Заманауи мағынадағы зайырлылық қағидасы Еуропада пайда болған. Дегенмен, бүгінгі дамыған мемлекеттерде зайырлылықтың жүзеге асырылуы деңгейі әртүрлі. Жалпы айтқанда, зайырлылық мемлекет билігін діни тап өкілдеріне бермеу дегенді білдіреді, яғни, зайырлылық дегеніміз «дінсіздік» немесе «дінді жек көрушілік» емес.
Зайырлылық сөзінің сөздік мағынасын нені білдіретінін анықтап алайық:
Зайырлы (светский) орыс түсіндірмелі сөздігінде «шіркеулі емес», «азаматтық» немесе тәрбиелі деген мағыналарды білдіреді.
Лаицизм - грек тілінде «лаикос»- халықтық, және француз тілінде Laicite- тіке мағынасы- зайырлылық, діни емес деген сөзден- Laique- «зайырлы» дегенді білдіреді.
Жалпы зайырлылықтың үш түрлі үлгісі қалыптасқан:
Зайырлылықтың секуляристік үлгісі.
Зайырлылықтың – сепаратистік үлгі.
Зайырлылықтың үшінші – таңдамалы негіздегі үлгі.
Жоғарыда айтылып кеткендей зайырлылықтың бірінші үлгісі –секуляристік үлгі. Қазақстанда КСРО кезеңінде қатаң режимді яғни, зайырлықтың үлгісі секуляризмді бастан кешірді. Ол кезеңде атеистік насихат қарқынды жүргізілді, «Дін апиын!» деп ұрандатылды. Кеңестік дәуірде діннін адамзат тарихындағы орны теріс түсіндірілді. Дін –адам санасын улайтын, жаңалыққа, ғылымға қарсы, барлық өзгерістердің, табыстардың бәрін құдай жасап отыр деп түсіндіретін– нағыз кертертпа, үстем таптың жоғын жоқтаушы, соның сойылын соғушы деген сипатта оқытылып, діннің қызметіне теріс баға берілді. Осының салдарынан Кеңес елі халықтарының, соның ішінде Қазақ халқы да дінге қарсы рухта тәрбиелнді. Ұжымдастыру, тәркілеу және саяси науқандарда дін иелерін жаппай қудалады, мешіттерді жапты, қиратты, қара халық діни ғибадаттарды жасырын жасауға мәжбүр болды. Содан бері дін мемлекеттік істерге, саясатқа араласа алмайды. Орталық Азияда және Қазақстанда бір ғана дін басқарма жұмыс жасады, оның орталығы Ташкент болды.
Ал КСРО-ның Конституциясының 6 – тарауында былай делінген:
4 статья. СССР азаматтары тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, нәсілі мен ұлтына, жынысына, біліміне, тіліне, дінге көзқарасына, кәсібінің түрі мен сипатына жағдайларына қарамастан Заң алдында тең.
52 статья. СССР азаматтарының ождан бостандығына, яғни қандай да болсын дінді ұстау немесе ешқандай дінді ұстамау, діни ғұрыптарды атқару немесе атеистік насихат жүргізу правосына кепілдік беріледі. Діни сенімге байланысты араздық пен өшпенділікті қоздыруға тыйым салынады. СССР-де шіркеу мемлекеттен, ал мектеп – шіркеуден ажыратылған.
Жоғарыда келтірілген баптардан байқағанымыз, Кеңестік мемлекетте ресми түрде діни сенім-нанымға тыйым салынбаған және ол мемлекеттің бас құжаты Конституциямен бекітілген. Дегенмен, тарихтан білетініміз КСРО-да «Ғылыми атеизм» пәні оқытылған болатын. Яғни, Конституция бойынша тыйым салынбағанымен, мемелекет білім беру саласы арқылы азаматтардың қандай да бір дінді ұстануына кедергілер келтіріп отырған. Нақтырақ айтатын болсақ, дін адамдардың бостандығын шектейтін, миын улайтын құрал ретінде түсіндірілген және бұл мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылған. Тиісінше, азаматтардың діни еркіндігін қамтамасыз ету мақсатында ешқандай теология тақырыбында лекциялар, оқу курстары болмаған. Бұл жоғарыда келтірілген баптарға қарама-қайшы келетін құбылыс болып табылады. Сонымен қатар, бір ғана 52-баптың ішінде діни сенім бостандығына кепілдік бере отырып, дәл сол бап арқылы діни уағыз жасауға болатыны жөнінде бір ауыз сөз айтылмайды да, керісінше атеистік насихат жүргізу құқығын Конституциямен негіздеп береді. Бұның өзі КСРО-дағы дін мен мемлекет арасындағы қатынастардың түбегейлі, біржақты шешілмегенін көрсетеді.
Атеизм – құдайға сенуді жоққа шығаратын көзқарастар жүйесі, бүкіл дін атаулыны жоққа шығару. Атеистік насихатты қарқынды жүргізу туралы арнайы қаулылар қабылданды. Жоғары оқу орындарында «Ғылыми атеизм негіздері» курстары жүргізілді. К.Маркс, В.И. Ленин еңбектеріне сүйеніп, дін - қоғам дамуының тежеуші деп түсіндірді. Мәселен: Дін дүниені фантастикалық теріс түрде түсіндіреді. К.Маркс оны «халықтың басын айналдыратын апиын» деп – сипаттады. Шынында да, дін адамдардың санасын уландырып, басын айналдырады, адамды « о дүниедегі өмірге» дайындалу керек деп, жер бетіндегі сәулетті, бақытты тұрмыс құру үшін белсенді күресіне өзінің күш-жігерін сарқа пайдалануға кедергі жасайды.
В. И. Ленин «Социализм және дін» деп аталатын еңбегінде: «Дін дегеніміз - өмір бойы басқа біреулерге жұмыс істеумен, мұтаждықпен жаншылған халық бұқарасын барлық жерде бірдей басқан рухани езгінің бір түрі. Жабайы адамдардың табиғатымен күрестегі әлсіздігінің құдайға, жын-шайтандарға, кереметке, т.с. нануды туғызғаны сияқты, қаналушы таптардың- қанаушылармен күрестегі әлсіздігімен де ол дүниедегі жақсы тұрмысқа нануды сөзсіз туғызды. Бүкіл өмірін жұмыс істеп , мұқтаждықпен өткізіп жүрген адамады дін бұл дүниеде шүкіршілік етуге, шыдамдылыққа үйретеді, құдай о дүниеде жарылқайды деп деп жұбатады. Дін – капитал құлдары өздерінің адамшылық бейнесін, адамға лайық азды-көпті тұрмыс жөніндегі өздерінің талабын тұншықтыратын рухани удың бір түрі»деген.
Жалпы қазақ халқын дінінен алыстату мәселесі Кеңес өкіметіне дейін Ресейдің отарлау кезеңінен-ақ байқауға болады.
Ревалюцияға дейін Қазақстанда мұсылман мектептері мен медреселерде, не «орыс-қазақ», «бұратаналық», ауылдық мектептерде оқып, бастауыш білім алуға болатын еді. Мұсылман мектептері мен медреселері байырғы ұлттардың балаларына білім және тәрбие берудің негізгі , ал Ресейдің отарлауы басталғанға дейін бірде-бір буындары болды. Бұл мектептер мен медреселердің басты мақсаты діни білім беру болғанымен, олардың оқу бағдарламаларында зайырлы пәндердің де елеулі орын алғанын атап өткен жөн. Оқыту және тәрбиелеу әдістерінің қаншалықты жетілдірілмегеніне қарамастан, бұл мектептер мен медреселер мешіттің ғана емес, сонымен қатар қоғам мен мемлекттің де мүдделеріне қызмет етті. Медреселердің оқу бағдарламаларына пәндердің мынадай топтамалры енгізілді. 1) араб тілі, грамматика, морфология, синтаксис, этимология, араб риторикасы, араб тарихы, Құран оқу туралы ғылым және ғылыми пікірсайыстар; 2) дін ілімі мен заңтану – Құранның мазмұны мен маңызы, құқық, діни ережелер, мұраны бөлу туралы ілім, заңтану негіздері; 3) философия, логика, математика, география, астрономия, химия және жаратылыстану ғылымдары.
Отарлау кзеңінеде, әсіресе XIX ғасырдың аяғы - XX ғасырдың басында өкімет орындары мұсылман мектептерінің өміріне араласпауы туралы сөз жүзінде мәлімдей отырып, орыс-бұратана ұлттар мектептері желісін кеңейту және басқада шаралар арқылымедреселерде оқитын мұсылман мектептерінің қызметін бейтараптандыру жөнінде белсенді шаралар қолданды, олар қазақ халқының арасында исламшылдық және түрікшілдік идеяларды тарату жөніндегі қамалдар деп қарастырылды.
Діни мектеп ретінде, мұсылман оқу орындары діни мекемелерге ғана бағынышты болуға тиіс еді, сондықтан да мұсылман мектептеріне ықпалын шектеп, оларды азаматтық мектептермен қосуға наразылық білдірілді. Алайда бұған қарамастан 1874 жылы Қазақстанның мұсылман мектептері Халық ағарту министрлігіне тікелей бағындырылды. Империялық үкімет мұнымен тоқталмай, 1876 жылы мұсылман мектептеріне орыс сыныптарын енгізіу арқылы орыстандыру жөнінде тағы бір ірі қадам жасады. Халық ағарту министрлігінің ресми мандатын алған орыс әкімшілігі мұсылман мектептерінің жанынан орыс сыныптарын ашуға белсене кірісті, мұның өзі мұсылман мектептері жанындағы орыс сыныптары орыс мемлекетінің үстемдігін орнықтыруға қажет деп санаған отаршылдық әкімшіліктің қалың тобына қатты ұнады.»Көшпелі болса да, мұсылман болса да, қазақ орыс тілін білуге тиіс, өйткені бұл – Мемлекеттік тіл, үкіметтік және сот орындарында іс сол тілде жүрзгізіледі». Мұсылман оқу орындарына қатаң талаптар қойылды, оларды бұзылуын отаршылдық әкімшілік үнемі қудалап отырды. Бірақ бұған қарамастан Қазақстан аумағында мектептер мен медреселер саны үздіксіз өсе берді, өйткені оқуға тілек білдірушілер саны барған сайын арта түсті.
Кеңес үкіметі қазақ сияқты ұлттарға арналған, әсіресе «Россия мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшілеріне» деген үндеуінде(1917ж., 20 қараша) оларға теңдік, өзін-өзі билеу, дербес мемлекет құруға дейінгі құқықтары туралы уәде берген болатын. Діни наным-сенідер, салт-дәстүрлердің, ұлттық мәдени орындардың дербестігіне ұлттық тұрмысытың өз қалауынша, кедергісіз дамуына кепілдік берілді. Діннің ұлт санасындағы орнымен есептесе отырып, алғашқы жылдары кеңес соттарымен қатар шариғатқа негізделген қазылар, билер соттары жұмыс істеді. Кеңес мектептерімен қатар діни мектептер, медреселер діни білім берді. Түркістан Коммунистік партиясының Орталық комитетінің жанында Мұсылман бюросы (Мусбюро) құрылды. Ол жергілікті ұлттар тілінде газет-журналдар шығарып, ұлттық мамандар даярлау ісіне араласты, ұлттық армия құру жұмысымен шұғылданды. Бірақ үкіметтің дінді қатал таптық принциптер аясына тығуы халықта күмән туғыза бастады. Дін мен социализм идеяларының ымыраға келмеуі дін өкілдерін жаңа заманға бейімделуге мәжбүр етті. Мұхаммд пайғамбардың өсиет-хадистерінің социалистік бағытта екендігі, марксизм мен ислам бір-біріне қайшы келмейтіндігі уағыздалды. Бұл коммунистік партия қатарына діндар адамдардың көбірек кіруіне әкелді. 1920 жылдардың екінші жартысында бұл теория қатты сынға алынып, дінге қарсы ашық шабуыл басталды. Шын мәнінде, оның мақсаты социалистік идеологияны жаңа дінге айналдыру еді. Ұлттық діни наным-сенімдер, дәстүрлер еленбей, аяққа басыла бастады. Әсіресе сот, прокуратура, басқа да заң орындарында ұлттық әдет-ғұрып, ерекшеліктер ескерілмеді. Дінге қарсы күрес 1929 жылы араб жазуын латын алфавитімен алмастыруға әкелді.
Қазақстандағы мұсылмандық секуляризациялануы ел көлеміндегі болып жатқан жалпы тарихи, саяси-әлеуметтік және қоғамдағы ғылыми-мәдени жетістіктердің әсерінен ғана емес, сонымен қатар кеңестік үкіметтің барлық деңгейінде діндарлардың өміріне бақылау орнатуымен сипатталады. Діни сенім, негізінен ауылда, мұсылман халықтары көп қоныстанған елді мекендерде, отбасы тәрбиесі мен халықтық әдет-ғұрыптардың сақталуымен өз тамырын сақтап тұрды. Ал елдегі діни өкілдік - қазиат деңгейіндегі басқарма қызметі болса, ол негізінен пітір-садақа жинаумен шектелді десе де болады. Молдалық қызметпен, әсіресе, кеңес үкіметі соңғы жылдарында мұсылманша шала сауаттылар айналысуына тура келді. Ол да болса халықтың діни сенім қажеттіліктерін өтеумен қатар, діни сананың сақталуына себепкер болды. Бірақ өздігімен молдалықпен айналысудың өзі кеңестік заманда оңайшылыққа түспегені белгілі. Оған мына бір айтылғандар айқын дәлел: «Серьезную озабоченность вызывает незаконная деятельность т.н. самозванных мулл которые стремятся сохронить живучесть религии и на этой основе обеспечить корыстную цель – наживу. Для этого они активно пропагандируют идеи и догмы ислама, религиозные обряды. Поэтому с участием мулл хоронят почти всех умерших». Бұл кеңестік заң бойынша қылмыс саналып, онымен айналысқан адамдар жазаға тартылды.
Кеңес үкіметі барлық діндердің тыныс-тіршілігін қатал қадағалауға алды, әсіресе, сектанттық ұйымдарға ерекше көңіл бөліп, сақтықпен қарады. Олардың іс-әрекеттері партия мен үкімет органдары, мамандар тарапынан сарапқа салынып, талданып бақылауда болды. Басты себеп – олардың діни сенімдері мен діни жоралғыларының кейбір ерекшеліктерімен байланысты болды. Олардың ілім-сенімдері талаптарынан шықпай, діни-ғұрыптарын, дәстүрлерін сақтауы, соның жолындағы әрекеттері, тіпті діни сенім туралым заңды мойындаудан бас тартулары барлығы кеңестік үкімет тарапынан діни экстремистік пиғылдағы іс-әрекеттері деп танылып, оларға қарсы қатал шаралар қолданды.
Кеңестік дәуірде тек қана дініміз емес ата-бабаларымыз ұстанып келген асыл мұраларымыздан да айырылып қала жаздық. Қазақтың салт-дәстүрлері дініміз ислам дінімен тығыз байланысты еді. Ұлттық тәрбиеміздің негізі Ислам дініде, оның ішінде бабалырмыз ғасырлар бойы ұстанып келген Ханафи мазхабында болатын.
Мәди Бесбаев, дінтанушы
ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ