұстанымдары бар қоғамдарға бөлiнуінің себебi баяндалды. Алланың бұлай бөлудегі себебі жауласу, соғысу, жанжалдасу, бір-біріне мақтану, бірдемеге таласу, бiрi-бiрiнен өздерін жоғары қою, бірін ақсүйек, бірін қара сүйек ету үшiн емес, оның негiзгi себебi тек қана өзара бір-бірін танып, танымдылығын арттыру және өзара байланыс орнатып қарым-қатынас жасау, бір-бірімен тату өмір сүру екенi ұқтырылды. Демек, түрлi-түрлi халық болып өмір сүруден көзделген мақсат халық санасының өсуі, елдің дамуы, өркендеуі. Негізгі мақсатты жауыз тiрлiктерге бұрмалау бір ұлт бір ұлттан өзін жоғары қою Алланың қалауына қарсы шығумен тең күнә боп табылады.

Алланың жазуымен адамзат Адам атадан берi қоғам болып өмiр сүрiп, әлеуметтiк қатынастар жасап келдi. Алайда қоғамда жақсы да, жаман да қатар өмiр сүредi. Адамзат өз бетінше таразылап бiрi өзiн екiншiден артық көредi. Яғни, бірі дәулетiмен, байлығымен масаттанып, бірі тегiмен, шешiресiмен, бірі ұлтымен, руымен, мақтанып, бірі рең-басымен басқалардан өзiн жоғары қояды.

Абу Һурайра (р.а.)  Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) риуаят етуiнше:

“Әлбетте, Алла суреттерiңе (киiмдерiңе, түрлерiңе, мансаптарыңа, мал-дәулеттерiңе) қарамайды. Жанның тазалығына, жасаған амалыңа қарайды” (Имам Мүслiм),-деген.

Демек, ислам дінінде байлығымен, тегiмен, ұлтымен, рең-басымен мақтану ұғымы жоқ, керiсiнше барлық адамзат бiрдей, тең жаратылған. Ал, үстемдiк тек моральдық қасиеттерде, жанның тазалығында, жасаған амалдың жақсылығында барлығын қоса айтқанда адамгершілікте. Адамгершілік қасиеттерді тақуалық дейді. Алла алдында барғанда ұлтымыз, тегіміз немесе реңiмiзбен емес, тақуалықпен жасаған адамгершілікке толы амалдарымызбен қадiрленемiз, ардақталамыз, құрметтелеміз.

Қазiргi таңда отанымыз Қазақстан Алланың қалауымен көп ұлтты әрі көп дiндi мемлекет. Елiмiз жас, зайырлы. Мемлекетте “демократия”, құшағымызға 130 ұлтты сидырып жатқан елміз. Ол ұлттың бәрін өзімізбен тең көреміз. Бұл өмірдің әрі дін исламның да талабы. Ислам дінінде адамның адамнан артықшылығы тек моральдық қасиеттерде, деп өттік. Аллаға шүкір ынтымағымыз жарасып, бағымыз шауып тұрған елміз. Осы арада елбасқарып жүрген ағаларымыздың еңбегін ұмытпаған жөн. Керегесі кең, терезесі тең иманға ұйыған тәуелсіз Қазақсатан елінің тірегі ретінде атқарып жүрген ел қамындағы азаматтардың еңбектері ақталып, абыройлары арта берсін.

Көп ұлтты ел болып өмір сүруді үйреніп кеттік. Бірақ, көп дінді болып өмір сүру қиынға соғама деп қорқам. Заңды түрде “сенiм бостандығы” деп әр түрлі дінге есiк ашып, ерік беріп қойғанбыз. Сол келгінді діндердің ұстанушыларында ұлтын қадірлейтін, отансүйгіштік, отанқорғаушылық қасиет жоқ. Кейбiрiнiң шаңырақты шайқалтатын, мемлекеттiң iшкi тұрақтылығын бұзатын, ұлтараздықты туғызатын, ел қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн тым өрескел iс-әрекетерi бар. Қаншама сенiм бостандығы дегенiмiзбен ел болашағын ескергенiмiз жөн. Осы күндерде «сенім бостандығы» деген тақырыптан тұратын заң талқыға түсіп, толықтырылып жатқаны белгілі. Сондықтан, дұғада болуды ұмытпайық. Жаратқан Алла сол заңды қарап жатқандарға тауфиқ пен ғинаят берсін. Ел ертеңі үшін Соған тер төгіп жатқандардың басына Алла бақ берсін, өмір жастары ұзақ болсын. Бала-шағасы аман болсын.

Әлемге әйгілі Һенри Бергсон деген атақты философ дiн жайында: Өткен тарихта және заманда ғылымды, білімді, пәндi яки фәлсәфәнi бiлмейтұғын адам қоғамдарын кездестiруге болады. Бiрақ, дiнсiз ешбiр қоғам болмайды, дептi.

Даналардан бiрi: Дүниедегi барша адамзаттың әрбірі төрт қадiр-қасиет тұтатын заты бар. Бұл төртеуi жоқ адам шапағаттан жұрдай есептеледi.

Олардың бiрiншiсi: Тәуелсіздігі, бас бостандығы.

Екiншiсi: Тер төгiп еңбегiмен тапқан мал-мүлкi өзiнiң ақысына айналуы.

Үшiншiсi: Отаны. Әр адамның туылып өскен, ата – бабаларынан мұра болып қалған отаны болады.

Төртiншiсi: ғасырлар бойы аманат болып келе жатқан дiнi”,-дептi.

Қазақстан халқының басым бөлiгiн мұсылмандар құрайды. Елiмiзде мұсылмандардың мешiтiмен қатар христиан  дiнiнiң бiр-бiрiмен бiр қазанда сорпасы қайнамайтын неше түрлi секталарының сыйынатын үйлерiмен, шiркеулерi, Еврейлердiң де синагогалары жұмыс атқаруда. Бұлардан басқа да дiн ұйымдары өз миссияларын еркiн жүргiзiп жатқандығына, түрлi жолдармен сандаған дiнсымақтар мен секталардың кiтаптары әкелiнiп таратылып жатқанына баршамыз куәмiз. Олардың iшiнде отан амандығына зиянын тигiзер залалды дүниелер де аз емес.

Өткен  ХХ ғасырда күә болғанымыздай Египет, Ливан, Югаславия, Босния және Герцеговиния елдерi арасындағы қатыгез қанды соғыстың біздің де елде өрбiмеуiне еш кiмнiң де кепiл бола алмауы рас. Алайда бұл салада көреген елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың  басшылығымен бiр қатар iстер өз шешiмiн тауып келедi. Елбасына Алланың өзі жар болсын. Алла бұйырса басқалары да оң шешiмiн  табады деп елбасына үлкен сенiммен қараймыз.

Қазiр шетелдiк дiн танушы, саясаткерлер мен түрлi ұйым өкiлдерiнiң қатысуымен жылына бiрнеше рет елiмiзде дiни мәселелерге арналған конференциялар өткiзiп туру дәстүрге айналды.

Сондағы бiр байқағанымыз – Еуропа, АҚШ-тық түрлi бейресми ұйымдар бiзде олардың дiнi ғана емес, өз құндылықтары мен салт-дәстүрлерiнiң де үстемдiк етуiне мүдделi. Сондай-ақ олар бiзге батыстық стандарттарды да таңып, үлгi ретiнде де ұсынғысы келедi және оны орындамасақ демократия бұзылды деуге дейiн барады.  Әйтсе де олар ұсынғанның бәрiн қабылдай беру парыз емес. Әр халықтың өзiне тән ерекшелiгi бар. Ешкiм де оны жоюға мүмкiндiк бермейдi: Сол сияқты бiз де өз тарихымыз, өз менталитетiміз, өз мәдениетiміз бар халықпыз. Сондықтан алда өз тамырымыздан қайта көгеру, рухани жағынан мықты болу міндеті тұр.

Халқымыз мың жылдан астам уақыттан берi қасиеттi Ислам дiнiн ұстанып келедi. “Ислам” арабшадан – қазақшаға аударылғанда “тыныштық”, “амандық” және “бейбiтшiлiк”, татулық, ынтымақ, ықылас,  деген мағынадағы сөз. Ислам барша адамзатқа әдiлдiктi уәжiп, зұлымдықты харам еткен дін. Өзара көмектесу, мейiрiмдi, бауырмашыл болуға тәрбиелейді.  Бізге де осы керек. Бізге бибітшілік, тыныштық, татулық керек. Алла елдегі ынтымағымызды ұзағынан сүйіндірсін.

Ал “дiн” сөзi де тiлiмiзге араптан енді. “Дiн” сөзiнiң мағынасы көп. Құран кәрiмде жүз шақты жерде түрлiше мағынада кездеседi. Мысалы, 1:4 аятта “Иаумид-дин” – дегенде Дин сөзі “Қиямет күні” деген мағына береді, 39:2 аятта “Мухлисан ләһүд-дин” – “Ықыласпен бойсұыну. Басқа аяттарда “жаза”, “иман”, “сенiм”, “шариғат”, “есеп-қысап”, “тақуа”, “құлшылық”, “насихат” мағыналарында да кездеседi.. Дiн – ақылды, саналы адамдарды, өз еркi және тiлегiмен қайырлы, игiлiктi, көркем нәрселерге жетелейтін дүние. Дiн – бақытқа жетелейтін ең тура жол. Дiн – сүйiспеншiлiк, құрмет. Дiн –сенiм, ғибадат, дұға. Дiн – адамзат, отбасы, қоғамды бақытпен қамтушы. Қысқасы “Ислам дiнi” деп Аллаһ тағаланың пенделерге жiберген екi дүниеде де бақытқа кенелтетiн шариғат қағидаларын, салт-дәстүрi мен үгiт-насихаттарын айтады.

Ислам дiнi әлемге шуағын шашып, нұрын таратқаннан бастап–ақ жер жүзiне жар салып, бейбiтшiлiкке шақырды.

Мұнымен қатар ислам дiнi адамның ой-пiкiрiн қадiрлеп, сенімін құрметтейдi. Ислам ешбiр адамды исламға зорлап  мәжбүрлемейдi, Себебi Аллаһ тағала дiнде зорлық жоқтығын Құран Кәрiмнің (“Бақара” сүресi, 256 – аятында) 

“Дiнде зорлық жоқ. Тұра жол мен азғындық жiгi айқын ажыратылды”,- деп айтқан.

Демек, Алла тағала әлемдегi барлық iс–шаралардың ақ-қарасын ажыратып бергеннен соң қай жолды таңдауын адамның еркiне қалдырды.

Негiзiнде Алла тағала барша адамзатты бiр ғана ақидаға, яғни бiр ғана сенiм – нанымға бастап қоюына да құдретi жетер едi. Бiрақ та адамзатқа басқа мақұлықтарына бермеген ақыл, сана, ой бостандығын бергендiктен адам баласын өз еркiне жiбердi. Бұл тұрғыда да Алла тағала Құран кәрiмде (“Юнус” сүресiнiң, 99 – аятында):

“Сен адамдарды мұсылман болуға күштеп көндiремiн деп ойлайсың ба ?  Жоқ, жер бетiндегi адамдар тек Алла тағаланың бұйрығы болса ғана түгел мұсылман болады”, – деген.

Бұдан шығатын қорытынды жаппай иманға келу, исламды қабылдау Аллаһ тағаланың қалауында, сонымен бiрге иман келтiрмегендердi де жаман көрмеуге, жалпы адам баласы қай дiнде болса да өзара жақсы қатынасқа, мәмiлеге шақырады.

Ислам дiнi басқа дiн өкiлдерiмен төрт түрлi жолмен байланыс жасауды дұрыс көредi. 1. Таныс, бiлiс, жақсы қарым-қатынас орнату. 2. жақсы іске көмектесу. 3. Қайырымдылық жасау. 4. Әдiл болу.

Жақсылық жасау, әдiл болу жайлы Алла тағала Құран Кәрiмде (“Мұмтаһина” сүресi, 8 – аятта):

“(Ал, кәпiрлер iшiндегi) Сендермен соғыспағандарға, сендердiң мекендерiңнен қуып шықпағандарға келсек, оларға жақсылық жасаудан, олар туралы әдiл болудан Алла сендердiң жолдарыңды тоспайды. Алланың әдiл жандарды жақсы көретiнi даусыз”,- деген.

Алла тағала адам қай дiнде болмасын оларға жақсылық жасауды және де әдiл болған жандарды жақсы көретiндiгiн айтып отыр.

Жаратушы басқа дiн өкiлдерiмен жақсы мәмiледе болуды  пайғамбарымыз  Мұхаммед (с.ғ.с.) ғана емес алдыңғы пайғамбарларға да өсиет еткен. Мысалы Ибраһимның қисасында былайша баяндалады: “Бiр кеште Ибраһимның ғ.с. үйiне бiр кiсi келiп, ұзақ сапардан келе жатқанын, барар жолы да ұзақтығын айтып осы кеште үйiне түнеп Құдайы қонақ болуын өтінеді. Ибраһим ғ.с. ол уақытта Алла тағаланың бiрлiгiне, таухидқа шақырып, адамдарды отқа, бұтқа  табынудан қайтарып, пайғамбарлық міндетін атқарып жүрген болатын. Ибраһим (ғ.с.) жолаушының мән-жайын тыңдап болғаннан кейiн үйiне кiргiзiп, отырғызып алдына ас-суын қойды. Әлiгi кiсi тағам жеуден бұрын Құдайыма құлшылық жасайын деп бөлменiң бұрышында тұрған май шамға сәжде жасай бастады. Мұны көрген Ибраһим (ғ.с.):  “сенiң, оның не? Отқа, бұтқа табынудан қайтаратын, Аллаһ тағаланың бiрлiгiне, таухитқа шақыратын пайғамбардың үйiнде тұрып, отқа табынбақсың ба ?”, – деп қараңғы түнде үйiнен қуып жiбердi. Отқа табынушы мажуси шығып кеткеннен кейiн көп ұзамай–ақ, Алла тағаладан: “Сен неге менiң қонағымды үйiңнен қуып жiбердiң?”, – деген уаһи келдi. Мұны естiген Ибраһим ғ.с. артынша жар салып, әлгі кісіні тауып келiп, қонақ етiп күтiп жiбередi. Осы сияқты оқиғалар көп пайғамбарларда кездескен.

Мұның барлығы жалпылама дiнаралық қарым-қатынас пен достық туралы. Ал, ендi соның iшiнде бiр мемлекетте бiрге жасайтын болса қандай мәмiледе қатынаста болу керектiгi жайлы тоқталып өтейiк. Ислам мұсылмандар мен мұсылман еместерге тең құқық берген дiн. Яғни мұсылмандарға тиесiлi немесе мiндеттi нәрселер мұсылман еместерге де мiндеттi әрі тиісті. Сондай-ақ, мұсылман еместерге дiн еркiндiгi толығымен берiлген. Мұсылмандармен бiрге бiр мемлекетте тұратын “Аһл әл-Кiтап” өкiлдерiне шариғатымыз төмендегідей сегіз шешiм шығарған:

  1. Оларды дiнiн тәрiк етуге немесе белгiлi бiр ақидаға (сенiмге) мәжбүрлемеу. Жоғарыда айтқанымыздай Алла тағала Құран кәрiмде (“Бақара” сүресi 256 - аятында): “Дiнде зорлық жоқ. Тура жолмен азғындық (жiгi) айқын ажыратылды”,- деген. Мұсылман өзге дiн өкiлдерiн, тiптi дiнсiздi де кәпiрсiң деп ренжiтпейдi. Алай да оның күпiрлiгiне разы да болмайды. Дiнiмiзде күпiр iске разы болу күпiрлiк.

2.Әһлi-кiтап иелерi дiни рәсiмдерiн өткiзуге құқықты. Шiркеулерi бұзылмайды, бұттары қиратылмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзiнiң хадис шарифiнде:

 “Оларды дiндерiмен бiрге тек қойыңдар”,- деген. Яғни оларды ғибадат жасап жатқан дiндерiнен қайтармаңдар дегенi. Қайта мұсылман кiсiнiң әйелi насарани немесе яһуди болған жағдайда да оны шiркеуiне барып ғибадат жасауына тыйым салмайды.

  1. Ислам өзге дін адамдарына дiндерi рұқсат еткен тағамдарды жеп-ішуге тыйым салмайды. Кәпiрлердiң iшiнде Әһл әл-кiтаптар дайындаған тағамды жеуге болады (әрине дiнiмiзде халал саналған болса), сыйлықтары қабылданады. Құранда : “…кiтап иелерiнiң дайындаған тағамы, (бауыздағаны да) халал етiлдi”,-делiнген. Бiрде медине қаласында бiр яһуди Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) үйiне тамаққа шақырды, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) барды, алдына әкелген тағамнан жедi.
  2. Өз дiнiндегiлерiне үйлену, ажырасу еркiндiгi берілген.
  3. Ислам олардың абыройы мен құқығын қорғайды. Ұрыс – жанжал болған жағдайда да оларға әдеп сақтап, сыпайы сөйлеуге шақырады. Алла тағала Құран Кәрiмде (“Әнкабут” сүресi, 46-аятында):

 «іштеріңдегі зұлымдық істемегендермен басқа кітап иелерімен ең тамаша түрде (ғылыми. Саяси) талас жүргізіңдер. Оларға: “Бiз өзiмiзге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Сендердiң құдайларың да, бiздiң Құдайымыз да бiреу–ақ. Бiз соған ғана бойсұнұшылармыз”, - деп айтыңдар», - деген.

  1. қайғы қасіретте де Мұсылмандар мен мұсылман еместер өзара тең құқықты.
  2. Мұсылман әйелдiң кәпiрге күйеуге шығуына рұқсат жоқ. Ал, мұсылман ер кiсiлерге кәпiрлердiң iшiнде тек аһл әл-китап иелерiнiң қыздарын ғана некелеп алуға болады. Құранда: (Мұсылман) әйел, оларға (кәпiрлерге) халал емес, оларда бұларға (мұсылман әйелдерге) халал емес”. (Мұмтахина” сүресi, 10 аят). “Мүшрикке момын әйелдердi некелемеңдер” (Бақара сүресi, 221 аятта). “Мүмiндерден абыройлы әйелдермен және сендерден бұрын кiтап берiлгендерден (христиан, яһуди) де абыройлы әйелдермен мәһiрлерiн берiп, бой суытушы, астыртын көңiлдес болмай үйленулерiң халал етiлдi” (Маида сүресi, 5 аятта),-делiнедi.
  3. Мұсылман оларды қамқоршы, сырласушы тұтпайды. Құранда: “Мүмiндер мүмiндерден өзге кәпiрлердi дос тұтпасын…” (“Ғимран”сүресi, 28 аят). “Аллаға және ақирет күнiне иман келтiрген бiр елдiң - Аллаға, оның елшiсiне қарсы келгендердi дос санайтынын көрмейсiң…” (“Мұжадәлә” сүресi, 22 аят), - деген. Демек мұсылман мұсылманмен дос болғанындай, кәпiрмен мұсылман арасында достық болмайды. Дегенмен, Ислам мұсылмандарға оларды зиярат етуге, сырқаттанып қалса көңiлiн сұрауға және бiр – бiрiмен сауда – саттық жасау т.б. рұқсат етедi. Мысалы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеден көз жұмғанда сауытын яһуди бiр кiсiге кепiлдiкке қалдырып кеткен дi. Сахабалардың көпшiлiгi де құрбандық шалса қызметшiлерiне: “Еттi таратқанда яһуди көршiмнен бастағын”, - деп айтатын.

Омар р.а. халифалық кезiнде бiр күнi жолда кетiп бара жатып жолдың шетiнде қайыр сұрап отырған бiр қарт кiсiге көзi түседi. “Бұл кiсi кiм”,- деп мән–жайды толығымен сұрайды. Ол пәленше деген яһуди, қартайып iске жарамай осы жағдайға келiп отыр, -деп жауап естидi.

 “Жас кезiнде одан салық (жизия) алып, қартайғанда осылай тастауымыз әдiлдiк болмайды”,- деп ол яһуди кiсiге байтул малдан нәпақа бөлгiздi.

Қысқасы бейбiтшiлiк, татулық, қарым-қатынас пен көркем достық, жақсылық пен тақуалық, өзара жәрдемдесу секiлдi игiлiктi iстердiң барлығы да Ислам дiнi  уағыздарының негiзi. Өйткенi Ислам адамзат құндылықтарын бағалайтын жалпы адамзатқа арналған дiн.

Темур Аманқұлов,

Шымкент қаласы «әл-Біләл» мешітінің бас имамы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0