вторник, 12 ноября 2024 г.
icon
491.71
icon
529.97
icon
5.05
Алматы:
icon
4oC
Астана:
icon
-13oC
×

Ұлтаралық келісім - зайырлы қоғамның талабы

ХХІ ғасырдағы дінаралық қатынас – толерантты қатынас. Қоғамның толеранттылығы өздігінен пайда болатын нәрсе емес. Ол – тәрбие арқылы қалыптасқан қоғамдық жетістік. Бұл жетістік ел, ұлт құндылығы ретінде халықтың әдебіне, мінезіне әсері зор. Ал, мінездің негізі дінде. Дін сенім-білімнің сәулет жарығы арқылы келеді. Толеранттылық әр заманда адамзат үшін маңызды ұстаным болып табылды. Қазіргі жаһанданған әлем үшін оның маңызы еселеп артып отыр.  Қазақстан Республикасы – түрлі конфессиялардың мекені. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, тілді және конфессиялы Қазақстан үшін мейлінше күрделі мәселе. Бұл ұлттар мен ұлыстар түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің, діндер мен конфессиялардың тағдырлы тоғысы болып табылады. Сондықтан олардың қалыпты өмір сүруі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің де, азаматтық қоғамның да негізгі міндеттерінің бірі.

Бүгін Қазақстан әлемге тек мұнай өндіруші ел ретінде ғана емес, сондай-ақ бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы ретінде де жақсы таныс. Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды, осы заман үшін өзекті әлемдік діни, саяси, өркениетаралық мәселелерді шешу үшін жиналады. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының осындай кездесулерінің бірінде еліміздегі конфессияаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының  бір кездесуінде конфессияаралық келісім мен диалогтың негізгі принциптері айқындалды. Олар: толеранттылық, өзара құрмет көрсету мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік.

Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан діни наным бостандығын қамтамасыз етті, конфессияаралық диалог пен дінге қатысты құқықтық саясатты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бізде әртүрлі конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруі қамтамасыз етілген» - деп айтылған.

Қазақстан діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім ісінде терең тамырлар мен көне дәстүрлерге ие. Қазақстан көне заманнан бері көптеген мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған. Осылайша, ежелден-ақ біздің халқымыздың бойында этносаралық және конфессияаралық толеранттылық қалыптасты. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлтаралық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан.

Қазіргі таңда дүние жүзіне діни төзімсіздік, діни экстремизм және терроризм шынайы қауіп төндіріп тұр. Оларды ХХІ ғасырдың анағұрлым өткір мәселелеріне жатқызуға болады. Осыған орай, Елбасы Н.Назарбаев: «Бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат. Бұл Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттылығымызбен, ұлттық конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық әлеуеті бұдан ары қарай да сақталуға, дамуға тиіс».

Діннің негізгі мақсаты адамдағы барлық адамгершілік қасиеттерді сақтау және оларды дамыту, адамның өзінің «бет-бейнесін» сақтап қалуына көмектесу болып табылады. Қазіргі әлемнің, оның ішінде қазіргі Қазақстанның міндеті жалпы адамзаттық, гуманистік және толеранттылық құндылықтарды, конфессияаралық келісім, диалогты ғасырлар бойы әлемдік және дәстүрлі діндердің енгізген қағидаларын қазіргі жалпы әлемдік және адамзаттық өркениеттегі бейбітшілікті сақтап қалуға, белсенді пайдалануға саяды.

Конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің нығаюы үшін, діннің біріктіруші, рухани тұрғыдан құрушы фактор есебінде рөлінің күшеюі үшін діни мәдениет пен діни сананы қалыптастыру қажет. Ислам дінінде саяси—өмірдің барлық саласы қамтылған. Солардың бірі діни сенім және діни төзімділік мәселесі. Ислами идеяларды өркениеттік тұрғыда қабылдап, оларды еліміздің әлеуметтік – экономикалық даму жолында қолдана білсек, біздің қоғамдағы біраз мәселелер шешімін табар еді. 

Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндерінің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.

М.Өтелбаева, дінтанушы,

ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0